КҮРДЕЛІ ТЕПЛОВОЗ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

КҮРДЕЛІ ТЕПЛОВОЗ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

КҮРДЕЛІ ТЕПЛОВОЗ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
ашық дереккөзі
297

«Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты жөніндегі бағдарлама ел еңбеккерлеріне соны серпіліс әкелді. Республикамыздың бірқатар облыстарында жаңа өндіріс орындары ашылып, тұрғындарды жұмыспен қамту еселене түсуде. Атап айтар болсақ, Жамбыл облысының Шу қаласындағы локомотив жөндеу зауытында стансаның тоғыз жол торабындағы жолаушылар мен жүк вагондары қозғалыстарын реттеп тұратын тепловоз жасалды.

Зауыт мамандары бұл күрделі жабдықтармен жетілдірілген күрделі тепловозды құрастыруда аса қиыншылық көрген жоқ. Өйткені осыдан бір жыл бұрын «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ мен Қытайдың вагондар мен локомотив жасайтын «СSR» деп аталынған оңтүстік корпорациясымен стратегиялық серіктестік жөнінде келісім жасаған еді. Міне, сол келісімнің алғашқы нәтижесі осы локомотив болып отыр. Жуырда «CSR» корпорациясы мен «Қамқор Менеджмент» және «Қамқор Локомотив» ЖШС басшылары бірлескен кеңесі өтіп, онда осы жаңа өндіріс орнын жауапкершілігі шектеулі бірлескен кәсіпорын ретінде құруға қол жеткізді. Жаңа локомотив техникалық жағынан ең озық жетістіктермен жабдықталған. Оның негізгі бөлшектері Қытайда жасалған. Ал Шудың инженер мамандары зауытта әзірге оның құм бункерін, дизел отынына арналған жылытқышы мен көлемді су багын, сондай-ақ баспалдақтары мен жол тазартқыштарын жасап шығаруда. «CSR» корпорациясының жауапты қызметкері Сю Цин Цянь: «Біздің корпорация осы біріккен жобаны жүзеге асыру үшін 5 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсап отыр. Иә, әзірге зауыт мамандары шығарып жатқан бөлшектер аз. Әрі кеткенде локомотив бөлшектерінің бес пайызын ғана құрайды. Өткен жылы зауыттың инженер мамандарын Қытайда тәжірибеден өткізгенбіз. Олар қазір кез келген бөлшектер жасау мен құрастыру жұмыстарына дайын. Алдағы жылдары Шу зауытында локомотивтің қосалқы бөлшектерін шығаруды 51 пайызға дейін арттырамыз. Бұл екі жақты тиімділікке алып келеді. Бес жылдан соң республикадағы барлық темір жол паркі осы Шу зауытының өнімімен қамтамасыз етіледі. Бәлкім осында ТМД елдерінің тапсырыстарын да орындайтын шығармыз», – дейді. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ вице-президенті Ермек Қизатов бірлескен жобаның қысқа мерзімде жүзеге асқанын тілге тиек ете отырып, Шу зауытында қосымша 15 жұмыс орны ашылғанын, ал 2016 жылдан бастап мұнда жыл сайын 50 тепловоз құрастырылатынын, техникалық әлеует пен біліктілікке қол жеткен шақта зауытта 110 маман тұрақты жұмыс істейтінін айтты. Санаулы жылдардан соң өзімізде жасалынған локомотивтер ел экономикасын еселей түсуде өз үлестерін қосатын болады.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары