МӘРЕГЕ ЖЕТКЕН «ДАЛА ДАУЫСЫ»

МӘРЕГЕ ЖЕТКЕН «ДАЛА ДАУЫСЫ»

МӘРЕГЕ ЖЕТКЕН «ДАЛА ДАУЫСЫ»
ашық дереккөзі
256

Өткен аптада Астанадағы Қазмедиа орталығының зәулім концерт залында «Қазақстан» ҚТРК акционерлік қоғамы құрамындағы Қазақ радиосының халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің гала-концерті өтті. Қазақ радиосының директоры Махат Садық мырза атап өткендей, еліміздің және түркітілдес елдердің 130-дан астам өнер дүлдүлдерінің қатысуымен жеті айға созылған байқау өзінің мәресіне жетті. Осы уақыт ішінде тыңдармандардың мейлінше көп дауысына ие болған 25 әнші бұл халықаралық радиофестивальдің жеңімпазы атанып, арнайы сый-сияпатқа ие болды.

«Дәстүрлі ән» және «Эстрадалық ән» номинациялары жеңімпаздары қатарынан Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, Досымжан Таңатаров, Жұбаныш Жексенұлы, Гүлнұр Оразымбетова секілді майталман әншілермен бірге жаңа есімдер де табылып, тамаша өнерлерімен көпті сүйсіндірді. Мәселен, Қытайдан келген бауырларымыз ежелгі қазақи әндерді тамылжыта орындап бойыңды бір сергітсе, Түркиялық дуэт «Балапан қаз» халық әнімен шетте жүрген отандастарымыздың өздерінің туған жеріне, еліне деген ыстық сағыныштарын шебер жеткізе алды, ал кәріс жігіттерінің «Премиум» квартеті өте жоғары деңгейде қазақ әнін нақышына келтіре әндетіп, дүйім жұртты риза етті. Бұл байқау, түптеп келгенде, бұқаралық ақпарат құралдары ішіндегі байырғы да қарапайым, жедел де қолжетімді түрі саналатын радионың басты қаруы тек өткір сөз бен ұшқыр ой ғана емес, сонымен қатар әсем әнімен де тұңғиық терең тыныс тылсымында жатқан сезімдерді оятып халықтың жігерін жанып, рухын көтеретін бірден бір ақпарат көзі екендігін көрсетіп берді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Борашев Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың құттықтау хатын оқып берді:«Дала дауысы» радиофестивалінің мәні мен орны бөлек. Бұл фестиваль қатысушылар мен тыңдармандардың саны жағынан ауқымды шараға, айтулы мерекеге айналды… «Дала дауысы» музыка өнерінің кәсіби жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып, болашақта жоғары беделге ие болады деген сенімдеміз» делінген онда.«Дала дауысы» халықаралық бай­қауы­ның жеңімпаздарын марапаттау құрметіне ие болғандардың қатарында «Егемен Қазақстан» газеті Акционерлік Қоғамының президенті Сауытбек Әбдрахманов та болды. Ол концерттің беташарын ашқан дәстүрлі әнші Елмұра Жаңабергеноваға «Дала дауысы» радиофестивалінің арнайы әзірленген дипломы мен кәдесыйын тапсыра келіп: «Халқымыздың дәстүрлі ән өнерін әртүрлі пішінде, әр түрлі әдіс-тәсілдермен насихаттау құптарлық қадам. Алда «Дала дауысы» радиофестивалі дәстүрге айналады деп ойлаймыз. Мұндай шаралар біздің ұлттық өнерімізді насихаттауға зор үлес қосатындығы анық», – деді.Сондай-ақ, байқау жеңімпаздарын марапаттауға Парламент депутаттары, өнер қайраткерлері, мәртебелі шетелдік қонақтар мен бизнес өкілдері қатысты. «Бас редакторлар клубы» Қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай мырза «Эстрадалық ән» номинациясының жеңім­­пазы атанған белгілі әнші Баян Нұрмышеваны Клуб мүшелерінің атынан құттықтай отырып, сыйлық табыс етті.

Есен БАЙНҰР

Серіктес жаңалықтары