БАҚЫЛАУ ҚЫЗМЕТІ БЕЛ АЛМАҚ

БАҚЫЛАУ ҚЫЗМЕТІ БЕЛ АЛМАҚ

БАҚЫЛАУ ҚЫЗМЕТІ БЕЛ АЛМАҚ
ашық дереккөзі
346

Жуырда елордадағы Конгресс-Холл ғимаратында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының ХVII есеп беру-сайлау конференциясы өткен еді. Конференцияға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Астана қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысқан болатын.

Астаналық нұротандықтардың есеп беру жиыны Тұңғыш президент күнімен пара-пар келуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені Мемлекет басшысы бұған дейін әлеу­меттік жаңғырту үдеріс­терін жүйелеу мен реттеуде «Нұр Отан» партиясының алар орны ерекше екендігін атап айтқан болатын.

Елордада өткен есеп беру жиынында соңғы кездері атқарылған ауқымды жұмыстар ортаға салынды. Кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Әсіресе, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өт­кі­зуді Астананың жеңіп алуы – қазақ халқы үшін де ерекше жағдай. Осы орайда, есеп беру жиынына қатысқан делегаттар өздерінің ыстық лебіздерін жеткізді.

Пар­тия Төрағасының бірінші орын­басары Бақытжан Сағынтаев мырза: «Тәуелсіз Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халқы­мыз­ды небір қиын-қыстау кезең­дер­ден, аумалы-төкпелі уақыттан аман-есен алып өтті. Табанды әрі жан-жақты ойлас­тырыл­ған ше­шім­дері мен батыл әрі нық қа­дам­дарының арқасында елімізді, міне, бүгінгідей дамудың жоғары дең­гей­іне жеткізді», – деп атап өтті.

Бүгінгі күні қалалық партия ұйымы 323 бастауыш партия ұйымына біріккен, олардың қатарында 37 мың адам бар. Астаналық нұротандықтардың жұмыстарының негізгі бағыттары – бұл қоғамдық-саяси қызметтер, мәслихаттағы «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясымен тығыз байланыс, сыбайлас жемқорлықпен күрес, сондай-ақ, жастармен жұмыс жүргізу болып табылады.

Партия қызметін ары қарай жетілдіре түсу қажеттігіне тоқтала отырып, Партия төрағасының бірінші орынбасары «Нұр Отан» партиясының алдында тұрған басты басымдықтардың бірі партия ба­қы­лау қызметін арттырып, партияның өкілетті органдар мен бастауыш ұйымдарының рөлін күшейту ке­рек­тігі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ жиын барысында әлеу­мет­тік саладағы мем­лекеттік органдар қызметінің іс барысына мониторинг жүргізу жү­йе­сін жасақтап, же­тіл­діру қажет­тігі уақыт талабы екен­дігі де сөз болды. Партия төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, мұнымен көпші­лікпен жүзбе-жүз көрісіп, халықтың хал-жағ­дайы мен тұрмыс-тіршілігін олар­дың өзі­нен естіп отыратын қо­ғамдық қа­былдаулар айналысқаны абзал дейді.

Есеп беру жиынында партияның ішкі жұмыстарын жетілдіру, пар­тияның қалалық және аумақтық филиалдары құрылымдарын қайта қарау, саяси жұмыс жүргізу мен партия мүшелерінің санын арт­тыруға байланысты жайттар да назардан тыс қалмады. Сонымен бірге, Ас­тана қа­ла­лық филиалы құры­лы­мы «Нұр Отан» ХДП Жарғысына сәйкес­тен­ді­рі­ліп Алматы, Сары­арқа және Есіл ау­дандық филиалдары, сондай-ақ «Бір­лік», «Нұр», «Ұлттық меди­ци­налық холдинг» АҚ жанындағы филиал болып белгіленді. Сондай-ақ жиын барысында Астана қалалық филиалы бірінші орынбасары сөз алып, филиал жұмысының алдағы міндеттерін айқындап, арнайы баяндама жасады. Жиын соңында елор­да­лық филиалдың саяси кеңесі мен бақылау-тексеру ко­миссиясының жаңа құрамы бекітіліп, айқындалды.

Есепті жиында әңгіме өзегіне айналған тақырыптың бірі – ЕХРО-2017 көрмесі болды. Бұл көрменің Астанада өткізілуінің өзі зор қуаныш. Бұл көрме 2017 жылы жазда үш ай бойы елорда төрінде өтетін болады. Кейбір деректерге сүйенсек, Астанаға келушілер саны 5 млн.-ға дейін жетеді деп күтілуде. EXPO-2017 көрмесіне елорданың оңтүстік-шығыс бөлігінен, Шәмші Қалдаяқов көшесі мен К-1 айналма автокөлік жолының қиылысындағы гольф-клуб маңынан жер бөлінген. Жер телімінің жалпы ауданы 113 гектар, оның 25 гектары – кешеннің өзі, ал қалған бөлігі автотұраққа, сыртқы құрылғыларға және EXPO-2017 қалашығына арналатын болады. Сонымен, әлемдегі ең беделді әрі ең ірі көрме қазақ елінде өтетін болды. Негізінде, EXPO көрмесінің тарихы 1851 жылдан басталады. Алғашы рет Лондонның Гайд-паркінде өткен. Содан бері, Халықаралық көрме көптеген елдерде өтіп, ең беделді көрмеге айналды. Көрменің берері де көп. Мысалға, Париждегі әйгілі Эйфель мұнарасы 1889 жылы осы көрмеге орай тұрғызылғаны да белгілі.

Қазақстан халықаралық көрме тақырыбын «Болашақ энергиясы» деп таңдауы да тегін емес. Өйткені мұндай тақырыптың таңдаудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Әрі оның жаһандық өзектілігі де баршылық. Баламалы энергия көздеріне ізденістер проб­лемасы әлемдік қоғамдастық тарапынан қаншама жылдар бойы өзекті тақырыпқа айналып келеді. Жаңартылатын энергия көздерін дамытудың маңыздылығы да жылдан-жылға артып келетіні айтпаса да түсінікті. Сол себепті де, әлемдік ғылым үшін де, әлемдік экономика үшін де ең басты міндет – болашақ энергиясы болып табылары сөзсіз. Сондықтан Астананың «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдау арқылы жаһандық мәселені көтеріп отырғанын айтқанымыз абзал. Әрі бұл тақырып арқылы Қазақстан энергетиканы дамытуға өз үлесін қосуға және Астанада баламалы қуат көздері саласында таңдаулы ойшылдар мен жобаларды, инноваторлар, ғалымдарды жинауға ұмтылмақ.

Сонымен әлем назарын тігіп отырған бұл көрме «Нұр Отан» ХДП -ның да назарынан тыс қалмақ емес. Бұл көрменің Астана қаласында сапалы өткізілуіне «Нұр Отан» да мүдделілік танытып отыр.

Едіге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары