Спорт комментаторының қисық сөздері

Спорт комментаторының қисық сөздері

Спорт комментаторының қисық сөздері
ашық дереккөзі
965

Өткен демалыс күні спортсүйер қауым телеарнаның алдына жиналған. Спорт дегенде ішкен асын жерге қоятын халық емеспіз бе?! Осы жолы жұрт астаналық «Барыс» командасының қызу әрі тартысты ойынына куә болды.

«Барыс» бірінші айналымдағы соңғы кездесуін жеңіспен аяқтады. Бұл сында Владимир Крикуновтың шәкірттері Санкт-Петербор қаласының «СКА» клубын қабылдап, үш ұпайды қоржынға салды. Дегенмен, кездесуді ширақ бастаған қонақтар 2-0 есебімен алға шықты. Әуелгіде Тони Мортенсен командасын алға шығарса, келесі сәтте Александр Осипов есепті еселеді. Қарымта шабуылға шыққан астаналық хоккейшілер үш шайбамен жауап қайтарды. Бұл сәттерде мергендігімен танылған Дастин Бойд, Найджел Доус және Константин Пушкарев жанкүйерлер қуанышына бөленді. Соңғы үзіліс алдында Патрик Торесен есепті теңестірген. Ал үшінші кезең басталғаны сол еді, жеңіске ұмтылған «Барыс» командасы екі шайба айырмашылығымен алға шықты. Бастапқыда Дмитрий Уппердің қанжығасы майланса, келесі сәтте Максим Спиридонов командаластарының қуанышына бөленді. Астананың «Барыс» командасы «СКА» командасын 5:4 есебімен жеңді. Енді «Барыс» плей офф кезеңінде «Трактормен» кездеседі. Айтпақшы, кездесу соңына қарай астаналық Михаил Григорьев пен питерлік Игорь Макаров ойын алаңында жекпе-жекке шықты. Әуелгіде алып денелі Макаров жерлесімізді төпелеп тастаған. Ал қарсыласының жұдырығына дес бермеген Григорьев сол қолымен Макаровты сылқ еткізіп құлатқанда көпшілік көрерменнің жүзінен ерекше қуанышты байқадық. Нағыз ерлердің ойыны деп саналатын хоккейде ондай-ондай бола береді емес пе?! Бұл жерде айтпағымыз басқа мәселе. Спорт ойындарында міндетті түрде бәсеке болады. Бәсеке бар жерде жеңіс те, жеңіліс те қатар жүрмей ме? Осындайда спорт комментаторлары көңілге қонымсыз пікірлерімен эфирді былғайтындығына қайран қаласың. Біз астаналық «Барыс» пен питерлік «СКА» командасының ойынын тікелей эфирден тамашаладық. «Астана» телеарнасының спорт комментаторы Самат Қанағатовтың сөз орамдарын мысалға келтірсек, «Өзіне сол керек, шамасына қарамай ма?! Таяқ жейтіні бар, неге келді?» деген сияқты орынсыз сөздерді тізбелеп кете береді. Турасын айтсақ, бұл көргенсіздікке саятын әдет. Әрбірден соң комментатордың бұлай сөйлеуіне кім құқық берді? Спорт комментаторы ойын барысындағы жайтпен таныстырып, көрерменге кеңірек мәлімет беруге тырыспай ма? Ал Саматтың орынсыз айтылған сөздері екі команданың ортасына от жағып отырғанға ұқсайды. Біз Самат Қанағатовтың қарсылас команда ойыншыларын кекетіп-мұқатып сөйлейтінін жиі байқаймыз. Бұл – журналиске абырой әпермейтін әдет. Өз командаңды шын сүйсең де, қарсылас команданы да қадірлей білу керек. Құрметтей білуіміз керек. Өйткені әрбір спортшы ең әуелі өз ісінің кәсіби шебері. Әркім шама-шарқынша ойнайды. Мен осыған дейін спорт комментаторлары туралы «КСРО-ны көксеу комментаторларымызға әдет боп кеткен сияқты» атты шағын мақала жазған едім. Расында, елімізде «Совет мектебінің түлектері» деп өзеурей жөнелетін спорт комментаторлары жиі байқалады. Бір сөзбен айтсақ, спорт комментаторларын тәрбиелейтін арнайы мектептің қажеттігін өмір байқатып отыр. Әйтпесе спорт комментаторы ретінде эфирде бейсауат пікірлерін тықпалай беретіндер қатары кемитін емес.
Жәнібек Әшім

Серіктес жаңалықтары