СЫР ЕЛІНДЕ – СЫНДАРЛЫ ЖОБАЛАР
СЫР ЕЛІНДЕ – СЫНДАРЛЫ ЖОБАЛАР
ӨРКЕНИЕТ САПАЛЫ БІЛІММЕН ӨРКЕНДЕЙДІ
Айтулы мерекелерге әркез толайым табыспен келетін Сыр елі Тұңғыш Президент күні қарсаңында тағы бір жасампаздықтың жарқын үлгісін көрсетті. Соның бір парасы Қызылорда қаласында № 9,10 облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының жаңа ғимаратқа қоныс тебуі болды. Білім сапасын бәсекеге барынша қабілетті деңгейге көтерудегі бұл қадам шын мәнінде, Қызылорда облысында тың серпілістің қанаттанғанын айшықтап берді. Салтанатты шараға облыс әкімі Болатбек Қуандықов қатысып, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Өркениеттің өзіндік кескінін өн бойына қалыптастырған жаңа нысанның ашылу рәсімі алдымен аймақ басшысының қоңырау соғуынан басталды. Мұнан әрі Болатбек Баянұлы оқу ғимаратымен танысып, қазақ тілі, физика, химия, шахмат, информатика, биология, ағылшын тілі кабинеттерін, сонымен бірге ҚР Тұңғыш Президенті атындағы кабинет пен оқу ордасының кітапханасын көріп шықты.
Айта кетейік, туыстас екі ел Президенттері келісімінің арқасында 1993 жылы еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, дарынды балаларға даңғыл жол ашқан халықаралық деңгейдегі білім ордалары болып саналатын қазақ-түрік лицейлері ашылған болатын. Содан бері бұл лицейлер білім берудегі өздерінің ерекше жетістіктерімен, дарынды оқушыларымен әркез топ жарып жүр. Айталық, №9 қазақ-түрік лицей-интернатында 2012-2013 оқу жылы білім алушылар саны – 235. Ал, 1993-2012 жылдар аралығында лицейді 633 оқушы бітірген. Оның 63-і «Алтын белгіге», 138-і «Үздік аттестатқа» ие болған. Шәкірттер соңғы бес жылда халықаралық деңгейде 9 алтын, 11 күміс, 17 қола медальді еншілесе, республикалық дәрежеде 6 алтын, 19 күміс, 34 қола медальді жеңіп алған. Сонымен қатар, лицей түлектерінің 22-сі Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдердің таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алса, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының стипендиялы бағдарламасы бойынша 46 оқушы еліміздегі, Қытайдағы жоғары оқу орындарында оқып, олардың алғашқы легі ел экономикасын көтеруде еңбекке араласып кетті.
Сондай-ақ, №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты 1994 жылы ашылған болатын. Сонан бері жемісті жұмыс жасап келетін лицей шәкірттері соңғы бес жылда халықаралық деңгейде 8 алтын, 6 күміс, 11 қола медальға ие болған. Сонымен қатар республикалық дәрежеде 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді. Оқу орнын бүгінгі күнге дейін 521 оқушы бітіріп шықса, оның 47-сі «Алтын белгі», 107-сі «Үздік аттестатқа» ие болғандар. Түлектердің 13-і ғылым магистрі атағына ие.
Салтанатты сәтте, жаңа лицей-интернатта Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік жиын өтті. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов жиылғандарды елімізде алғаш рет мемлекеттік мереке ретінде белгіленген Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, жаңа оқу ғимаратының қызметіне сәттілік тіледі.
– Бұл күн тарихымызда тұңғыш рет ел болып бірауыздан Президентімізді сайлаған күн ретінде алтын әріппен жазылғаны белгілі, – деді Болатбек Баянұлы сөз кезегінде. – Сонан бері де, міне, жиырма бір жыл өтті. Елімізде жасалып жатқан жұмыстар өте көп. Өзімізді әлемдік аренада танытып, мойындата білдік. Жақында ғана 103 елдің дауыс беруімен EXPО- 2017 көрмесін өткізуге мүмкіндік алдық. Мұның бәрі кемеңгер көшбасшымыз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара саясатының жемісі.
Аймақ басшысы сондай-ақ, сөз кезегінде өңірде атқарылып жатқан игілікті істерді де атап өтті. Мәселен, соңғы төрт жылда 70-тен аса жеке балабақша ашылып, бірқатар мектептер пайдалануға беріліп отыр. Биылдың өзінде 33 мектептің құрылысы жүргізілуде, ал оның жыл аяғына дейін 18-і тапсырылады деп күтілуде.
– Өздеріңіз куә болып тұрғандай, бүгінгі білім ғимаратының ашылуы соның бір парасы, – деді ендігі кезекте облыс әкімі. – Бүгінде қазақ-түрік лицей-интернаттарында 500-ге жуық бала оқуда. Бұл оқу ордасы өздерінің жетістіктерімен облысымыздың абыройын асырып келеді. Сондықтан келешекте де сіздерден үлкен үміт күтеміз. Алдағы уақыттарда сіздерді жақсы білім алып, еліміздің болашағын жақсарту жолында аянбай еңбек ететін азамат болады деп сенеміз, – деп түйіндеді.
Мерекелік шарада сонымен бірге «KATEV» халықаралық қорының вице-президенті Абдурахман Сел сөз алып, қызылордалықтарды Тұңғыш Президент күнімен және жаңа оқу ғимаратының пайдалануға берілуімен құттықтады. Өз кезегінде лицей оқушылары да алғыстарын айтып, білім байлықтарын елдің өсіп-өркендеуіне аянбай жұмсайтындықтарына сендірді.
БАҚЫТТЫҢ БІРІ – БАСПАНА
Тұңғыш Президенті күніне орай қызылордалық бірқатар азаматтар жаңа баспанаға қол жеткізді. Бұл кезекте «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында салынған 18 және 24 пәтерлік үш қабатты екі арендалық тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша биыл алғаш рет тойланғалы отырған Тұңғыш Президент күні Сыр еліне де үлкен қуанышын алып келді. Қаншама отбасының шаттық тойын облыс әкімі Болатбек Қуандықов бөлісті.
– Осы кезге дейінгі қол жеткен жетістіктерімізді саралауға, еліміздің артта қалған аграрлы елден индустриалды-инновациялық мемлекетке айналғанын мақтанышпен айтуға болады. Елбасының сындарлы саясатының арқасында Сыр өңірі де адам танымастай өзгерді. Облыс орталығынан бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, қала халқының тұрмыс жағдайын, баспана мәселесін жақсартуға сәтті қадамдар жасалды. Бос жатқан аймақтар игеріліп, ел игілігі үшін қызмет ететін нысандар салынды. Қазір бұл жерде дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, балабақша, халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Енді, міне, тұрғын үйлер салынып жатыр. Болашақта осы араны түгелдей абаттандыру, тұрғындардың демалуына қалыпты жағдай туғызу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Аймақ басшысы мұнан кейін облыс көлемінде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге, көпбалалы аналар мен мүгедектерге, зейнеткерлер мен еңбек ардагерлеріне мүмкіндігінше қамқорлықтар жасалып келеді. Мәселен, бүгінгі тұрғындар игілігіне ұсынылып отырған осы үйдің құрылысын «Қызылорда трасс» және «Аманқұрылыс» ЖШС жүргізген. Мұнда бүгін Ұлы Отан соғысының және Чернобыль апатының ардагерлері, 1 және ІІ топ мүгедектері, көпбалалы аналар қоныс тойын тойлайды. Облыс әкімі ҰОС ардагерлері Жәлел Абдуллаев, Алпысбай Алтынбеков, Бейсен Бексейітов, Пенелопа Кафатриди, Азия ойындарының жеңімпазы, Лондонда өткен параолимпиада ойындарына қатысушы Кәбира Асқарова, 1 топ мүгедегі Күлпаш Күншығарова, көпбалалы ана Ақсұлу Мұхамеджанова сынды бірқатар жаңа баспана иелеріне пәтер кілтін табыс етті. Жаңа қоныстанушылар атынан ҰОС ардагері Мақсұт Сырғалиев Елбасына, жергілікті әкімшілікке жүрекжарды лебізін білдіріп, аталық ақ алғысын жеткізді.
«Астана» шағын ауданында бой көтерген бес қабатты Жастар үйінің сметалық құны 364,4 млн. теңгені құрайды. Бес қабатты ғимараттың бірінші қабаты толығымен әлеуметтік бейімдеу орталығында тәрбиеленуші 16-23 жас аралығындағы жастарға арналған. Барлығы 47 орындық жатақхана 5 секцияға бөлінген. Қазір мұнда 29 тәрбиеленуші тұрып жатыр. Ал 2-5 қабаттағы 65 бір бөлмелік пәтер 23-29 жас аралығындағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға беріледі деп күтілуде.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдердің қанаттары қатайып, өздерінің өмірлік жолын тауып кеткенше назарда ұстау қажеттігі туындаған болатын,– деді облыс әкімі Болатбек Қуандықов өзінің жастар баспанасын пайдалануға беруге арналған салтанатты шарада.– Бұл құрылысты салудағы басты мақсат мемлекет тарапынан кәмелеттік жасқа толған және интернаттарда тәрбиеленіп жатқан жетім балаларға баспана беру арқылы қолдау көрсету болып табылады.
Сыр өңірінің басшысы жаңа қоныс иелеріне пәтер кілтін салтанатты жағдайда табыс етіп, олардың алдағы өміріне сәттілік тіледі.
Қызылорда облысы