840
«Тағдыр» туралы толғаныс
«Тағдыр» туралы толғаныс
Әрбір адамның тағдыры әртүрлі. Біреу өмірде бақытты күй кешеді, біреу қайғы-қасіретке душар болады. Аяғын апыл-тапыл басқан сәттен бастап, олардың өмірінде түрлі оқиғалар орнауы мүмкін.
Ал адам өміріндегі маңызды сезім – ол махаббат. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың:
«Махаббат менен кеткен,
Бөлекте жүр.
Мен де бір, жасын түскен теректе бір,
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-ау,
Енді маған керек пе өмір!» деп жырлауы да тегін емес.
Бұл махаббат біреуге бақыт сыйласа, енді біреудің басына қайғы әкеледі. Біреулерді үміттендіреді, енді біреуге ешқашан оралмайды. «Тағдыр» телехикаясы кейіпкерлерінің де басындағы хал осындай.
«Тағдыр» телехикаясы – «Астана» телеарнасының төл туындысы. Еліміздегі ең үздік – «Сатайфильм» кинокомпаниясымен бірлесіп шығарған жобасы. Атап өтетін бір жайт, 20 сериялық телехикая өзге отандық туындылар сияқты орыс тілінен аударма емес, қазақ тілінде түсірілген.
Бұл оқиға 1992 жылдан басталған. Оның басты кейіпкері Қалихан – ауданның өте беделді, бай адамы. Оның әйелі Шолпан босану үстінде қайтыс болады да, соңынан Жұлдыз есімді нәрестесі қалады. Алайда, Қалихан зайыбы Шолпанды өлім аузынан алып қалмағаны үшін дәрігерді қамшының астына алады. Есін жиған дәрігер қайтар жолда, аяғын шалыс басып қаза табады. Оның да соңынан қалған жүкті әйелі босанып, Айдана есімді қызды дүниеге әкеледі. Тағдырдың жазғаны сол – Шарипа Айдананы ғана емес, Жұлдызды да емізіп, сүт анасы атанады. Осы кезде Қалиханның байлығын басып қалғысы келіп жүрген Жаназар қулығын жүзеге асыра бастайды. Дәрігердің өліміне қатысы болмаса да, себепші екеніне Қалиханның өзін сендіріп қояды.
Арада 20 жыл өтті. Жұлдыз бен Айдана университеттің студенттері. Айдана – педагогика факультетінде грантта оқиды, ал Жұлдыз – журналистиканы таңдаған. Бірі үмітсіз басталған махаббатына қол жеткізіп, тұрмысқа шықса, енді бірі үлкен той алдында қайғыға душар болады. Қайғы мен қуанышқа толы шытырман оқиғаның соңында жауапсыз қалған Айдананың әкесінің өліміне кімнің себепші болғаны, Жұлдыз бен Айдананың жеке бастарының да, өз махаббаттарының құпиясы да ашылмақ.
«Тағдыр» телехикаясын түсірген режиссер Айдын Сахаманов бұл фильмге түрлі тағдыр иелерінің өмірі арқау болғанын айтады. «Әр жұмыстың өзінің қиындығы болады. Бұл көркем фильмге де, сериалға да қатысты. Сондықтан, «Тағдырдың» да өз қызығы мен шыжығы болды», – дейді режиссер.
– Айдын аға, «Тағдыр» телехикаясын түсіру оңай болмаған шығар. Өйткені бұл телехикаяның тақырыбында көрініп тұрғанындай, адамдардың әрқилы тағдыры болады. Бұл «Тағдырдың» қиындығы неде?
– Сериалдың синопсисін және сценарийін бізге «Астана» телеарнасы ұсынды. Біз тек орындаушымыз. Негізі, туынды көңілімізден шықты. Себебі бұл телехикаяда еш жасандылық, жалғандық жоқ. Барлығы да өмірдегідей. Кейіпкерлер, түрлі оқиғалар, отбасындағы қарым-қатынас, кәдімгі қарапайым қазақтың бір әулетінің 20 жылда басынан кешірген жағдайлары. Кез келген көрермен бұл телехикаядан өзінің өмірін көре алады.
– «Тағдыр» сериалында қанша отбасының тағдыры бейнеленген?
– Бірнеше отбасының тағдыры бар. Негізінен сегіз кейіпкердің тағдыры туралы сөз болады.
«Тағдыр» телехикаясында Зейнеп апайдың рөлін сомдаған актриса Шәмшәгүл Меңдиярова. Шәмшәгүл апай Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының белді актрисасы. Шәмшәгүл апай кейіпкері Зейнептің өзінің көңілінен шыққан рөлдерінің бірі болғанын жасырмайды.
