Күнгейден қысқа хабарлар

Күнгейден қысқа хабарлар

Күнгейден қысқа хабарлар
ашық дереккөзі
148

Темірланға су тасқынынан қауіп жоқ

Жыл басында Оңтүстік Қазақстан облысының біраз аймақтарында су тасқыны болып, жүздеген үйлерді су басып, елді біраз әбігерге салғанын әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Табиғи апаттың себебі жан-жақты сараланып, бұдан бұлай мұндай қиындықты болдырмас үшін жергілікті билік қолда бар мүмкіндігін пайдалана отырып, әртүрлі алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Сол су тасқыны кезінде әсіресе Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылы қатты зардап шеккен болатын. Мемлекет топан судың басуына басты себепші болған Найманарық каналын кеңейтіп, жанына қашыртқылар салатынын мәлімдеген-ді. Сөйткен тірліктің алды бүгіндері аяқтала бастапты.

Ала жаздай Темірланды тасқын судан қорғайтын тоспаның жұмысын жүргізген мердігерлер өзіне алған міндеттерін ақыры тәмәмдады. Қазір елді мекен арасынан өтетін қашыртқының құрылысы жүргізілуде. Ұзындығы 3,5 шақырымдық каналдың көп бөлігі бетонмен қапталып, нығайтылыпты. Қылышын сүйреткен қыстың жақындауына байланысты қашыртқы құрылысын бес мердігер атқарып жатыр екен. Қазір жұмыстардың 50 пайызы орындалған.

Жазық даладағы су тоспасына 6 млн. текше метр су жинауға мүмкіндік бар көрінеді. Бұйыртса, биылғы қыстан бастап, «Палуан сай» су тоспасы пайдаға асатын болады. 66 млн. теңге жұмсалған құрылыс қазір толығымен аяқталған.

Бүгіндері сондай-ақ «Найманарық» қашыртқысының да құрылысы жүргізілуде. Арнасы кеңейтілген канал бұған дейін секундына 8 текше метр су өткізсе, енді 15 текше метрге дейін ағыза алады. Жалпы ұзындығы үш жарым шақырымды құрайтын канал жұмысына бес мердігер тартылған. Қашыртқыны темір бетонмен қаптап, нығайту жұмыстарына 405 млн. теңге қаржы бөлінген.

Айта кететін бір жәйт, «Найманарық» қашыртқысының оң жақ қатпалында бес үй орналасқан. Мұндағы тұрғындар канал құрылысы аяқталса, көлікпен көшеге шыға алмай қаламыз деп уайымға салынып отыр. Өйткені арықтан өтетін өткел жоқ екен. Солардың бірі Нұрлан Жанабай есімді тұрғын үйін үкімет берген 4 млн. теңге өтемақыға қайта тұрғызып алыпты. Бірақ, өткелдің болмауынан қыста қиналып қалатын болдық дейді. Ал аудан әкімі болса бұл мәселе міндетті түрде шешіледі деп отыр. Демек, арықтың құрылысы аяқталса, көпір де, жолдар да қалыпқа келтіріледі деген сөз. Қазір канал бойымен апатты суды бөліп тастайтын қосымша тоспалар орнатылып жатыр. Оның бірі Арыс өзеніне, екіншісі Түркістан каналына құяды. Аудан басшылығы 2008 жылдан бері 4 жыл бойы азапқа салған арықтан енді қауіп жоқ деп сендіріп отыр.

Жылыжай жұмысы

жандануда

Ордабасы ауданы Темірлан елді мекені, Қайнар ауылында орналасқан 8 жылыжайдағы көкөністерді өсіру ісі 3 шаруаға жүктелген. Олар еткен еңбегінің арқасында күніне 200-300 келіден қияр-қызанақ жинайды.

Жалпы республикадағы жылыжайлардың 85 пайызы біздің облысымызда. Егін шаруашылығына ауа-райы аса қолайлы өңір үшін озық технологияны игеру аса қиын болмады. Мәселен 2009 жылы бар болғаны 24 гектар жерге жылыжай орналастырылса, бүгінгі таңда көлем артып, 541 гектарға жетті. Сәйкесінше өнім көлемі де артып отыр.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбековтің айтуынша, жылыжай шаруашылығындағы бірінші айналымнан дихандар 68 мың тонна көкөніс жинаған. Ал екінші айналым 130 тоннаға дейін өнім берген. Ал 2016 жылы жылыжай орналастырылатын жердің көлемін Елбасының тапсырмасына сәйкес 800 гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Бүгінгі күннің өзінде облыс, еліміздің солтүстік аймақтары және Германия мен Ресейді бақша өнімдерімен қамтамассыз етіп отыр. Қазірдің өзінде жағдайымыз жаман емес дейді ауылшарушылығының баспасөз турында басқарма басшысы.

Шардарадағы

маңызды дамба

Шардара су қоймасында дамба құрылысы басталды. ҚР АШМ Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Ислам Әбішев бұл бөгеттің құрылысы бізге өте қажет дейді.

Мемлекеттік қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау кезінде Шардара мен Мақтаарал арасындағы жол бөлігі Өзбекстан аумағында қалып қойған болатын. Тұрғындардың көрші ауылға баруы үшін әркез шекараны кесіп өтуге мүмкіндіктері болмай келген. Ал ол жаққа алып барар жалғыз жол 200 шақырымға ұзақ болатын. Бір шетінен Арнасай тоғанына алып баратын жол да жабылып қалған-ды. Биыл Шардара су қоймасында судың деңгейі 5 млрд. 200 текше метрден асқаннан кейін жағдай қиындай түскен. И. Әбішевтің сөзіне қарағанда, үлкен қауіп болған ұқсайды. Барлық жұмыстар биыл аяқталуы тиіс, бөгеттің табаны Шардара су қоймасының түбімен өтетін болады. Бөгеттің ұзындығы – 34 шақырым, жұмыстарды 26 мердігерлік ұйым атқаруда, оған 800-ден астам адам тартылыпты.

Ислам Әбішев,

ҚР АШМ Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы:

Көксарай су реттегішіне және Шардара су қоймасына судың толық көлемі қабылданған, ал төтенше жағдай бола қалған жағдайда техниканың жетуіне мүмкіндік болмайды. Жаңа бөгет дамбаның жарылып кетуінен қауіпсіздендіріп, Шардара су қоймасының оңтүстік жағасын нығайтады.

Шаруалар бір ғана дақылмен шектелмеуі

керек

Мақтаарал ауданындағы «Қаршыға» фермерлік шаруа қожалығында өткен облыстық-семинар кеңесте өңір шаруа­ларының бір ғана дақылға сүйеніп қалмау керектігі сөз болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қ.Оспанбеков еңбеккерлердің бау-бақша саласына да назар аударуы қажет екендігін айтты.

Бүгінде тамшылатып суғару тәсілімен өсірілетін бау-бақша өнімдерінен түсетін пайда мол. Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, АҚШ-та бау-бақшадан жиналған 100 алманың 95-і тұтынушыға жетеді екен. Облыс дихандары да шетелдіктердің бұл тәжірибесін меңгергені абзал. Мақтааралдағы «Қаршыға» фермерлік шаруа қожалығына қарасты өнеркәсіптік бау-бақша алқабы бұл тәжірибені облысымызда да қолдануға болатындығын көрсетті. Қазір 80 гектардан астам алқапқа түрлі бау-бақша дақылдары егіліп, жеміс-жидектің көшеттерін өсіру де қолға алынуда. Бұл өз кезегінде көшеттерді шетелдерден сатып алуға деген мұқтаждықтан құтқаратын болады. Әдетте, мақта егуге маманданған мақтааралдықтар бау-бақша дақылдарынан да мол өнім алуға болатындығына көздері жетіп отыр. Әсіресе, облысымызда кеңінен қолданысқа ене бастаған тамшылатып суғару тәсілін бау-бақша саласына қолдану да шаруалар үшін үлгі болуы тиіс.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары