ШЫЛАУШЫННАН ШЫЛАУШЫН ТУАДЫ...

ШЫЛАУШЫННАН ШЫЛАУШЫН ТУАДЫ...

ШЫЛАУШЫННАН ШЫЛАУШЫН ТУАДЫ...
ашық дереккөзі
514

Қай кезде болмасын, қандай оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолданбайық, мұғалім үшін қол жеткізер нәтиже оқушы білімінің сапасы болып табылады. Мемлекеттік білім беру саласы қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі – жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану арқылы білім — білік дағдыларын лайықты дәрежеде оқушыға жеткізу, оның ақпараттарды өзі іздеп табуына түрткі болу, интуиция, білім, технологияны шебер ұштастыру. Оқыту жүйесінде көптеген өзгерістер болуда, жаңа әдістемелік жүйелер, түрлі әдіс-тәсілдер пайда болды, қажетіне қарай түрлендіру мұғалім еркінде.

Үш-төрт айдан бері жоғарғы санатты екі мұғалімнің қазақ тілін үйрету әдіс-тәсілдерін сырттай қадағаладым. Бірі сабақты тек әңгіме негізінде, оқушылар оқығысы келсе, қимылдап, оқығысы келмесе, қазақ тілін демалыс сабағына айналдырып, өзі де демалып, өзгені де қарық кылып, қасындағы мұғалімдердің жасаған қосымша тест жұмыстары мен пысықтау тапсырмаларын көшірме жасап таратып, оны өзі талдай да алмай отырғанын көрдім. Тіпті, бір сабағында тақтадағы оқушының морфологиялық талдауындағы қатені түзете алмай, «менің» деген сөзді «мен» жіктеу есімдігі, «і» табыс септігі жалғауы, «ң» жіктік жалғауы деп одан арман шатыстырып, бір оқушының «жіктік жалғауының етістікке қатысы бар ма?» – деген сауалына: «Жоқ, ол тек зат есімдерге ғана тән»,- деп үш қайтарып әдемілеп тұрып айтуы шошындырды. Не атып тұрып түзетуге тағы болмайды, оқушылар алдындағы беделі түседі, өзіне айтсам: «Олай болуы мүмкін емес, мен қатты шаршап тұрғам, даяр емес едім, сіз айтпай келдіңіз»,– деп міз бақпауы қатты таң қалдырды. Шаршау тұрмақ, бір жеріңіз сынып тұрса да айналдырған төрт түрлі жалғауды білмеуге қақымыз жоқ. «Сіздің қазақ тілінен теориялық біліміңіз мүлде жоқ» деген сөзіме: «Бізде, орыс мектептерінде қазақ тілін бұлай талдамайды, біз тек қағаз толтырумен, папка жасаумен айналысамыз, аударамыз, өзімді осы мектепте ғана мұғалім сезініп жүрмін» дегені. Сонымен, әлгі мұғалімді үш ай бойы жабылып тегін оқыттық, қолына қазақ тілінің теориялық негіздері туралы кітап ұстап, әйтеуір, бір нәрсе үйренгендей болып жүрді. Сонда осындай мұғалімсымақтар біреу оның білімсіз екенін дәлелдегенше, осылай «әдемі» қалыпта орысша шүлдірлеп, бір мектептен бір мектепке сырғып көшіп жүре бере ме? Жасандылық кейде шындықтан пысық, ширақ. Сыртқы түр, сылдыр сөз, негізінен, алдамшы келеді. Рас-ақ, «жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айғайлайды». Бұл мұғалімнің қай оқу орнын бітіргенін білгіміз келіп, дипломын сұрағанда, айқындалғаны: бірінші дипломы мектепке дейінгі тәрбиеші мамандығы /педагогикалық училище дипломы, екіншісі – қазақ тілінде оқытпайтын ұлттық мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы сырттай бөлім болып шықты. Сырттай бөлім демекші, 10 жылдан астам уақыттан бері орта арнаулы білім иелері көптеген мамандық бойынша жұмыс орнының талабына сай, жоғарғы білім орындарының дипломына ие болуға тиіс болды, сондықтан әр аймақтағы сырттай оқушылардың саны артты. Сырттай білім алушы педагогтарды жалпы төрт топқа бөлуге болады: біріншісі, жан-тәнімен осы мүмкіндікті пайдаланып, білімін ұштаушылар, ізденгіш мұғалімдер, сабақтан қалмай келіп, тапсырмаңды толық орындап, қосымша қарастырады, екіншілері, жеп отырған нанынан айырылмау үшін амалсыздан оқушылар, бір күн келсе, бір күн келмейді, бірақ өзінде бар негізге бір нәрсе қосуға талпынушылар, үшіншілері, «қазақша сөйлей аламын, қазақ тілінің сағаттары мектепте көп» деп, әйтеуір, жолдан дүрмекке қосылушылар, алайда, олар кейде күндізгі бөлімді ілініп-салынып бітіргендерге қарағанда талапты келіп, игеруге тырысып, талпынады, төртіншілері, сырттай бөлімге ақшасын төлеп қойып, пысықтығының, жылпостығының арқасында әкелеп-көкелеп «сырттай бітірушілер». Менің бұлай батыл түрде топтастыруым – өзімнің екі университеттегі жұмыс өтілім 10 жылдан артық болғандықтан көрген іс-әрекеттерден шығарған топшылауым. ЖОО-да сырттай оқушыларға қойылар талап жұмсақ болғандықтан, айналдырған төрт жалғауды ажырата алмайтын кей дүбәралар күректей дипломға ие болып, дүмше молда болады. Бұдан кім ұтып, кім ұтылады? Жалпы, білімі нашар мұғалімнен оқушының үйренері аз, қай білім саласы болса да, ол оқушы бойындағы шоқты, құштарлықты жандырмайды, сөндіреді, қатені түзей алмайтын, түзеуге білімі жетпейтін мұғалімнен не күтуге болады?! Сондықтан педагогикалық ЖОО-ны сырттай бітірушілерді, күндізгі бөлімді аяқтағандарды да «қызыл дипломнан» өзгесін мектепке мұғалім қызметіне қабылдағанда, сол мектептегі білікті мұғалімдер қайыра емтихан алып, сынақ мерзімін берсе, дұрыс болар еді. Өзінің шамасы зорға «3-4-ке» жеткендерден қай оқушының білімі тасып, «4-5» болып кетеді дейсіз? «Шылаушыннан шылаушын туады, ол шұбатылып барып өледі» дегендей, мектеп – нан табатын орын емес, болашақты тәрбиелейтін мекеме, ұрпаққа тәрбие мен білім беретін орда екенін ұмытпауымыз керек. Сонда саны көп, сапасы жоқ тобыр мұғалімнен гөрі, нағыз білімді мамандарға сұраныс көбейіп, мұғалімнің беделі, дәрежесі өсер еді. Қорыта келгенде айтарым, қазақ тілінде оқытпайтын өзге тілді мектептердегі қазақ тілінің мұғалімдері, Сіздер жанашыр болмасаңыздар, қатал талап қоймасаңыздар, өздігінен қазақ тілін меңгеруге дайын тұрған бала жоқ, әр баланың мүмкіндігін ескере отырып, әр сағатта 6-7 сөз меңгертуге тырыссаңыздар, қазақша ойламаса да қазақша сөйлетуде көп нәтижеге жетер едік. Қатал талап қойсаңыздар, ақиқатына келгенде, қазақ жерінде қазақ тілін игерер еді, мемлекеттік тілімізді сауатты түрде меңгерген қызметкерлер саны өсер еді. Әрбір мұғалімнің білімі мықты, талабы қатаң, жоғары болса, шәкірт те сол талап өрісінен шығуға тырысады.
Жанар ӨМІРЖАНОВА, филология ғылымдарының кандидаты
«Арыстан» лицейі, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары