Кәсіпкер үшін таптырмас құрал

Кәсіпкер үшін таптырмас құрал

Кәсіпкер үшін таптырмас құрал
ашық дереккөзі
544

Қоғамда кәсібін өрге домалатып, нәпақа табуды көздейтіндер көп. Кәсіпкерлік те кез келген адамға қол емес. Оған шын ынта-ықыласыңмен ден қоймасаң, әрбірден соң ебің болмаса, бәрі бекершілік.

Кейбіреулер «Осы менен саудагер немесе кәсіпкер шықпайды екен» деп өзін кінәлап жатады. Бәлкім, бұл адамның мінез-құлқына да байланысты шығар. Ал бәзбір пысықайлар ә дегеннен-ақ кәсіптің көзін тауып, айналасы бір-екі жылдың ішінде қом жинап алады. Бұл ептілікке де қатысты. Бір қызығы, нартәуекелге онша бара бермейтіндер кәсіпкерлікпен айналысуды тек қана пайда табу деп ойлайды. «Шығыс шықпай, кіріс кірмейді» деген де бар емес пе?! Осыны білсе де, аз ғана шығын үшін түңіліп, баз кешетіндер де жоқ емес. Міне, осындайда белгілі кәсіпкер Құрманғали Ашанұлының «Қазақ кәсіпкерінің әліппесі» атты кеңеске толы кітабы көмекке келеді. Соңғы он жылдың ішінде елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше қолдау көрсетілуде. Алайда, шағын кәсіптің өркендеуіне кедергілер де жоқ емес. Кәсіпкерлік саласының қалтарыстары мен бұлтарыстарына соқтықпай өту үшін не істеу керек? Мұның жауабы да осы еңбек құралында нақты берілген. Мәселен, кітап авторы Құрманғали Ашанұлы кіріспе сөзінде: «Өзінің шағын кәсіпорнын жаңадан ашқан жас кәсіпкерге керек нәрсе — қаржы, жер телімі, жылжымайтын мүлік. Міне, осы үшеуіне бізде көбінесе ақшасы барлар мен тамыр-танысы мықтылар ғана қол жеткізіп жүр. Қолдан жасалған басқа қиыншылықты былай қойғанда, оны ашу үшін қаншама құжат жинап, құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келеді…» деп қарапайым кәсіпкердің басындағы жағдайды ашық айтады. Ең ұтымдысы – «Қазақ кәсіпкерінің әліппесінде» нанын адал тауып жегісі келетіндер үшін түрлі қағидалар мен ережелер берілген. «Бірінші, шағын бизнесті бастаған кезде дереу байып кетемін деп ойламау керек. Екінші, бизнесте ұшырасатын барлық қолайсыздықтарға шыдас берсең, кейін оның жемісі болмай қоймайды. Үшінші, шағын бизнесті екі адам болып бірігіп бастап және одан аспауы керек. Өйткені, жалғыз өзіңе қиын болады. Ал, үшінші адам серіктессе, алауыздық туындайды. Кәсіпкерлік – күндіз-түні тынымсыз еңбек етуді қажет етеді. «Ақша табу оңай, бірақ оны ұстап тұру өте қиын» деген қағиданы есіңізге мықтап түйгеніңіз абзал…», – дейді автор. Кәсібін жаңа бастаған азаматтар үшін қажеттінің бәрі осы еңбекте. Біз негізгі деген үш қағидаға ғана тоқталып өттік. Қазақ кәсіпкерінің тасын өрге домалататын отыздан астам пайдалы кеңес кездейсоқтықтан емес, кәсіпкердің өмір жолы, тәжірибесі арқылы туындаған. «Көп жасағаннан емес, көп білгеннен сұра» демекші, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген автор болашақ әріптестеріне адаспайтын жол сілтеуді мақсат санайды. Автордың кішкентай ғана еңбегі қаншама кәсіп көзін ашқысы келетіндерге пайдасы тиюде. Себебі, «Қазақ кәсіпкерінің әліппесі» осымен екінші мәрте толықтырылып, жарық көрді. Әуелгі шыққаны сол сәтте-ақ оқырманның қолдауына ие болып, тарап үлгерді. Ал құнды кеңеске толы кітапты қайта басып шығаруға «Қызылорда-Қанағаты» ЖШС баспаханасының директоры Ермек Аяпов қолұшын беріп, ерекше ілтипат білдірді. Демек, келешекте Құрманғали Ашанұлының «Қазақ кәсіпкерінің әліппесі» кітабы кәсіпкер болғысы келетін әр азаматтың үйінің төрінде тұратын болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары