ОН БІР ЖАНҒА – ОЙМАҚТАЙ ЖЕР

ОН БІР ЖАНҒА – ОЙМАҚТАЙ ЖЕР

ОН БІР ЖАНҒА – ОЙМАҚТАЙ ЖЕР
ашық дереккөзі
149

Арсылановтар отбасына небары 4 сотық жер берілмек

Өткен жылы «Түркістан» газеті оқырман қауымды жылт еткен хабарлармен қуантуға тырысты. Өмірге үшем әкелген 36 жасар Арсыланова Алмагүлдің отбасылық жағдайын бірнеше мәрте қаламымызға арқау етіп, әлеуметтік түйткілге қозғау салуға мұрындық болдық. Себебі Алматының іргесіне осыдан бес жыл бұрын күнкөріс қамымен көшіп келген алты балалы отбасында тағы үш сәби өмірге келді. Бүгінде Арсылановтар отбасы шиеттей бала-шағамен баспана тауқыметін тартып жүр.

Біз көпбалалы отбасыға қандай да бір көмек сұрап, Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігінің, Парламент депутаттарының назарына хат жазғанбыз. Халық қалаулыларымен болған сұхбаттарда да еліміздің демографиялық саясатына деген көзқарасы, көпбалалы аналарға тағайындайтын көмегі мен берілетін жеңілдігі туралы әңгіме еттік. Алайда, кейбір атқамінерлер соңғы кезде өмірге үшем әкелетіндердің көбейіп кеткендігін, яғни мұның ендігі жаңалық болмай қалғандығын тілге тиек еткен. Жасыратыны жоқ, бүгінде көпбалалы анаға берілетін жәрдемақы мардымсыз. Баспана да кезектен тыс берілмейді. Соған қарамастан биік мінберлерден «Қазақтың санын көбейтуге не кедергі? Демографиямыздың тасы қашан өрге домалайды?» деген сауалдарға жауап іздеуге құштармыз. Сөз бен істің қабыспай жатқаны осыдан-ақ аңғарылмай ма?

Айсұлу, Күнсұлу, Жансұлу атты үш періште жарық дүниеге шыр етіп келген кезде-ақ Ернұр Исқақов бастаған бастамашыл топ Арсылановтардың отбасына көмек ретінде есепшот ашқан. Одан бөлек, қаланың ортасынан бес-алты айға пәтер жалдап берген болатын. Себебі, буыны қатпаған кішкентай үш нәрестемен пәтерден пәтерге көшіп жүрудің өзін көзге елестету қиын еді. Сол есепшотқа 1 миллион теңгеден астам ақша жиналыпты. Алайда, үшемді жасанды тамақпен асырап отырған отбасы айына 70 мың теңге жұмсайды екен. Оның сыртында киім-кешегі, дәрі-дәрмегі, жалға алған екі бөлмелі итарқасына төлейтін шығыны тағы бар. Өткен жылы желтоқсанның 21-інде үшем бір жасқа толды. Қаланың іргесінен екі бөлмелі жаппаны паналаған отбасыға Қарасай ауданы, Ұмтыл ауылдық округінің әкімдігі баспана жағынан қол созамыз деп уәде берген еді. Бір жылдан соң, яғни жаңа жылдың алғашқы аптасында көпбалалы отбасыға Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылынан 4 сотық жер телімі бөлініпті. Біз қуанышты хабарды ести сала, батыр ана Алмагүл Арсылановаға хабарласқанымызда, ол: «Бұрынғы паналаған «Времянкада» тоғыз баламызбен тұрып жатырмыз. Әйтеуір жер беріледі дегенді естідік. Бірақ оны ешкім өлшеп, «мынау сіздерге тиесілі жер» деген жоқ. Қолымызға құжатымызды берсе, толық сенімді түрде «жер берді» деп айтар едім», – дейді. Ал Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл округы әкімінің орынбасары Салават Қазиев болса, «көлемі осыншама жер берілсін» деген әкімшіліктің шешімі шықты. Енді олар өздері актісін жасатуы керек. Акті бір жарым айда жасалынады. Осы отбасының Ернұр Исқақов деген жанашыры «Бізге жер берсеңіздер болды, үйді өзіміз салып береміз…» деген болатын. Өздері әрекет жасайтын шығар», – деп жауап берді. Бұдан соң біз Арсылановтар отбасына қолдан келгенінше көмек беріп жүрген ерікті азамат Ернұр Исқақовтың телефон нөмірін теріп едік, ол: «Отанасы «Алтын алқаға» құжаттарын өткізді. Бұйырса, жақында алады. Негізі Үкімет осындай отбасыға баспана жағынан көмектесуі керек. Қарасай ауданының әкімдігі «Жер бердік қой» деп міндетсінетін сияқты. Сорақысы сол, 4 сотық жер телімін зиратқа 20 метр жақын маңайдан беріпті. Егер әкімшілікте істейтін біреудің туысы болса, тәуір жерден беретін еді. Жарайды, жер телімі берілді. Қазір отбасының үй салатын қаражаты да жоқ. Қайырымды жандардан түскен ақша да түгесілді. Біз Алматы қаласының студент жастарына әлеуметтік желілер арқылы үндеу жасадық. Бір студент 100 теңгеден салғанның өзінде шамамен 10 миллион теңге жинаймыз деген жоспарымыз бар», – деді.

Алайда тоғыз баланың асыраушысы құрылысты бастауға қауқарым жоқ деп қамығады. Ел болып, жұрт болып көмектессек, тоғыз балалы отбасы «Өз үйі – өлең төсегінде» аунап-қунап жататын еді… Бірақ, әттең тонның келтесі-ай…

Небары 4 сотық жер! Үш баланың жаялығын жайсаң, түгел жауып қалар титтей телім. Бұрынғы «КСРО тарихы» оқулығындағы өзіне тиесілі жерінде бір аяқтап желкесін қасып тұрған шабаталы мұжықтың суретін көргенде күлуші едік. Бірақ ол жалғыз еді. Тура сол көрініс Арсылановтар отбасының басына туып тұрған сияқты. Бірақ олар он бір жан. Ал қазір пәленбай гектар жерді сатып алып, зәулім үйлер салып жатқан бай-манаптарды көргенде баспанаға зар болып жүрген осындай отбасы көз алдыңа келеді еріксіз. Шіркін, солардың көлігі тұратын жерінің өзі 4 сотықтан кем емес шығар. Сондай кең жерде тоғыз бала емін-еркін аунап-қунап жүрсе жараспай ма?! Бұл деміккен демографиямызға әлдеқайда серпіліс жасауға бағытталған даңғыл жол екені сөзсіз. Бірақ…

АЛТАЙ –

Аяз атаның Отаны

Жаңа жыл мерекесінің тойлануының әртүрлі тарихы бар. Десек те мына дерекке мән берген дұрыс секілді.

Қайтсе орыс мемлекетін Еуропаның дамыған елдерімен терезесін тең етуге тырысқан I Петр патшa Англия, Голландия елдерін аралап, зауыт, фабрикаларды, кеме жасау верфтерін және мектептерін «сүзіп» шығады. Жас патша сол елдерде көрген-білгендерін артта қалған мемлекетіне әкеліп, теліп, патшалығын мәдениетті де өркениетті елдердің санатына қосу үшін күш-жігерін аямайды. Еліне келген соң мынандай жарлық шығарады: «7208 жылдың 31 желтоқсанынан кейін, 1700 жылдың 1 қаңтары басталады.

Әр үйдің қақпасына қарағай, шырша немесе арша бұтақтарынан әшекей жасау­ды, әр жыл сайын қаңтардың алғашқы күні адамдардың бір-бірін жаңа жылмен құттықтауларын, үлкен алаңда алау­лар жағып, қару-жарақтан оқ атуды бұйырамын».

Петр патшаның сол кездегі Ресейдегі 7208 жылдан 1700 жылға дейін азайтып, жыл санауын өзгерткен себебі Еуропа елдеріндегі жыл санау тәртібіне сәйкестендірудің амалы болатын деседі. Оған дейін Ресей шіркеудің «Әлем жаралғаннан бері 7208 жыл болды» деген «есебімен» өмір сүріп келген екен.

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, Жаңа жылды тойлау 1930 жылға дейін рұқсат етілмеген. XХ ғасырдың ортасында Қазақстанға тың игерушілердің көптеп келуімен шыршалы Жаңа жылды қарсы алу тек қалаларда ғана емес, ауылдарда да жаппай тойлана бастады.

