Аяулы Әдекеңмен сырласып

Аяулы Әдекеңмен сырласып

Аяулы Әдекеңмен сырласып
ашық дереккөзі
263

Жуырда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Әди Шәріповтің 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми конференция өтті. Онда ҚР ҰҒА академигі С.Қирабаев, институт директоры У.Қалижанов және институт қызметкерлері Г.Орда, С.Ананьева баяндама жасады. Олар Әди Шәріповтің мемлекет қайраткері, зерделі зерттеуші, партизан жазушы, «жақсылыққа жаралған жан» екенін баса айтты.

Үстіміздегі жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әди Шәріповтің 100 жылдық мерейтойы Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында аталып өтті. Мұндай шараның ұйымдастырылуына Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі де ерекше ықылас танытқан еді. Қазақ әдебиетіне мол үлес қосқан ғалымның мерейтой салтанаты бұрын өзі директор болған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жалғасын тапты. Осында өткізілген конференцияда баяндамалармен қатар «Әдебиеттің сырлы әлемі» (2012) атты Әди Шәріповтің таңдамалы зерттеулері енген кітабының тұсаукесері жасалды. Жазушылығымен қоса Әди Шәріповтің әдебиеттануға да қосқан үлесі зор. Аталған кітап 3 бөлімнен, кіріспеден және ғылыми түсініктерден тұрады. Алғашқы бөлімі «Жұмағали Саинның өмірі мен творчествосы» деп аталды. Құрылымы: «Жұмағали Саинның өмірі мен ақындық жолының негізгі кезеңдері»; «Ж.Саинның лирикалық поэзиясы» атты екінші тарауы «Іздену жолдары», «Жалынды жылдар жолдары», «Еңбекпен достық поэзиясы», «Ж.Саин өлеңдерінің лирикалық көркемдік ерекшеліктері» деген тараушалардан тұрады.

Кітапта Ж.Саинның шығармашылығы талданып, өмірлік жолының өткелдеріне шолу жасалған. Ғалым ақын лирикасы мен поэмаларын талдап, ақындық шеберлігіне тоқталады. «Жұмағалидың ақындық қалыптасу, творчестволық өсу жолы тез өтті. Әдебиетке отызыншы жылдардың орта шенінде келген Жұмағали үлкен ақындардан үйрене, іздене жүріп, өз бағытын, өзінің ақындық бетін тез тапты», – дейді ғалым.

Сонымен қатар автор Ж.Саинның Ұлы Отан соғысы кезінде жазған шыншыл өлең жолдарына назар аударады. Олар – «Аттанайық майданға», «Садағаңмын сенің», «Шайқасқа кеттім сен үшін», «Жабыға берме, жан сәулем!» және т.б. өлеңдер. Автор пайымдауынша, Жұмағалидың «Ұрыстан кейін», «Донец», «Днепрге қарады», «Қанжар» сияқты өлеңдері эстетикалық-тақырыптық жағынан жоғары деңгейде жазылған дүниелер.

Кітаптың екінші бөлімі «Қазіргі дәуір және қазақ совет әдебиетінің даму проблемалары» деп аталған. Онда Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтың шығармалары зерттеледі.

Жинақтың «Сырбай Мәуленов творчес­тво­сы» атты соңғы бөлімінде Ә.Шәріпов қазақтың көрнекті лирик ақыны Сырбай Мәуленов поэзиясын жан-жақты зерттеген. Бұл еңбегі «Ақын жолы – өлеңдері», «Жалын кешкен жылдар», «Ақынның саяси-әлеуметтік лирикалары», «Махаббат және көңіл-күй лирикалары», «Табиғат сыры», «Поэзия» баллада және очерктер, «Көркемдік табыстар» деп аталатын тараулардан тұрады. С.Мәуленовтің орыс тіліне аударылып, Мәскеу баспаларынан жарық көрген жинақтары да оқушы назарын аударарлық. С.Мәуленовтің Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары шығармашылық тұрғыдан қатты өскенін атап өтеді. Көркем шығармаларының шеңбері өте кең, кішкене ғана өмір құбылысынан да үлкен әлеуметтік ой түйетінін дәлелдейді. Еңбекте ақын лирикасының үш түрлі қасиетін ерекше атап көрсетілген. Ол біріншіден, ақын көзінің қырағылығы, жүрегінің сезімталдығы, ой ұшқырлығы оқырманын өзіне жақындата түседі. Екіншіден, кейбірде шиыршық атып, құбылып тұрған ұйқастар мен ырғақтар оқырманын өзіне баурап, сүйсіндіріп отырады. Үшіншіден, ақын сөзбен қалаған бейнелі суреттер мен жанды образдар суреттеліп отырған оқиғаны, объектіні оқырман қауымы терең ұғынып, оны көз алдына елестетеді. Сондықтан да ақын образы сөзге ғана арқа сүйеп қоймай, ырғақпен ұйқастың жаңаруын ойлайды. Ақын жаңа ұйқас пен ырғақты реалды өмірден алады» – деп жазады зерттеуші.

Жинаққа ғылыми түсініктер жазып, жауапты редактор жұмысын атқарған – филология ғылымдарының докторы Г.Ж.Орда.

Г. Елеукенова,

филология ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары