ҚАЛДАЙБЕК ҚАСІРЕТІ ЕЛ ЖАДЫНДА

ҚАЛДАЙБЕК ҚАСІРЕТІ ЕЛ ЖАДЫНДА

ҚАЛДАЙБЕК ҚАСІРЕТІ  ЕЛ ЖАДЫНДА
ашық дереккөзі
1110

Қазақстанда ядролық қаруды сынай отырып, бұрынғы кеңестік жүйе өзінің құрамындағы «одақтас», ал, шынтуайтында, отар елдің халқына қарсы адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған аса қатерлі қастандықты шімірікпестен жасады. Қазақ КСР аумағында, ал, нақтырақ айтқанда, Семей облысында 1949 жылдан бастап, 500-дей ядролық жарылыс болды. Біздің республикамызда радиациядан жарты миллионнан астам адам залал шекті. Бұл жүздеген, мыңдаған адамды біржолата денсаулықтан айырып, тіпті өміріне қауіп төндірді. Олардың көпшілігі күш-қуаты тасыған шағында дүниеден өтіп те кетті.

…Ұлы Абай еліндегі радиациялық жарылыстар аздай, Қазақстанның батысының да ту-талақайын шығарып, Жеріміздің бүтін сынақ алаңына айналдырылуы – «бейбітшіліксүйгіш» социализмнің құйтырқылы солақай саясатын әшкерелеп, алдамшы бетпердесін сыпырды.

1989 жылы ақпан айында көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің ерік-жігерімен «Невада-Семей» қозғалысы құрылып, оны аждаһа апанындағы Семей жұртшылығынан бастап, Қазақ елінің түкпір-түкпіріндегі озық ойлы азаматтар жан-жүрекпен қолдап, іліп әкеткені белгілі. Өткен ғасырдың аяқ шенінде өмірге келген Халықаралық қозғалысты дәл сол кезеңде Ақтөбе аймағында алғашқы болып, 20 азамат батылдықпен жедел түрде қолдады, олар: А.Адаев, Ж.Айжанов, Г.Төрединқызы, М.Әділханов, Т.Бөлек, А.Елеуов, С.Ерғалиев, Б.Жақанұлы, А.Италиев, І.Көбенов, И.Қалпенов, Х.Каримов, Х.Қырқымбаев, Ж.Молдашев, С.Мұстафин, С.Нағметоллаұлы, О.Оразалин, Ж.Сейітмағамбетов, Т.Үмбетов, Ұ.Шынтемров.

Уақыт өткен сайын елде қозғалыстың қарқыны күшейіп, полигонды жабуға байланысты халықтан қол жинау акциялары бұқаралық сипатқа ие болды. Ортақ іс-әрекет жоспарын үйлестіру бағытында шетелдік экологиялық қозғалыстармен бірлескен күшке айналып, әлемдік қауымдастық алдында Қазақстандағы ядролық сынаққа қарсы мораторий жариялауға шақырған ұсыныстар жасалды.

1991 жылы мамыр айының соңында 30 ақтөбелік азамат, «Жем» қоғамдық экологиялық ұйымының һәм «Невада-Семей­дің» белсенді мүшелері, тәуекелмен Байғанин ауданы Жарқамыс ауылдық округіне қатысты Қалдайбек ауылына барды. Кеңестік отарлау кезінде Ақтөбе облысының бір ғана Байғанин ауданында 45 жылда 11 ядролық жарылыс жасалған болатын. Ал, шағын ғана Қалдайбек елді мекенінен небары 18 шақырым жердегі сынақ полигонында 1987 жылы жойқын ядролық сынақ жүргізілген. Сол жолы соңғы атомдық жарылыс ошағы болған жерде халықпен кездескен патриоттар… ащы да болса, небір ақиқат шындықты көзбен көріп, құлақпен естіді.

Полигонмен іргелес елді мекен тұрғын­дарының денсаулығы күрт нашарлап, олардың арасында бұрын қазақ халқы ешқашан естімеген түрлі ауру-сырқаулар күрт көбейген. Аналардың түсік тастауы, нәрестелердің шетінеуі жиілеген. Ал қаншама бейкүнә сәбидің өмрге келмей жатып, кемтар жаралып, азап көргені, бір Аллаға аян. Тұңғыш рет шеттен келіп, хал-ахуалдарын ашық сұраған азаматтарға ауыл адамдары көкіректегі запырандарын ақтарып, сауалдарын қойып, өтініштерін жеткізді. Бір кейуана: «Қарақтарым-ау, бір түнде орындарынан тұрмай қалған он үш түйемнің обалы кімге?» деп көзіне жас алғанда, атпалдай азаматтар қалай жұбатарын білмей, бармақ тістеген-ді.

Сөйтіп, Ақтөбеге оралғасын, Қалдайбек елді мекені аумағында соңғы рет 1987 жылы болған жойқын ядролық жарылыс ақиқатын һәм әскери құпия болып келген ядролық сынақ полигоны туралы шындықты ел көлемінде айқайлап тұрып, ашынып айтқан да осы азаматтар болды. Бір ғана облыстық радио эфирінен «күйіп тұрған тақырыпқа» арналған 20 хабар берілді. Бұл жұртшылықты дүр сілкіндіріп, «кеңестік ұйқы» құрсауындағы қоғамды оятты. «Қалдайбектегі қасірет» деректі фильмі түсірілді.

Кейінірек бұл жерде жүргізілген тексерулер радиация қалыпты мөлшерден асып, кейде, тіпті 20 микрорентгеннен 65 мкр-ге дейін жеткенін көрсеткен. Ал табиғатқа зиянсыз мөлшері 5-6 микрорентгеннен аспауы керектігін ескерсек, қоршаған ортаға қаншалықты орасан залал келгені, айтпаса да түсінікті. Сол кезде Ақжар, Қаражар аумағында киік қырғыны болып, мал шығыны өскен. Ал, иммундық жүйесі бұзылған адамдардың арасында анемия, аллергия, жүйке, жүрек, қан қысымы, қатерлі ісік, қан аздығы және тері аурулары асқынған.

Ақиқаты құлыптаулы атом полигонының шындығын ашып, оның жабылуына атсалысқан азаматтардың кейбірі соңынан біраз қудалау көрді. Яғни қоғамнан ығыстырылып, ортадан шеттетілді. Облтелерадиокомпания басшылығынан бастап, Кеңестік жүйенің құйтырқы саясатын қызғыштай қорыған кейбір әкімқараларға дейін патриоттарды «құпия деректі жұртшылыққа жеткізді, қоғамды қозғады» деп кінәлады. Бұл тұста елде демократиялық үрдістер жаппай белең алып, дейтұрғанмен, жергілікті билік қоғамдық наразылықтан сескенген еді.

Тыныштықты қастерлейтін, бейбіт халықтың қалауына орай, Қазақ Елінің басшысы Н.Назарбаевтың 1991 жылдың 29 тамызындағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Сөйтіп, 42 жыл бойы үздіксіз ажал сепкен аждаһаның аузына мәңгілік құм құйылды!

Сөйтіп, көп ұзамай жергілікті халық пен Б.Әділов, С.Ерғалиев, Е.Жайлыбаев, К.Ахметов, І.Көбенов, Х.Қырқымбаев, Ж.Молдашев, С.Мұстафин, С.Тәшкенбаев және мақала авторы сынды ақтөбелік азаматтардың бірлескен еңбектерінің нәтижесінде Қалдайбектегі сынақ полигоны да жабылды. Әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық қиындықтары сынақ зардабын үстемелеген өңір тұрғындарына республика тарапынан қамқорлық жасау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ауданға әлеуметтік, дәрігерлік, экологиялық көмек көрсетуге көңіл бөліне бастады.

Тәуелсіз Қазақстанның азат ойлы азаматтары былтырғы жылы сол бір тарихи оқиға – Семей полигоны жабылуының 20 жылдығын ұйымшылдықпен атап өтті.

Іргелі Ақтөбе аймағында осынау тарихи оқиғаға арналған үлкенді-кішілі іс-шаралар 2008 жылдан басталды. Ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей» қозғалысы Батыс Қазақстан аймағы филиалының ұйытқы болуымен сол жылғы 27 тамызда облыс орталығында «Таза табиғатпен– ядролық қарусыз ғасырға!» облысаралық Экологияны қорғау акциясы көлемінде ғылыми-теориялық мәслихат өткізілді. Халықаралық қозғалыстың 20 жылдығына орай, белсенді мүшелеріне салтанатты түрде Алғыс хаттары тапсырылды. «Бейбітшіліе шеруінің» ақ ниетті адал достары – ақ көгершіндер ұшырылып, Ақтөбе аспанында тыныштық сақшылары еркін қанат қақты…

Ал биылғы жылғы 2 қарашада, қасиетті жұмада, «Невада-Семей» қозғалысының облыстық бөлімшесінің мұрындық болуымен Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында ерекше тарихи оқиға орын алды. Кезінде осы Жарқамыс ауылдық округінің бір бөлімшесі болған Қалдайбек елді мекенінің аумағында соңғы атом бомбасының жарылғанына 25 жыл толуына орай, жарылыс құрбандарына арналып тұрғызылған Естелік-белгі салтанатты түрде ашылды. Адам баласын ізгілікке шақыратын Ескерткіш авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жәдігер Кенбаев. Тарихи жиынға жергілікті тұрғындармен бірге, облыс орталығынан, Мұғалжар және Темір аудандарынан тілектес ағайындар жиналды. Сондай-ақ, сонау Алматы мен Семейден, көршілес Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан шақырылған қонақтар, ғалымдар, дәрігерлер мен саясаткерлер қатысты.

Әлбетте, қасиетті Қазақ даласының осынау бір алтын пұшпағы – Ақтөбе облысының Байғанин топырағында туып, есімі алты алашқа танылған тұғырлы тұлғалары аз болмаған. Сонау кеңестік шовинизм күйіп тұрған кездің өзінде бүтін бір ауданға есімі берілген Нұрпейістей дауылпаз жыраудың бесігі болған құт қоныста содан бері де тектіліктің алтын арқауы әсте әлсіреген емес. Қазақ назымсөзінде есімдері үркердей жарқырап тұрған Сағи Жиенбаев, Бәкір Тәжібаев, Есенбай Дүйсенбай сынды жыр дүлдүлдерінің құтты қонысы бұл. Ал кезінде осы ауданның орталығы болған, бүгінгі іргелі Жарқамыс ауылының өзі – бүтін бір қаламгерлер мектебі іспеттес. Қазақ әдебиетіндегі орны салмақты, қолтаңбасы айшықты жазушылар Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұқамбетқалиев, Мәди Айымбетов – осы Жарқамыстың төл перзенттері.

Айтулы оқиға Жарқамыс мектебінен басталды. «Невада–Семей» антиядролық қозғалысы филиалының жетекшісі Ізімғали Көбенов осынау ізгі бағытта атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Саясат ғылымдарының докторы, пофессор Сайын Борбасов, белгілі дәрігер, «Құрметт теміржолшы» Аманжол Адаев, қозғалыс ардагерлері Бисен Жақанұлы мен Хамит Қырқымбаев өз сөздерінде адам баласының қолымен жасалған ядролық қарудың сынағынан бейбіт елдің халқы жапа шегіп, жойқын жарылыстардың жарасы осы уақытқа дейін жазылмай келе жатқанын ашына айтты. Әскери және экологиялық мекемелердің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан бұл басқосуда Қазақстандағы ядролық сынақтардың зардаптары мен оларды жою жолдары, аймақтардағы полигондардың қоршаған ортаға, жалпы, тіршілік атаулыға төндіріп отырған қаупі сөз болды.

Экологиялық жиын үстінде табиғат тазалығы үшін күресіп жүрген қозғалыстың белсенді мүшелері марапатталды. Соның ішінде кезінде Қалдайбек ақиқатын алғашқылардың бірі болып айтып, атом полигонын жабуға атсалысқан бірер ақтөбелік азаматқа үш тілде жазылып, О.Сүлейменовтің қолы қойылған «Құрмет грамотасы» тапсырылды: «Халықаралық ядроға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының іс-әрекетіне белсенді атсалысқаны үшін. Қозғалыс 1989 жылы ақпанның 28-де Қазақстанда пайда болып, оған әлемнің жүз мыңдаған адамдары қатысты. Бірлесіп, біз Жер шарының үстінде барлық бес полигондағы ядролық қарулардың сынамаларын тоқтаттық. Рахмет!».

Бұдан кейін оқиғалы жиын ауыл бағында жалғасты. Салтанатты жиынды Байғанин ауданының әкімі М.Аққағазов ашты. Ескерткіш белгіні ашу құрметіне «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті, профессор М.Әбішев пен Жарқамыс ауылының әкімі С.Дербісов ие болды. Бұдан кейін сөз алған ауыл тұрғындары, Семей әскери полигонының ардагерлері мен Чернобыль атомдық стансасының куәгерлері ядролық жарылыстардың елге тигізген зардаптарын, ондай зұлматтың ендігі қайталанбауы үшін, елде атқарылып жатқан игілікті істерді тілге тиек етті.

Осы жерде ойын балаларымен бірге, үлкендердің сөзіне құлақ қойған Әли есімді сегіз жасар бүлдіршіннің бір қолы жоқ. «Көп балалы үйде туған жеткіншектің қолына протез салдырып беретін кім бар?» деген сауал еріксіз мазалады. Мұнда Әли сынды денсаулығындағы мүкістігі салдарынан мектепте оқи алмайтын балалар аз емес. Жарқамыс жерінде жас ұрпақтың өмірге кемтар болып келуі қабырғаны қайыстырады. Көкөрімталдардың арасында туа бітті мүгедектер, қан қысымы, жүрек пен жүйке аурулары әлі күнге дейін кездеседі. Қазақ жеріндегі ядролық полигондардың кесірінен 40 жыл бойы мың Хиросиманың күйін кешкен халқымыздың, сол аты өшкір полигондардың уын жұтып, қанына сіңіргені аздай, «кеңестік жүйе тегін тарту еткен» оның бар тақсіретін бір өзі тартып отырғаны өкінішті. Ядролық жарылыстардың адам өмірі мен денсаулығына тигізген залалы оңайлықпен сейілетін емес. Зардабы ұрпақтан ұрпаққа кететін қасіретті жеңілдетіп, жарасын жазу жолында атқарылатын жұмыс әлі шаш-етектен.

Жанарларына жас оралтқан «Қалдайбек қасіреті» әнін (авторлары: Ж.Талдыбаев пен Т.Ермағамбетов) жұртшылық ерекше тебіреніспен тыңдады. Жиын соңында ядролық жарылыс құрбандарының рухтарына бағышталып Құран оқылып, ас берілді.

Ауыл бағында алыстан «мен мұндалаған» ескерткіш-белгінің жанында «Жер Ананы қорғаймыз!» деген ұран ілінген. Тәуелсіз елдің еркін ойлы жастары алаулаған гүл шоқтарын қойып, мектеп оқушылары алаңсыз суретке түсіп жатыр. Біз де жиырма бір жылдан кейін топырағын қайта басып тұрып, сол бір Қалдайбек қасіретінің ендігі қайталанбауын, жарылыстың жанды жарасынан ел-жұртымыздың тезірек сауығуын тіледік…

…Жер бетінде ажал отын сепкен қатерлі полигонды бірінші болып жапқан бейбіт елдің азат ойлы халқы, Елбасымыздың Қазақстанмен шектелмей, бүкіл әлемді ядролық қарудан құтқару жолындағы жасампаздық істері мен ізгі бастамаларын әрқашан қолдап келеді. «Ұлым» дейтін жұрт болмаса, «жұртым» дейтін ұл қайдан туады» деп, Алаш көсемі А.Байтұрсынов айтқандай, биылғы жылдың 1 желтоқсанында, «Тұңғыш Президент күнінде» Ақтөбе жұртшылығы да Ұлт көсемін ұлықтап, игілікті іс-шараларды кеңінен ұйымшылдықпен өрістетті…

Гүлсамал Аймаханова

Ақтөбе облысы, Жарқамыс ауылы

Серіктес жаңалықтары