Қайтқан малда қайыр бар
Қайтқан малда қайыр бар
Бір ғажабы кезінде арзанға сатылған акцияларды бүгінде миллиондармен қайтарып алудамыз. Қазақстан «N» блогында «ConocoPhillips» америкалық компаниясының үлесін 32 миллион АҚШ долларына алды. Бұл туралы Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев хабарлады.
Аталмыш американдық компания акцияларын сатады деген хабар тарағалы бірталай уақыт болды. Тіпті оның акцияларын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өзіне сатып алады деген болжам талай әңгіменің өзегіне айналды. «ConocoPhillips» компаниясының елімізде бірнеше мұнай кеніштерінде активтері бар, соның қайсысын өткізетіні белгісіз болып келді. Ал сарапшылар компанияның күнкөрісі қиындап кеткендіктен шығар жол іздеп әлек деген пайымдаулар айтқан едік. Газетіміздің өткен санында «Қиқуы көпке созылған Қашаған» атты мақала жарияланған болатын. Мұнда «ConocoPhillips» Қашағандағы өз үлесін сататыны туралы айтылған. «Кейбір дерек көздеріне сенсек, бұл компанияның активтерін Қазақстан сатып алмақшы. Өйткені компаниядан түсетін пайда 14 пайызға төмендеп, 15 миллиард доллар табыстан қағылған. 2012 жылдың соңына дейін ConocoPhillips Қашағандағы 20 миллиард доллар тұратын активтерін әлі де саудаға салуы мүмкін. Бизнес саласындағы басылымдардың дерегіне сүйенсек, бұл сауда ConocoPhillips-тің қиын қаржылық жағдайын жақсартуы мүмкін» делінген. Ендеше бұл сырдың ақиқат екені 2013 жылы баршаға аян болды.
Алайда Сауат Мыңбаев мырза кезінде америкалық компания активтерін «ҚазМұнайГаз» компаниясының сатып алатыны жөніндегі ақпаратты теріске шығарған болатын. «Қашаған кенішін игеру бойынша консорциум акционерлерінің бірі ConocoPhillips компаниясы осы кенішті игеру жобасында өзінің үлесін (8,4%) сату туралы ешқандай құжаттар тапсырған жоқ. Сату және сатуға тілек білдіру туралы ешкім айтқан жоқ, бұл әзірге сөз жүзінде. ConocoPhillips тек өз үлесін сата алатынын хабарлады, әзірге басқа ештеңе білмейміз», – деп растаған министр мырза. ConocoPhillips – Қашаған кенішін игеретін жеті трансұлттық алпауыттың бірі. Сондай-ақ Kazenergy форумында Қазақстан тарабы америкалықтармен келісімге келе алса, Қазақстанның Қашағандағы үлесі 25 пайызға ұлғаятыны талқыға түскен.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының Қашаған кен орнында ConocoPhillips үлесін иеленуі жөніндегі мәселе Үкімет деңгейінде алдағы уақытта талқыға салынады деді министр. «Қазақстан Қашағандағы ConocoPhillips үлесін әлі сатып алған жоқ. Ведомствоаралық комиссия өзінің жұмысын жалғастырып жатыр. Шешім қабылдау үшін бізде уақыт бар», – деді С Мыңбаев. Америкалық компания Қашаған жобасындағы 8,4 пайыздық үлесін 5 миллиард долларға сатпақшы. Financial Express басылымының жазуынша, үндістандық ONGC Videsh Ltd ұлттық компаниясы Қашағаннан үлес алуды бірнеше жыл бойы аңдып келеді. Бірақ келісімнің болашағы қазір Қазақстан Үкіметінің қолында, шілде айында бұл келіссөз толыққанды шешіледі.
Қашаған – әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі. Одан ешкім оңайлықпен бас тартпайды. Сондықтан ConocoPhillips «Н» жобасындағы 75,5 пайыз үлесін 32 млн. долларға сатып алмақшы. Сауат Мыңбаевтың айтуынша, компанияның 100 пайыздық акциясы үшін 35 млн. доллар төленген. Аталмыш мәміленің арқасында ҚазМұнайГаз жоба операторы болып табылатын «Н Оперейтинг Компанидің» 75,5 пайыздық үлесі мен «Н» («Нұрсұлтан») жобасы бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының 75,5 пайызына ие болды. Жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарт талаптарына сәйкес, жобаға ҚМГ мен үлесі 24,5 пайыз MДК (Ойл & Газ Н Блок Қазақстан) қатысады.
«Н» блогы – Қазақстанның мұнай-газ кен орны, Ақтау қаласынан оңтүстікке қарай 75 шақырым жерде, Каспий теңізінде орналасқан. Кен орнының ауданы 8100 шаршы км.-ді құрайды. Нұрсұлтан кен орны «Н» жобасына кіреді. Кен орнына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген. Кеніштің мұнай қоры – 1-6 млрд. тонна аралығында ауытқиды. Ал газ қоры – 500 млрд.-тан 4 трлн. м3 шамасында.
Ақниет ОСПАНБАЙ