Президенттік олимпиада өтті

Президенттік олимпиада өтті

Президенттік  олимпиада өтті
ашық дереккөзі
483

Жуырда Теміртау қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден Президенттік V олимпиада ұйымдастырылды. Теміртауда болған бұл олимпиада «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының қолдауымен өтті. Президенттік олимпиадаға еліміздің әр өңірінен жиналған 200 оқушы химия, физика, математика және биология пәндерінен бақ сынасты. Президенттік олимпиадаға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан дарындар қатысып, өздерінің біліктіліктерін көрсетті.

Олимпиаданың Қарағанды облысын­дағы Теміртау қаласында өткізілуінің де өзіндік сыры бар. Өйткені жылда Астана төріне дарынды жастарды жинайтын шараны ұйымдастырушылар биыл Елбасының алғаш еңбек жолы басталған құрыш қалада өткізуді ұйғарыпты. Тек жаратылыстану мен математика пәндерін ғана қамтып келген Олимпиаданың биылғы жүгі ауыр болған сыңайлы. Ауыр болатын да жөні бар. Математика, химия, физика және биология пәндерін бірдей меңгерген ең білімді оқушылар іріктеліп отыр. 4 жыл бойы Олипмпиаданың жеңімпазы атанған 57 оқушы бүгінде әлемдік үздік жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруда. Биыл да І, ІІ, және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған жүлдегерлер білім гранттарын иеленді.

Солардың бірі – Қайрат Әшім. Ол биылғы жылы химия пәнінен Лондонда өткен Дүниежүзілік олимпиаданың алтын жүлдегері. Жас дарын келешекте ғылыми жұмыстармен айналысып, Нобель сыйлығының иегері болуды армандайды. Президенттік олимпиаданың ережесі де оңай емес, төрт пәнді бірдей жақсы білу әр оқушының қолынан келе бермейтіндігі белгілі. «Лондондағы олимпиадада химиядан бір бағыт болды, сондықтан бар мүмкіншілігімді бір салаға салдым» деген жас дарын Қайрат Әшім: «Олимпиада екі турдан тұрды. Олар эксперименталдық және теориялық. Бірінші турда белгілі эксперименттер жасаймыз, ал екінші турда есептер шығарған болатынбыз», – дейді.

Белгілі профессор, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың оқытушысы Құр­ман­ғали Бекішев: «Біз жаратылыстану-математика бағытындағы жақсы білетін балаларды іздеп, табамыз деген ойдамыз. Биыл оңай болмайды, ал болашақта жеңілдіктер болады деп ойлаймыз», – деп алыс Альбионда өткен сынақ сәттерін сағынышпен еске алады.

Президенттік олимпиада осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2008 жылы ұйымдастырыла бастаған еді. Олимпиаданы ұйымдастырушылар: «ҚР Білім заңына сәйкес Президенттік олимпиада жүлдегері атанған оқушылар жоғары оқу орындарында мемлекеттік гранттарды иеленуде басым құқыққа ие», – дейді. Президенттік олимпиада 8 желтоқсанға дейін жалғасты. Ал олимпиадада озық шыққан жеңімпаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамоталарымен марапатталды. Сонымен бірге, «Нұр Отан» ХДП-ның Қарағанды облыстық филиалының басшылығы жүзден жүйрік шыққан дарындарға арнайы сыйлықтар тарту етті.

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары