ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ

ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ

ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ
ашық дереккөзі

Дініміз ислам тазалыққа өте қатты көңіл бөліп, оның маңыздылығын жан-жақты түсіндіреді. Ерікті, еріксіз құлшылықтардың барлығы тазалықтан басталады. Күнделікті тұтынатын тағамы мен киімі, бой-басы, төсек-орны, т.б. қажеттіліктері таза болмаса, адам жаны мазасызданады.

Ал исламдағы парыз амалдарды тазалықсыз атқару

мүлде мүмкін емес.

Қасиетті Құран «Бақара» сүресінің 222-аятында:

«Сөзсіз Аллаһ тәубе еткендер мен тазалағандарды жақсы көреді», – деп, тазалықты мадақтайды.

Құран мақтаған нәрсе, қай заманда да пайдалы, адамның екі дүниесіне өлшеусіз, өміршең сауап әкеледі деген сөз. Адамның тән тазалығына қоса, рух пен жүрек тазалығы толық болса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ислам тазалыққа ерекше мән бере отырып, оның орындалуындағы жеңілдіктерді де қоса қарастырған.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) хадистерінде де тазалық мәселесі кеңінен көрсетіледі. «Тазалық – иманның жартысы» дей отырып, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Он түрлі істі атқару – жаратылыстың, тазалықтың негізгі талаптары. Олар: мұртты басу, сақал қою, мисуак қолдану арқылы тіс тазалау, мұрынды сумен шаю, тырнақ алу, саусақтардың арасын жуу, қолтықты түктен арылту, қасағадағы жүнді қыру, үлкен және кіші дәреттен кейін сумен тазалану», – деген. Осы хадисті жеткізушілердің бірі айтқан: «Оныншысын ұмытып қалыппын. Қателеспесем, дәрет алғанда ауызды сумен шаю болса керек». Біз мысал еткен аят пен хадистерде айтылғандар тек парыздарды орындаушыларға ғана емес, жалпы көпшілікке арналған. Сондықтан бұған әркім сақ болғаны жөн.

Ислам ғалымдары Құран мен хадистерге қарап, тазалықты төртке бөледі: біріншісі – дене, киім мен намаз оқитын жердің ластықтан тазаруы. Екіншісі – ғайбат, харам жеу, қиянат жасау, т.с.с. күнәлардан тазалану. Үшіншісі – жүректің қызғаныш, тәкаппарлық, рияшылдық, қаскөйлік, т.б. жаман әдет, аурулардан тазалануы. Төртіншісі – Жүректің өзге нәрселерден тазаланып, «Ләә иләһә иллаллаһ» (Алладан басқа Құдай жоқ) тәухидіннің жүректен толық орын алуы.

Жалпы мұсылман – таза адам деген сөз. Ол үшін тазалыққа басты назар аударуымыз керек.

СУДЫҢ ОРНЫ БІР БӨЛЕК

Судың негізгі тазартушы екені айтпасақ та түсінікті. Алла Тағала Құранда: «Және сендерді тазарту, өздеріңді шайтанның ластығынан арылту, жүректеріңді орнықтырып, табандарыңды бекіту үшін төбелеріңе көктен жаңбыр жаудыруда еді» («Әнфал» сүресі, 11-аят), «Біз көктен таза жаңбыр жаудырдық» («Фурқан» сүресі, 48-аят) – деді. Бұдан біз тазалықтың жүзеге асуында судың орны бір бөлек екенін көреміз.

Сулар негізінен екіге бөлінеді: Біріншісі – таза сулар (жаңбыр суы, қар суы, өзен, көл, теңіз, бұлақ, құдық суы). Жинақтап айтқанда бұлар – табиғи сулар. Оны ішуге де, дәрет алуға да, ғұсыл алуға да, кез келген жағдайда қолдануға да болады. Екіншісі – аралас сулар. Бұлар: гүлдің сулары, жеміс-жидек араласқан сулар. Мұндай сулармен дәрет алуға, ғұсыл құйынуға болмайды.

Тазалық тұрғысынан таза сулар беске бөлінеді. Бұлар – түсі, дәмі, иісі бұзылмаған, негізі өзгермеген, қолданылмаған сулар. Олармен әр түрлі тазалық жасалынып, дәрет, ғұсыл алынады және ішу үшін де пайдаланылады.

Әрі таза әрі тазарту мақсатында пайдалану арамға жақын саналатын сулар бар. Олар: мысық, тауық сияқты жыртқыш құстардан қалған сулар. Басқа таза су бола тұрып, мұндай сулармен дәрет, ғұсыл алу, ішу, тамаққа пайдалану мәкруһ деп есептеледі.

