ЖАЛҒЫЗДЫҢ ҮНІ ШЫҚҚАН БА?

ЖАЛҒЫЗДЫҢ ҮНІ ШЫҚҚАН БА?

ЖАЛҒЫЗДЫҢ  ҮНІ ШЫҚҚАН БА?
ашық дереккөзі
302

Сұлтан УСМАНОВ, техника ғылымдарының докторы:

Биотехнология ғасыры атанған ХХI ғасырдың алғашқы он жылдығы да артта қалды. Әлем халықтарының саны жеті миллиардтан асқан осынау шақта азық-түлік пен экология басты мәселеге айналуда. Қазір әр елдердің ғалымдары осы мәселемен шұғылданып, оң шешімін табу жолдарын іздестіріп әлек. Олар адамзатты асыраушы жердің құнарлылығын арттырып, экологиялық жағынан мейлінше таза мол азық-түлік алуға мүмкіндіктер туғызатын жаңа тыңайтқыштар түрін табу үшін де жанталаса қимылдауда. Бұл жағынан біздің отандық ғылым да шет қалған жоқ. Техника ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Усманов бастаған «Ана Жер» ғылыми-өндірістік бірлестігінің ғалымдар тобы «МЭРС» және «Биобарс-М» атты биопрепараттарын өмірге алып келді. Бұл биопрепараттар республиканың бірқатар облыстарында сынақтан өтіп, жақсы нәтижелерге қол жетті. Ауылшаруашылығының білікті мамандары мен ғалымдар тыңайтқышқа қызығушылық танытқан. Алайда тыңайтқыш жаппай қолданысқа енгізілмей отыр. Неге? Профессор Сұлтан Усмановпен болған әңгімеміз сол жайында өрбіді.

– Әлемнің барлық елдері азық-түлік өнімділігін арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштарды және пестицидтерді барынша пайдаланып келді. Рас, өнімділік артты. Алғашқыда бұл ғылымның жетістігі деп мақтан еттік. Кейін жер құнарлылығы кеміп, өнімдер сапасы бастапқы таза күйін жоғалтып, адамдар денсаулығына әсер ете бастаған кезде ғана олардың пайдасымен қатар зияны да көрінуде.

– Кең ауқымда қолданылып жүрген қазіргі тыңайтқыштар және өсімдік қорғау құралдарын ғалымдар ұсынған мөлшерінен көп қолданғанда топырақтың қара шіріндісін және топырақ азотын ыдырататын микроорганизмдер санын көбейтеді. Әсіресе химикаттарды өте көп мөлшерде қолданатын Америка, Еуропа және Қытайда жердің қара шіріндісі 60 пайызға дейін кемігені қазір ешкімге құпия мәлімет емес. Әлемнің білікті ғалымдары егер осы екпінмен кете берсек, 2050 жылға дейін Жер өзінің құнарлылығын мүлдем жоғалтатынын ескертуде.

– Химиялық қоспалармен жасалған бүгінгі тыңайтқыштар мен өсімдік қорғау құралдарында адам ағзасына тигізер залалы көп екенін ғалымдар да айтып жүр. Дәрігер ғалымдар да солардың салдарынан әр түрлі науқасқа шалдыққан жандардың мүлдем көбейіп кеткені жөнінде жарияға жар салуда.

– Мен мұны мысал арқылы дәлелдеп берейін. Германияда бір зират орнына құрылыс жүргізу үшін ондағы адамдардың сүйектерін басқа жаққа ауыстырмақшы болған. Мүрделерді қазса, бір жарым мың мәйіттің денесі сол баяғы күйінде жатыр екен. Ғалымдар анализ алса, денелерінен химикат қоспалары шыққан. Топырақтағы микроорганизмдер денені ыдырата алмаған. Табиғи қалыпта адамдар өмірден озып, жер қойнына берілген соң, ары десе қырық күнде еттері сүйектерінен ажырап, ыдырай бастауы керек. Ал сол химикаттар қайдан келді? Әрине азық-түлік өндіруге пайдаланған химикаттардан келгені бесенеден белгілі ғой. Сол адамдар көздерінің тірі кезінде қаншама ауру азабын тартты десеңізші.

– Тыңайтқыштар мен өсімдік қорғау құралдарының зиянын түзету шаралары бар ма?

– Мұның шешімі бүгінгі күнде белгілі. Егерде біз минералды тыңайтқыштарды және өсімдік қорғау құралдарын қолданғанымызда, солармен қатар биопрепараттарды қолдансақ топырақ құнарлығын сақтаймыз және артықша сапалы өнім аламыз.

