ҚЫТАЙ «бумерангы» деген не?

ҚЫТАЙ «бумерангы» деген не?

ҚЫТАЙ «бумерангы» деген не?
ашық дереккөзі
502

Австралия құрлығында атам заманнан бері тұрып келе жатқан аборигендердің жабайы аң-кұстарды аулауға арналған тамаша бір құралы бар. Оның аты «бумеранг» деп аталады. Ол ауыр сүйектен, тығыз ағаштан қашалып жасалады. Пошымы «Г» әрпіне жақын келеді. Бумерангты жабайы аңға не құсқа бағыттап лақтырады. Кішігірім аң-құсқа бумеранг дәл тисе, оны сеспей қатыратын көрінеді. Ал егер, бумеранг көздеген нысанадан мүлт кетсе, онда ол – аңшының қолына қайта кері айналып, ұшып келеді. Өте «ақылды» құрал. Бірақ менің айтайын деген әңгімем басқа…

«ҚЫТАЙ» АТАУЫН БІЗДІҢ

БАБАЛАРЫМЫЗ «СЫЙЛАҒАН»

Қытайлықтар өздерін ешқашан «қытаймыз» деп атамайды. Олар өздерін «хань» ұлтымыз деп сипаттайды. Осы мемлекеттегі 1,3 миллиард халықтың 92 пайызын ханьдар, қалған жүз миллионын басқа ұлттар мен ұлыстар құрайды. Олардың ішінде біздің 1,5-2 миллион қандастарымыз да өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине, мұхитқа тамған тамшыдай-ақ шама. Қытайдағы қытайландыру саясатының күннен күнге өршіп бара жатқанын ескерсек, енді бір 40-50 жылда ол қандастарымыздың қытайланып (ханьданып) кетуі әбден мүмкін. Жер бетінде 7 миллиардтай адам өмір сүріп жатқанын көбіміз білеміз. Үнді халқының да саны 1 миллиардтан астам, шет елдерде тұратын ханьдар мен үнділіктер сол 7 миллиардтың жартысын кұрайды. Мынадай қарапайым мысал келтірсек: кез келген 7 адамды алайық. Соның үш-төртеуі хань мен үнділік болса, қалған үшеуі – дүниежүзінің басқа да мыңдаған ұлттары мен ұлыстары болып шығады. Қазаққа әлгі қалған үшеуінің біреуінің саусағы, не бақайы тие ме, тимей ме? Ал, тиген күнде, абайсызда адам саусағынан, не бақайынан айырылып қалуы ғажап емес. Бірақ, адам онша қиналмай-ақ, әрі қарай түк болмағандай өмір сүре береді. Тек анда-санда ғана шолақ саусағына, не бақайына көзі түскенде ғана аздап қобалжуы мүмкін. Бірақ бұл жағдай саусақ, не бақай үшін – қасірет, өлім ғой.

Сондай қауіп біздің де халқымызда бар.

Енді сөз басындағы «қытай» деген атауға қайта оралайық.

Тарих әдебиеттерін ақтарсаңыз, Хань мемлекетінің әптер-тәптерін жиі-жиі шығарған қидан, қарақытай, шатолар туралы деректерді кездестіреміз. Х ғасырда Қиыр Шығыста шатолар өз мемлекетін құрып, қидандар Корио (кәрістер) мемлекетімен шектескен.

Қидандар Бейжіңді басып алып, Ляо мемлекетін құрған. Белгілі түркітанушы Лев Гумилев өзінің «Қиял патшалығын іздеу» атты еңбегінде: «…қидандардың өзі осынау халықтың оңтүстікке қарай жылжып барып, кіндік империя әулетінен біраз үлес алған үшінші тармағы ғой, ал біз бұл империяны оның жауының атымен – Китай – Қытай деп кеттік», – деп жазады.

Сол еңбекте «Хуан Чаоның көтерілісі Тан мемлекетін әлсіретіп кеткен кезде, қидандар Шығыс Азияның өзгелерден гөрі қуаттырақ және тығыз бірлескен халқына айналды. Қидан мемлекеті сегіз тайпадан құралып, оны үш жылға сайланатын жалпыға ортақ бір көсем басқаратын» деген жолдар бар.

Бірақ, қазір қидан, шато, қарақытай атты не ұлт, не ру, не тайпа жоқ. Сонда олар қайда кеткен?

Санкт-Петербургтік ғалым Л.Викто­рованың пікірінше, VІІІ-Х ғасырларда «сегіз оғыз» деп аталған түркі тайпа­лары Х ғасырдан бастап «найман» деп аталған және бұл атауды оларға моңғолдар берген. 947 жылы қидандар қазіргі Моңғолия жерінен қырғыздарды қуып шығып, өз мемлекетін құрды. Сол наймандардың Төлегетайынан – Қытай, одан Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл тарайды.

Танымал ғалым Сәрсен Аманжолов осы төртеуін қарақытай, яғни қарақидандардың тайпасы дейді. «Қытайды» тайпалар одағының аты деп қабылдайды.

Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде қазіргі қытайларды табғаш немесе тавгаш деп атаған. Ал усун, қырғыз, татар, ашиналармен – түркі тайпаларымен қоса, қытай атауы да аталады. Садыр, Матай, Төртуыл және Қаракерей – Қытай атты тайпалар одағын кұрып, XII ғасырдан кейін наймандар одағына қосылған. Махмұд Қашқари: «Дивани Лұғат ат-түрік» (XI ғ.) атты шығармасында да қытайларды түркі тайпаларына жатқызған.

Грумм-Гржимайлоның еңбектерінде Садыр тайпасының ханьдарша Шато болып аталатынын кездестіруге болады. Қытайларда (ханьдарда) «р» дыбысы жоқ, сол себепті Садыр – «Шадо», «Шато» деп дыбысталған.

Матайлардың ішінде «қара» атты ел де бар екенін ескерсек, дәлеліміз сенімдірек болар деп ойлаймыз.

ЛЯО, ШАТО МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ХАНЬДАНЫП КЕТУ СЕБЕПТЕРІ

Оған негізгі үш себеп әсер еткен. Жеңілген ханьдар ақылгөй ақсақалдарын жинап, жасырын кеңес құрыпты. Ақылдасып, дауласып, ақырында мынадай шешімге келеді: жау әскерлерінің жыныстық табиғи осалдығын өздеріне қару ретінде қолдануды іске асыру керек. Ол үшін жау әскерлері бір көргеннен естерінен танып қалатын ең сұлу кыздарды таңдап, әр жауынгерге әйелдікке сыйлауды қарқынды түрде жүзеге асыру қажет. Айналасы бір-екі жылда әр жау әскерінің үйінде бір-екі нәресте дүниеге келеді. Ханьдардың сұлу қыздарына үйленіп, одан нәресте сүйген жауынгерлер өз тілдерінде сөйлеуге намыстанып, ханьша сөйлеуге мәжбүр болды. Одан ары тек хань тілінде сөйлейтіндер ғана басшылық қызметке тағайындалады. Сөйтіп, бас-аяғы 20 жылда жау әскерлері түгелдей хань елінің ішінде еріген тұздай жоқ болып кетеді де, тек хань ұлтына қызмет етеді.

Хань ғұламалары өздеріне билік еткен жауларының өз ана тілін, ұлттық кұндылықтарын бағаламайтын өкілдерін қымбат сыйлықтармен марапаттауды ұмытпаған. Олардың ханьдар ойлап тапқан жібек матадан киім киюлеріне мол жағдай жасаған.

Дәл осындай құйтырқы, іріткі саясат ғұн дәуірінде де орын алған.

«БУМЕРАНГТЫҢ»

ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ

Соңғы кездері ақпарат құралдарының елімізге заңсыз жолмен келіп, еңбек ақылары өте жоғары жұмыс орындарын иемденіп алған аспанасты елінің азаматтарының тым еркінсіп кеткендігі жөнінде хабарлар таратуы жиілеп кетті. Оған дәлел, Ақтөбе облысындағы кен орнындағы қазақтар мен қытай жұмысшылары арасындағы қарулы қақтығысты келтіруге болады.

Қазақ жұмысшыларының тұрмыс ахуалы қытайлардікінен әлдеқайда нашар, жалақылары бірнеше есе төмен, жұмыстың ауыр да, лас түрімен ғана айналыса алатындықтары олардың ашу-ызасын тудырған. Қытайлық мұнай өндіру компаниясының басшылары қазақтарды таңертеңгілікте қытайлықтармен қосылып, қытай әнұранын айтуға мәжбүрлеген екен!

Кейбір мәліметтер бойынша, қазір елімізде 300000-нан 500000-ға дейін аспанасты елінің өкілдері тайраңдап жүрген көрінеді. Көбі еліміздің азаматтығын алып алған сияқты. Қазақ қыз-келіншектеріне үйленіп, нәресте сүйіп жатқандары да аз емес.

Ертеректе, Қытай мен Кеңес одағы араз кезде, қытайлар елімізге ене алмаған болатын. Оған кедергі кел­тір­ген шыңдары бұлтқа тірелген Жоңғар Алатауы! Жаратқан өзі бізді қытайланып кетуден осы Асқар тауды шекарамызға орналастырып, қорғап қалған десек, қателеспейміз.

Енді оларға жол ашық, «Достық жолымен», Қорғас асуымен және ұшақпен асқар тауымызды емін-еркін «аттап» өтіп, топ-тобымен келіп жатыр. Бүйте берсе, ары кетсе жарты ғасыр өте, ата-бабамыз «сыйлаған» Қытай атауы, өзімізге қайтадан таңылуы әбден мүмкін!

Қанат Төребаев

Қаратау қаласы

Серіктес жаңалықтары