Өзі таза болғанымен басқа нәрселерді тазалауға жарамайтын суларға келсек, бұлар – дәрет пен ғұсыл алғанда қолданған сулар. Мұндай сулармен қайтадан дәрет, ғұсыл алуға болмайды.

Таза емес суларға ішіне нәжіс түсіп кеткен (ақпайтын) сулар жатады. Иттің, доңыздың, басқа жыртқыш аңдардан қалған сулар да таза емес, ешқандай тазалыққа қолданбайды.

Күмәнді су – есек пен қашырдан қалған сулар. Бұлармен лас нәрселерді жууға болады. Бірақ басқа су тұрғанда бұл сумен дәрет, ғұсыл алуға болмайды.

Сөз реті келгенде тазалаудың судан да басқа кейбір жолдары бар екенін айта кетейік. Топырақпен сүрту, ысқылау арқылы тазаланған нәрселер таза. Мәселен, пышақ, бәкі, леген, шыныны, т.б. топырақпен ысқыласа тазарады. Отқа қою, қайнату арқылы тазалауға да болады. Доңыздан басқа кез келген өлген хайуанның терісі иленсе, таза.

ҚОЛ ТАЗАЛЫҒЫ

Тирмизи мен Әбу Дәууд жеткізген бір хадисте Алла Елшісі (с.а.с) «Тамақтың берекеті – тамаққа дейін және тамақтан кейін қол жуу», – дейді. Мұнда тазалыққа, қазіргіше айтқанда, гигиенаға көңіл аудартқан. Ол кезде бұны ақылмен білу қиынға соқса керек. Әсіресе, олар тырнақ астында миллиондаған микробтың болатынын білген жоқ. Сол дәуір түгіл, бұл қазіргідің өзінде өзекті. Бүгінде де дәретханаға кіріп, бірақ қолын жумай шығып кететіндерді көп кездестіреміз. Көшеден, даладан үйге келгенде де қолын жумастан отыра кететіндер де баршылық. Тіпті балалар дәрігерінің үйге келіп бала қарайтын кезде қолын жумайтынына, аяқ киімін шешпейтініне де таң қалмайтын болдық.

Ұйқыдан тұра сала ыдыс, шәйнек ұстап, тамақ дайындайтындар көп болмаса, аз емес. Алла Елшісі (с.а.с.) бұл мәселелерге қатты мән берген.

Ұйқыдан тұрғанда қандай да бір ыдысқа қол тигізбей тұрып, алдымен қолды жақсылап жуу қажеттігін ескерткені де сондықтан. Адам ұйқы кезінде қолын қайда жүгірткенін білмейтіндіктен, байқамай микроб жұқтыруы мүмкін. Ыдыс ұстамай тұрып қол жуудың керектігі тамаққа зиянды нәрселердің түсіп кетпеуін көздейді. Ал дәрігерлер бұл жайдың маңызын бүгін түсініп, дабыл қағып отыр. Бұл мәселеде, тырнақ өсірушілер, ұзын тырнақ жабыстырып алушылар өзіне де, өзге де зиянын тигізіп алмаса дейміз.

ТІС АУРУЫ – ҚАБІР АЗАБЫ

Айша анамыз (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мисуак – ауыз тазалығы, Раббыңның ризалығы», – деп айтқан. Бұл хадистен де үлкен сыр ұғынамыз. Мисуак қолдану – сүннет амал. Қазіргі ғалымдар мисуакты ғылыми тұрғыда зерттеуде. Тісті тұзбен, арнайы тіс тазалағыштармен (щетка, паста, т.б.) тазалауға болады. Алайда мисуактың пайдасы өте зор. Мисуак тісті тазалауға арналған таяқша. Оның ауыз қуысындағы микробтарды барынша өлтіруге қабілетті екені дәлелденген. Бүгінде мисуак біздің елімізде сатылу үстінде. Оны мұсылман заттарын сататын дүңгіршектерден, дүкендерден алуға болады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) әрбір намазының алдында, тіпті күніне бірнеше рет (тамақ алдында, соңында т.б. уақыттарда) тісін мисуакпен тазалаған екен. Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: Алла Елшісі (с.а.с.): «Үмметіме (адамдарға) ауыр келеді деп қорықпағанымда оларға әр намаздың алдында мисуак қолдануды бұйырар едім», – деп, бекер айтты деймісіз, ойланыңыз оқырман! Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы бір сөз орайында күніне 5-10 рет мисуак қолдануды (тісті үнемі тазалауды) әдетке айналдыруды айтты. Бұдан дініміздің тіс тазалығына ат үсті қарамағанын аңғарамыз.

Әттеген-ай дейтініміз, қазіргі кең заманда, барлығы дайын тұрған заманда адамдардың тіс тазалығына соншалықты мән беріп қарамайтыны рас. Таң мен кештегі тіс тазалау­ды қиынсынатындардың арамызда бар екені жасырын емес.

Дінімізде: «Тіс ауруы – қабір азабы» деген сөз бар. Тіс қақсағандағы ауруды елестетсеңіз, қабір азабының жантүршігерлік азап екенін, тіс қақсау соның шет жағасы ғана екенін білер едіңіз!

Сондықтан денсаулығымыз мықты болуы үшін тіс тазалығына мұқият қарайық!

ӘЖЕТХАНА ӘДЕБІ

Айта берсек, әңгіме аз емес. Әжетхана әдебі жөнінде де көптің біле жүрер нәрсесі жеткілікті. Әуелі: «Аллаһым, ластықтан және лас нәрселерден саған сиынамын» деген дұғаны оқып, содан соң барып әжетханаға сол аяқпен кіріп, шығарда – оң аяқпен шығады. Дәрет сындырған адам сол қолын пайдалану арқылы тазалануы керек. Пайғамбарымыз оң қолмен алуға тыйым салған.

Истинжа – қан, мәни, үлкен және кіші дәрет сияқты ластықтардан тазалану. Су жоқта немесе сахарада кішкентай таспен тазалауға болады.

Истибра – кіші дәрет қалдықтарынан түгел арылу. Кіші дәретке истибра жасау – сүннет. Истибра дәрет алмастан бұрын аздап күту, жүру, жөтелу арқылы жасалады. Бұл – ер кісілерге байланысты іс. Мына хадиске қарайықшы: «Аллаһ Елшісі (с.а.с.) екі қабірдің жанынан өтті де былай деді: «Олар азап шегуде. Азабы үлкен бір іс үшін емес. Кіші дәрет сындырғаннан кейін истибра жасамайтын». Міне, бұлар ұсақ-түйек нәрсе көрінгенмен, денсаулық үшін керек-ақ. Әжетханаға кіруінен шығуы тез бүгінгілердің арасында қуық ауруларының көбею себебінің бір ұшы осында жатқаны шындық.

ДӘРЕТ АЛУ – АНЫҚ ПАРЫЗ

Дәрет алу – кейбір ғибадаттарды іске асыру үшін жасалатын тазалық. Белгілі бір мүшелерді тәсіліне қарай жуу және мәсіх тарту арқылы орындалады. Дәрет алудың артықшылығы мен рухани пайдалары тіптен көп

Құранда дәреттің парыздығын: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобығына дейін жуыңдар!» («Маида» сүресі, 6-аят), – деп көрсетті. Дененің ең көп кірленетін мүшелерін жууды көздеген ғибадат ретінде дәрет алу аса маңызды. Дәретсіз намаз оқи алмайды. Құран оқи алмайды, Қағбаға тауап ете алмайды, т.б.

Пайғамбарымыз мұны: «Кімде-кім әмір етілгендей дәрет алып, әмір етілгендей намаз оқыса, өткен күнәлары кешіріледі» немесе «Кімде-кім дәрет алып, жүзін жуғанда, бет мүшелерінің жасаған күнәлары, аяқ-қолдарын жуғанда, сол мүшелермен жасаған күнәлары су тамшыларымен бірге ағып кетеді де, өзі тап-таза болады», – деп ынтықтырды.

Қысқасы, дәрет алған мұсылман қоршаған ортамен байланыста болып, кірлеген мүшелерін жиі-жиі жуып тазартады. Сөйтіп кір мен ластан пайда болатын, жұғатын аурулардан жанын да, тәнін де қорғайды.

Кезіндегі дәретсіз жүрмеген, дәретсіз тамақ ішпеген, дәретсіз бала емізбеген мұсылмандардан болуды баршаға нәсіп етсін!

ҒҰСЫЛ ДЕГЕН НЕ?

Құрғақ жер қалдырмастан түгел денені жууды, шомылуды дінімізде «ғұсыл» дейді.

Жүніп болғанда, ашып айтқанда ері мен әйелі жыныстық қатынастан соң ұйқы немесе ояу кезде әйел мен еркектің жыныс мүшелерінен белгілі сұйықтық шықса;

Әйелдердің ай сайынғы етеккірінен соң, босанғаннан соң 40 күн өткенде ғұсыл алу парыз.

Сондай-ақ шейіттен басқа барлық өлікке ғұсыл құю – кифая парыз. Жаңа мұсылман болған кісіге де ғұсыл алу – парыз.

Ал айт намазы мен жұма намазынан бұрын ғұсыл алу – сүннет.

Қасиетті Құранда ғұсылдың парыз­дығын: «Жүніп болсаңдар, толық та­заланыңдар» («Маида», 6) – деп айтты. Ханафи мәзхабында» ғұсылдың парызы – үшеу. Олар: ауызды сумен шаю (мадмада). Мұрынға (кеңсірікке дейін) су тарту. Тұтастай денені сумен жуу. Шаш пен сақалдың түбіне, құлақ пен кіндіктің ойығына түгелдей су тиюі тиіс.

ТӘЙӘММҮМ ДЕ ТАЗАЛЫҚ

Тәйәммүм – су болмаған кезде немесе су бола тұрып (әр түрлі жағдайлармен) пайдалана алмайтын кезде таза топыраққа немесе топырақ жынысты нәрсеге қолдарын соғып, бетіне және қолдарына мәсіх тарту.

Дәрет пен ғұсыл алу үшін су болмаған жағдайда тәйәммүм соғу – дәрет пен ғұсылдың орнына жүреді. Тәйәммүмнің парызы екеу: Ниет қылу. Қолдарын таза топыраққа ұрып әуелі бетіне, содан соң тағы да топыраққа ұрып қолдарына шынтаққа дейін мәсіх ету. Тәйәммүм һижретінің алтыншы жылында Бәни Мұсталық ғазауатында Алла Елшісі мен мыңға жуық Ислам әскері таң намазына су таба алмаған кезде мына аятпен білдірген: «Науқастанып қалсаңдар, яки жолда болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе, яки әйелдеріңе жақындасып, су таба алмасаңдар, таза жерге тәйәммүм соғып, беттеріңді, қолдарыңды сипаңдар». («Ниса» сүресу, 43-аят).

«АУЛАЛАРЫҢДЫ ТАЗА ҰСТАҢДАР!»

Тазалық десек, қоғам тазалығы, тіл тазалығы, ар-ождан тазалығы, қоршаған ортаның тазалығы, ауланың тазалығы, осылай тізбектеліп кете береді. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке сөз етерлік тақырыптар.

Пайғамбарымыз: «Лағынетке ұшы­рағандардан болудан сақтаныңдар» деген. Сонда сахабалар: «Ей, Аллаһтың Елшісі, олар кімдер?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Адамдар жүретін жолды және көлеңкелеп дем алатын жерлерді ластап кірлеткендер», – деген.

Сондай-ақ сүйікті Елші (с.а.с.): «Аула­ларыңды таза ұстаңдар!» деп, бұйырып, жолға, суға дәрет сындыратындарға да тыйым салды. Көлеңкеліктерді ластағандарды айыптады. Адам пайдасы үшін мешіттің қабырғасындағы жабысқан түкірікті таспен сүртіп тазалайтын.

Қоғамда қызмет атқара жүріп мұсылман өзін-өзі таза ұстап, барлық істе де Құран мен хадисті басшылыққа алғаны абзал. Мәселен, оқушы да, қызметкер де, жұмысшы да, яғни, кез келген адам айналасы мен ауласындағы тазалықты тек тазалықшының міндеті деп қарамай, қоқыстарды төге салса, отырған партасын немесе үстелін сүрте салса, қысқасы кедергі келтіретін ластықтарды тазалай салса, алғыс алмаса, қарғысқа қалмайды! Әрбір адамның осылайша әрекет етуі сүйіспеншілік пен бауырластықты күшейтпесе, азайтпайды. «Адамдардың ең жақсысы – басқа адамдарға пайдалы болғаны» демей ме даналық. Бір біріміздің ақымызға құрметпен қарайықшы.

Сонымен, біз тазалық туралы азды-көпті баяндадық. Бұл қоғамдық басылымдарда көп айтыла бермейді (діни басылымдарда ғана айтылғаны болмаса). Мұндай әңгімені қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдары жаппай сөз етсе және оны әр қырынан көрсетіп отырса, ұсақ-түйек сияқты көрінетін нәрседен үлкен істердің бастау алатынын аңғарар еді.

«Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар,

Құлағын біреу салмас, біреу салар.

Теп-тегіс көпке ұнау оңай емес,

Кейіне жарамаса, кейіне жарар», – деп көреген Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бір кәдеге жарап қалар деген ниетпен ұсындық.

Болат САҒЫНҒАЛИҰЛЫ,

Алматы облысы, Ескелді ауданы,

Қарабұлақ орталық мешітінің

Бас имамы