– Елімізде ондай биопрепараттар өндіріле ме?

– Бүгінгі күн талабына толық жауап беретін дәл сондай биопрепараттар бізде бар. Бұлар – «Б» маркалы МЭРС және «Биобарс–М» атты биопрепараттар. Бұлар біздің бірнеше жылғы тынымсыз ізденістеріміздің жемісі. Биопрепараттар экологиялық таза өнім шығарып қана қоймайды, өнімділікті де барынша арттырады.

– Сынақтан өткізіп, оң нәтижесіне биліктің көзін жеткіздіңіздер ме?

– Республикамыздың Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Ресей мен Өзбекстан жерлеріндегі астық дақылдары, картоп, қызылша, көкөніс, бау-бақша және мақта алқаптарында сынақтан өтті. Нәтижелері өте жоғары. Бәрінің де құжат-дәлелдемелері бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қолдауымен бұл биопрепараттар 2009 жылдан бастап жеңілдетілген тыңайтқыштар тізіміне енгізілген. Бірақ, қандай-да болсын инновация жалпылай енгізілуде биліктің қолдауына мұқтаж. Біз шаруашылық басшыларымен келісіп, әлі де сынақтарымызды жүргізіп жатырмыз. Алдыңғы жылы облыстарда жалпы көлемі 1 миллион гектар жерге МЭРС биопрепараты қолданылды. Былтыр бар болғаны 90 мың гектар жерге қолданылды. Көпшілік шаруашылықтар құрғақшылықтан сескенді ме, биопрепаратымызды жүрексініп алмай қойды. Ал біз: «Ау, ағайындар, біздің биопрепарат құрғақшылықта да топырақ ылғалдылығын реттеп тұрады. Басқалардан ерекшелігі де сонда», – деп қаншама рет түсіндіріп бақтық. Өкінішке қарай, көпшілігі тәуекел ете алмады. Ал егер 2008 жылы құрғақшылықта 150 мың гектарға биопрепаратты қолданған шаруашылықтар жоспардағыларынан 18-30 пайыз артықша өнім алған болса, 2012 жылы біз тәжірибе өткізген 41 мың гектар алқапта қосымша өнім 20-80 пайызды құрады. Соларды дәлелдейтін құжаттар қолымызда бар.

Осы орайда тағы бір мысал. 2009 жылдан бастап Қостанайдағы «Иволга-Холдинг» компаниясы бізден 15 миллион теңгеге биопрепарат сатып алып, 12 мың гектар жердің астық алқабында экологиялық таза бидай өндіруге пайдаланып келеді. Биопрепаратты біздің технология бойынша кезең-кезеңімен тиімді қолдануының арқасында сапасы жоғары мол өнім алуда. Сол экологиялық таза бидайды Ұлыбритания корольдігі компаниядан қыруар ақшаға сатып алып отыр.

Сонымен қатар, әлемге әйгілі, тәуелсіз экспертиза жасау, сынақтан өткізу, бақылау, сертификаттау саласындағы үздік «SGS» компаниясы біздің МЭРС биопрепаратымызды түбегейлі зерттей келе еуропалық стандартқа сай экологиялық таза бидай өндіруде топырақ құнарлылығын сақтайтын преперат деген анықтамасын берген.

– Биопрепараттың басқа тыңайт­қыштардан ерекшелігін ашып айтсаңыз.

– Қазір су мәселесі үлкен түйткілге айналды. Қазақстанға келетін өзендер бастауын шетелдерден алады. Шығыстағы Қытай, оңтүстігіміздегі Қырғыз республикасы мен Өзбекстан жыл сайын бізге қажетті су мөлшерін дер кезінде бермей әуре-сарсаңға салып жатқаны анау. Өзбекстанда үш миллион гектар суармалы жер бар. Олар оған жылына 7,5 миллиард шаршы метр су пайдаланады. Қазақстанға да көп мөлшерде су қажет. Ал біздің биопрепарат сол пайдаланатын су мөлшерін 1,5-нан 2 есеге дейін азайта алады. Тыңайтқыштарды интенсивті қолдану салдарынан топырақтан өсімдікке ылғалдың өту процесі күшейеді, нәтижеде 35-50 пайыз ылғал пайдаланбас­тан өсімдіктен буланып кетеді. Ал біздің биопрепараттар бұл процесті баулатып, өсімдіктің толығырақ жетілуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қолданыстағы тыңайт­қыштарды биопрепараттармен бірге қолданғанда, тыңайтқыштардың мөлшерін 1,5-нан 4 есеге дейін кемітіп, өнімді 15-тен 50 пайызға дейін көтереміз. Егер біздің тыңайтқыштарды толық мөлшерде қолдансақ өнімділік бұдан да арта түсіп, алынған өнім сапалы болады. Мен осының бәрін ауадан алып айтып отырғаным жоқ. Сынақтар нәтижесіне сүйеніп, нақты мысалдармен беріп отырмын. Егер осы биопрепараттарды егістіктерде жаппай қолдансақ, бізге келіп жатқан аз мөлшердегі сумен көп өнім алуға әбден болады. Биопрепарат бір грамм топырақтағы 16 миллиард микроорганизмді қозғап, жаманын жоқ қылып, жақсысын жандандырса іс сонда алға басады дей беріңіз. Ғылымда мұндай жетістік қажымай, талмай ізденіп, маңдайыңнан ащы теріңді төккенде ғана келеді.