Шәмшәгүл апай «Тағдыр» сериалына кастинг арқылы келіпті. «Қазақы дүниетанымы бар, қазақ әйелінің бейнесі ғой – менің кейіпкерім. Күйеулері қайтыс болса да, шаңырақты шайқалтпай отырған қазақтың апа-әжелері өте көп. Өзіңнің әжелеріңнің арасында да сондай аердақты жандар болған шығар. Сол себепті де, Зейнептің образы мен үшін бөлек. Зейнеп образы арқылы әженің балаға, немереге деген махаббатын көрсетуге тырыстық. Сериалдың бір қызығы, көркем фильм сияқты емес. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін біле бермейсің. Ал фильмде бас-аяғы жинақы, сезіліп тұрады ғой. Сериалда мүлдем басқаша. Түсіру алаңына келесің, өзіңнің кейіпкеріңді ойнайсың. Сосын кете бересің. Бұл жерде басты нәрсе – жалғыз актерге ғана байланысты емес. Негізгі міндет режиссердің өзіне тиесілі», – дейді Шәмшәгүл апа.
«Тағдыр» фильміндегі басты кейіпкерлер Жұлдыз бен Айдананың бейнесі екені рас. Жұлдыздың образын ойнаған жас актриса Зарина Карменова өз кейіпкері арқылы көп дүниені түсінгенін айтады. Дарынды жас актрисаның «Тағдыр» телехикаясы кино өнеріндегі алғашқы баспалдақтарының бірі.
– Зарина, Жұлдыз рөліне қалай келдіңіз?
– Ел қатарлы кастингке қатысып, бірнеше кезеңнен өттім. Кастинг кезінде, бізге ең қиын сахнасын ұсынды. Басты кейіпкердің ролін ойнадым. Кастинг кезінде жақсы көрген жігіті қайтыс болғанын естіген сәттегі Жұлдыздың бейнесін көрсету болды. Соны бес рет қайталаған шығармын. Тіпті, соңында көз жасым да таусылып қалды. Кастинг дегеннің өзінде бірнеше маманның алдынан өтесің. Продюсер сенің ойнағаныңды ұнатқан күнде де, оны телеарна басшылығы қарау керек. Осылайша, бірнеше сатыдан өттік.
– Сіздің кейіпкеріңіз қандай жан?
– Жұлдыз өте таза, пәк жан. Бірақ мінезінде еркелік те, қатыгездік те бар. Өйткені, ананың мейірімін көрмей өсті. Анасы босанып жатып, қайтыс болды. «Тағдырда» мен анасының да рөлін ойнадым. Себебі, екеуі бір-біріне ұқсауы тиіс болды. Бұл сериалда барлығы тура өмірден алынған. Мұның басқа сериалдардан айырмашылығы да осында.
– Бұл сериалдың тағы қандай ерекшелігі бар?
– Мұнда тек қана махаббат баяндалмайды. Бұл сериалдың өн бойында достық та бар, адалдық та бар. Көреалмаушылық та, арамдық та кездеседі.
– Жұлдыздың бейнесін ойнау сізге ешқандай қиындық тудырмады ма?
– Қиын болғанын жасырмаймын. Мен өзім өмірде тым сезімге берілгіш жанмын. Қуансам, шын жүрегіммен қуанам. Жыласам да солай. Ал Жұлдыздың табиғаты мүлдем басқа. Ол қуанса, шын жүрегімен қуана алмайды. Өкпелегенін де көрсетпейді. Жұлдыз ешқандай қиыншылық көрмеген қыз. Ғашық болды. Жігітінен айрылды. Менің кейіпкерім сериалдың өн бойында көп құбылып отырады. Сол жағынан келгенде, аздап қиналдым. Ең бастысы, бұл сериалда өте мықты режиссермен жұмыс істедім. Осы телехикая барысында мықты-мықты актер-актрисалармен бірге жұмыс істегенімді мақтан тұтам. Маған бұл сериал тәжірибе алмасу мектебі болды десем де болады.
«Астана» телеарнасының көрермендері 20-сериядан тұратын бұл теленовелланың кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге жұбанатын болады. Бұл сериал арқылы көрермендер бірде махаббатты қорғаса, бірде олармен бірге мұңға бататын болады. Ең бастысы, бұл телехикаяда адамдардың тағдыры бар. Яғни, сенің, оның және басқалардың тағдырын кездестіресіз.
Ендеше, 10 қаңтардан бастап дүйсенбі-жұма күндері сағат 19.00-де «Астана» телеарнасында жаңа сериал. Өткізіп алмаңыз!
Айтпақшы, бұл «Астана» телеарнасының жалғыз төл телехикасы емес. Мамыр айында ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынасты сипаттайтын 20 сериялық комедиялық телехикая эфирге шығады. Күтіңіздер, күлкіге кенелесіздер!
Гүлзина Бектасова