ТҮРКІЛЕРДІҢ ЕУРОПАҒА

ЕНТЕЛЕП ЕНУІ

Алтайдан, Солтүстік Қазақстан об­лысының Ботай елді мекеніндегі ғұн, сақ қорғандарынан табылған артефактілер біздің бабаларымыздың бұдан 5-6 мың жыл бұрын-ақ, дүние жүзінде алғаш рет жабайы аттарды қолға үйреткенін, қымыз ашытып, сапырып сары қымыз ішкенін АҚШ, Ресей, Франция және ағылшын ғалымдарының мойындауына мәжбүр етті.

Біздің бабаларымыз – ғұндар арын­даған аттарымен Үндістан, Қытай және Иран топырағын қамырша илеген. Ол елдерге өз мәдениетін, өркениетін алып барып, сіңдіргені туралы деректер аз емес.

Бабаларымыздың тұлпарларының тұяғы Еуропа шалғындарын да таптаған.

Бабалар әскері түмен-түменге бө­лінген. Әр түменде он мың әскер болған. Кезегінде түмендер, полк пен жүздіктерге бөлінген. Олар әр ру мен жұрттан құралған. Әркайсысынаң аты сол полк немесе жүздікті басқарған адамның атымен аталған. «Құдай бишігі» атанған Аттила бабамыздың елу түмен әскері болған: «Бургунд», «Савойя», «Теринг», «Лангобард» т.б. түмендері. Рим империясының жансыздары өздері бұрын естімеген аттарды естіп, дал болған. Содан барып оларды «Халықтар тобыры» – деп атаған.

Византиялық шежірешілер, керісінше, олардың есімдері әртүрлі болғанымен, бәрінің бір ғана ортақ тілде сөйлесіп, Тәңірге ғана табынатынын 438-439 жылдары жазып қалдырған. Түркілер өздерінің Еуропадағы батыс жерлерін Алман (түркіше – «алыс») деп атаған. Түріктер әлі күнге дейін Германияны Алмания деп атайды.

Бабаларымыздың Еуропаға келуіне дейін, ол арада франк, венед, тевтон және басқа тайпалар тұрған. Ол кездері аталған тайпалар әлі де алғашқы қауымдық құрылыс деңгейінде ғана күн көріп жатқан. Аң терілерін жамылып, қолдарына ағаш найза мен ағаш шоқпар ұстап жүрген. Кейбіреуі ғана қола қанжар мен найза ұстаған көрінеді. Оны археология ғылымы қостайды.

Бургундтар Еуропаға Байкал көлі жаға­сынан келген. Иркутск облысында Бургунду деген мекен бар. Miнe, сол мекеннен шыққандар Еуропадағы Бургундияны құрған.

Алтайда Тулун, Ресейде Тула, Францияда Тулуза атты қалалар бар. Соңғы екі қаланы Аттила – Аттылы замандастары тұрғызған. Тулуза 419 жылдан 508 жылға дейін батыс еуропалық қыпшақтардың (вестготтардың) астанасы болған. Бұл қалаларда негізінен қару-жарақ жасаушылар тұрған. «Тулум» деген көне түркіше «қару-жарақ» дегенді білдіреді.

Халықтардың Ұлы көш – кезінде бур­ғундтармен барған Теринг жұрты – Теринг юрт – Тюрингияға ат берген «Теринг» (терең) – дегенді білдіретін көне түркі сөзі.

Әуелі су үстіне орнаған Италия қаласы Венецияны да қыпшақтар қалаған көрінеді. Олар сонау Алтайдан самырсын ағаштарынын бөренелерін әкеліп, теңіз түбіне қада ғып қағып, үстіне қала салған.

Үндістанның алғашқы премьер-министрі, көрнекті қоғам қайраткері Джавахарлал Неру өзінің «Бүкіл әлемдік тарихқа көзқарас» атты кітабында Азиядан шыққан халықтар Еуропаға толқын-толқын болып, шегірткедей қаптап келіп, оны тып-типыл етіп өткенін және де өркениетке жетелегенін атап өтеді. Арийлер, скифтер, ғұндар, моңғолдар, түркілер, бәрі де Азиядан шыққан халықтар. Азия мен Еуропаға жайылып кеткен. Қазіргі Еуропаның көптеген халықтары осы жаулап алушылардың тұқымдары дейді. Нерудің Лондондағы атақты Кембридж университетін үздік бітіргенін ескерсек, онда ғұламаның жазғаны шындықтан алыс емес.

ШЫРША ТОЙЫ – ТҮРКІЛЕРДІКІ

Бүкіл әлем түркітанушыларын мойын­датқан мәскеулік ғалым Мурад Аджи археологиялық жәдігерлерге сүйеніп, көне түркілердің шырша ағашын қасиетті санағанын дәлелдеген.

Әлемде алғаш peт қарағай, самырсын ағаштарының бөренелерінен ағаш үйлер құрастырған да осы түркілер екен. Іші жылы болуы үшін кірпіш құйып, пеш салған. «Кірпіш» деген сөздін өзі «кір» – кір, батпақ, балшық дегенді, «піш» – «пеш» от жағатын пешті білдіреді. Яғни, пештің кірі, кесегі дегендері.

Лошадь – аласа ат алаш ат немесе жолшы аты деген түркі сөздерінен шық­қанын лингвистер мойындаған. Ал «Ель» – шырша деген орыс сөзінің өзі түркінің «иол, ёл» – жол дегеннен шыққан екен. Шыршаның жоғарғы ұшы садақтың жебесіндей аспанға бағытталған, яғни Жер мен Аспан арасындағы жолды көрсетеді деп санаған.

Шыршаның айналасын үстіне қызыл шапан киген аппақ қардай сақалы бар Үлген (Үлкен) атты ата айналып жүрген. Аяғында пима, басында бөрік, белінде белбеу болғанын археологтар қазба жұмыстары барысында дәлелдеген. Ежелгі түркілердің танымы бойынша, шырша құдайлардың жер асты әлемін адамдар әлемімен жалғастырушы ретінде қадірленген.

Шырша тойын 25 желтоқсанда той-лаған түркілер түнді күннің жеңуімен байланыстырып отырғанға ұқсайды.

Шырша орнатып, бұтақтарына қызылды, жасылды шүберек таспаларын ілiп, жанына сыйлықтар қойған. Сосын адамдар қол ұстасып, би билеген. «Корачун, корачун – қысқарсын» – деп ән салған. Яғни, түн қысқарсын, күн ұзарсын дегендері. Бұл күні елдің бәрі жамандықты ұмытып, тек жақсылық жасауға тиіс болған.

Балалар үй-үйді аралап ән салып, «Коляда» – жақсылық қалаған. Орыстың «Колядовали» деген сөзі түркінің «қалады» деген сөзінен шыққан болып шығады.

Европаға шырша тойын, Жаңа жылды тойлауды біздің ержүрек ата-бабаларымыз – ғұн-қыпшақтар апарған. Тек он ғасырдан астам уақыттан кейін ғана І Петр Жаңа жыл тойын тойлауды Ресейге қайта әкелген. Содан кейін ғана, тек 1955 жылдардан бері біз Жаңа жылды орыс мейрамы ретінде тойлауымыздың сыры осы.

Біздер «Жаңа жыл біздің ұлттық мейрам емес!» деп жүргенімізде, көрші айыр қалпақты қырғыз ағайындар 2-3 рет Дүниежүзілік Аяз ата мен Қарша қыз фестивалін өткізіп те қойды.

Қырғыздар: «Аяз атаның Отаны – Қырғызстанның Ыстық көлі маңында!» – деп әлемге жар салды. Әлемнің түкпір-түкпірінен Аяз аталар мен Қарша қыздар ат сабылтып келді.

Бізде де кейбір БАҚ-ында Аяз атаның Отаны Алтай екені туралы мақалалар шығуда. Біздің Алтайда Аяз атаның резиденциясы ашылу күні алыс емес көрінеді.

Шырша тойын – қыстағы Жаңа жылды түркілендіріп, қазақыландырып тойлауды жақсылап ұйымдастырып, төл мерекемізге айналдырсақ, артық емес…

Қазаққа қыстағы Жаңа жылды да, көктемгі Жаңа жыл – Наурыз мейрамын тойлау да көптік етпейді!

Қанат ТӨРЕБАЕВ

Қаратау қаласы

Серіктес жаңалықтары