– Республикадағы тиісті орындардың есігін ашып, қабылдауларында болған жоқсыз ба? Тіптен соларға арнайы хат жазған да боларсыз.

– Осы кезге дейін Республика Президентіне арнайы төрт, Премьер-министрге бес, Ауыл шаруашылығы министрлігіне де бірнеше хаттар жазғанмын. Хаттан шығып жатқан нәтиже жоқ. Жаңа тағайындалған Премьер-министр Серік Ахметов мырзаға да өткен жылдың 20 желтоқсанында тыңайтқыштың мән-жайынан анықтама хат жазып, отандық МЭРС және «Биобарс-М» биопрепаратын өз республикамызда, сондай-ақ Өзбекстан мен Ресейде кең көлемде қолданылуына ықпал етсеңіз деп өтіндім. Жуырда ЕврАзЭС-тің Бас хатшысы Тайыр Мансұров мырзаға да арнайы хат жазып жібердім. Қазір одан оң жауабы келіп қалар деген үмітпен отырмын. Мемлекетімізге уақыт ағымына сай жаңаша ойлайтын, ғылымның жаңа жетістіктерін қолдай білетін жандар керек-ақ.

Иә, жаңа биопрепараттарды Өзбекстанда да кең ауқымды егістік көлемінде сынақтан өткіздік. Соның арқасында өзбек ағайындар басқаларға астық тәуелділігінен құтылды. Бұл әлемдік зор жаңалық қой! Олардың Ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты астық ғылыми-зерттеу институтының біздің биопрепаратттарға өте жоғары баға бергені туралы да құжаты қолымызда бар.

Әлемде бидай сорттары өте көп. Біздің кейбір ғалымдар айтып жүргендей бидай сорты қатты және жұмсақ болып екіге ғана бөлінбейді. Жұмсақ бидайдың сорты үшке бөлінеді. Күшті, орта, төменгі. Әңгіме солардың сапасында. Орта бидайдың сапасы жоғары. Дүние жүзінде астық өсірумен айналысатын елдер жыл сайын шамамен 630 миллион тонна бидай өндіреді. Соның небәрі 15 пайызының ғана сапасы жоғары. Ал 25–30 пайызының сорты орта бидайға жатады. Бұл Ресей мен Қазақстанда өндіріліп жатыр. Қалғандарының сапасы 50 пайыздан төмен. Осы төменгі мен орта бидайды қосып, қамыр илегенде ғана нан пісіріп шығаруға болады. Кейбір елдер орта мен төменгі сорттарды араластырып, орта бидай бағасымен сатып жүр. Көзі қарақты мамандар болмаса, оны бір-бірінен ажырата алмайды. Ал сатушы қулар солай айласын асырады.

2010 жылы 21 қаңтарда, Астанада «Инновации и Инвестиции» атты көрме болды. Сол көрмеге біз өз препаратымыздың ақпарат-мәліметтерін қойғанбыз. Көрмеге Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келген болатын. Мен жаңа тыңайт­қыштың ерекшеліктерімен таныстырып шыққанымда, ол кісі ризашылығын білдіріп: «Жарайсыңдар!» деген еді. Ал жіберген төрт хатым ол кісінің қолына тимегенін ішім сезеді. Президенттің бір басында қаншама өте маңызды шаруалар бар. Сол қат-қабат ішкі шаруалармен және сыртқы саясат жұмыстарында қарбаласта жүріп, бәрін есте сақтап қалу кім-кімге де қиын ғой. Сала бойынша көмекшілері менің хатымды алдына қоймаса, қайдан есінде болайын. Өткен жылдың 4 желтоқсанында сол кісінің атына тағы хат жаздым. Онда препараттың экологиялық тиімділігін айта келіп: «…Әрі қарай Сіз: «Жақын жылдарда жер халқы 10 миллиардқа жетеді. Осы миллиардтаған адамдарды қалайша асырауға болады? БҰҰ-ның болжамы бойынша 2050 жылға қарай адамзаттың азық-түлікке деген талабы 2 еседен де артады. ХХІ ғасырда «Молшылықтағы аштық» сияқты мәселе де басын көтерді. Тіпті қазірден бастап, жоғары бағалар салдарынан жүздеген миллион адамдар өздеріне қарапайым тамақтануды қамтамасыз ете алмай отыр», – деп айтқан едіңіз.

Біз, ғылыми қызметкерлер, әрекетінің әсері – таусылмайтын тегін энергияның жаңа түрлерін қолдануға негізделген биопрепараттар мен биопестицидтер Қазақстанда жасалғанына және бұл қаншама мың гектар жерде тексерілгеніне Сізді сендіргіміз келеді.

Өсімдік топырағы транспирациясының ылғалдылығын реттеудің арқасында, биопрепараттар оның булануын 30-50 пайызға төмендетеді және де қуаңшылық жағдайларында, өсіп-өнудің соңында фотосинтезді 7-12 күнге ұзартады. Бұл 20-50 пайыз қосымша өнім алуға әкеледі. 2008 жылғы зерттеулердің нәтижесі 138 мың гектар егістік жерінде, 434 өрісте, тексерумен салыстырғанда – 11676 га-да, 57 өрісте және 2012 жылы – 41 мың гектар жерде дәлелденген болатын. Оңтүстік аймақтарда минералды қоректенудің арқасында судың мөлшерін 1,5-2,0 есе төмендетудің барысында 15-35 пайыз артық өнім алынған.

Биопрепараттар топырақта құнарлы элементтердің жиналуына жағдай жасайды. Бұл минералды тыңайтқыштарды қолданудың мөлшерін 2-3 есе төмендетудің барысында, 20-50 пайыз қосымша өнімнің алынуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «парникті» әсерді бәсеңдетудің нәтижесі, топырақтың тозуын төмендетудің негізі болып табылады.

Қазақстан Республикасында 2000-2012 жылдар аралығында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері 2011-2012 жылдары Өзбекстан, Тәжікстан Республикалары және Ресей Федерациясы Ауылшаруашылық министрліктерінің мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттарымен расталған. Бұл ретте, тек қана өнімділіктің ғана емес сонымен қатар, өсімдік шаруашылығындағы өнім сапасының да жоғарылауы анықталған. Мысалы, Өзбекстан Республикасында фуражды бидайының орнына, сапасы бойынша қазақстандыққа сәйкес келетін тауарлы өнім алынған».

Ресей Федерациясында минералды тыңайтқыштардың мөлшерін 2 есе төмендетудің барысында, қант қызылшасының қосымша өніміне қол жеткізілді. Қант – 37,6 пайыз, ақтүйнек – 4 тонна, құрғақ заттегі – 21 пайыз, крахмал – 24 пайыз, С дәруменінің – 12 пайыз шығуымен қосымша өнімнің 30 пайызға төмен нитраттардың мөлшері алынған. Күнбағыстың қосымша өнімі 20 пайызға көтерілді.

Сонымен қатар, Ресейде біздің биопрепараттар жұмсақ бидайдың өнімділігін 19-29 пайызға арттыра отырып, бірінші топқа сәйкес келетін, сапалы кілегей алуға мүмкіндік бергенін атап өту қажет. Ұнның, қамырдың жоғары көрсеткіштері орташадан жоғары сапалы көрсеткіштерге сай нанның пісірілуін қамтамасыз етті, ал бақылау вариантында бұл көрсеткіштер төмен».

Хатым Елбасының қолына тисе, бұл істің қолдау табатынына кәміл сенемін. Әй бірақ, көңілде күдік басым. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шыққан ба.

Президенттің халыққа арнаған «Қазақстан 2050» стратегиялық жолдауында азық-түлікке өндіруге аса зор мән берді емес пе?! Сол шешімді орындауымыз керек қой. Біздің биопрепараттар абсолютті инновация талабына сай келеді. Өкінішке қарай, Республика Президентіне хатымыз да, өзіміз де жете алар емеспіз. Ал егер ғайыптан біздің экологиялық таза биопрепараттар билік тарапынан қолдау тауып кетсе, келешекте Астанада өтетін «ЕХРО–2017» көрмесінде отандық биопрепараттар ретінде шетелдіктер назарын өзіне аударар еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары