Обырға қарсы күрес күні

Обырға қарсы күрес күні

Обырға қарсы күрес күні
ашық дереккөзі
416

Дүниежүзілік обырмен қарсы күрес күні Обырға қарсы халықаралық одақтың бастамасы бойынша және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдау көрсетуімен 2005 жылдан бастап жыл сайын 4 ақпанда атап өтіледі.

Осыған орай, кеше «Обыр бұл кесілген үкім емес: алдын алу мен тұрақты скринингтен өту – обырдан қорғанудың ең жақсы жолы» тақырыбында баспасөз мәжілісі өтті. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі Ұлттық орталық пен Алматы қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен бұл шараның басты мақсаты – азаматтарды тегін тексеріске шақыруды, обырға қарсы күресті насихаттау.

Бүгінде обыр тек денсаулық сақтау мекемелерінің емес, тұтас мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік мәселесіне айналды. Қатерлі дерт әлемдегі, әсіресе, дамушы елдердегі өлім-жітімнің басты себептерінің бірі. Қазақстанда жүрек ауруларынан кейінгі орынды осы обыр дерті алады. Өкініштісі, елімізде онкологиялық аурулардан жылына 17000 адам көз жұмса, олардың 42 пайызы еңбекке қабілетті азаматтар екен. 2006 жылмен салыстырғанда, 2011 жылы обырдан көз жұмғандардың саны 11,9 пайызға төмендеген. Бұған бірден-бір себеп – алдын ала тексеру және емдеу шараларының жүргізілгендігі .

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» ұранын ұстанған ұйымдастырушылар ерте сатыда ауруды, қауіп-қатер факторларын анықтау және асқынуды алдын алу үшін белгілі жастағы тұлғаларды профилактикалық медициналық тексеруден өтуге шақырды. Қазақстанның барлық аймақтарында 1-10 ақпан аралығында тегін скринингтер өткізілуде. Соған байланысты, әр азамат өзі тіркеуде тұрған емханаға барып, толық тексеруден өте алады.

Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ,

ҚазҰУ-дің студенті

Серіктес жаңалықтары