МЕРЕКЕ МҰРАТЫ – ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ

МЕРЕКЕ МҰРАТЫ – ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ

МЕРЕКЕ МҰРАТЫ – ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ
ашық дереккөзі
241

Бүгінгі күндері еліміз әлем танып мойындаған қуатты мемлекетке айналды. Ол мәртебеміз жылдан жылға, күннен күнге «Қазақстан — 2030» стратегиялық даму бағдарламасы аясында артып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үнемі жаңашыл әрі бастамашыл жүйелі жол көрсетіп, көшбасылық тарихи миссиясын ерен абыроймен атқаруының куәгері бақытына ие болудамыз. Соның бір айғағы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына Қарай 20 қадам» мақаласы мен «Қазақстан – білім қоғамы жолында» атты онлайн сабағын атар едім. Бұл жарқын болашаққа бағдарлайтын еңбектерде Елбасымыз тағы да Қазақстан Тәуелсіздігінің мызғымас орнықтылығының кепілі ретінде жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін үздіксіз үдемелі жетілдіріп отыруды айрықша еске салды. «Бүкіл жаңғырту үдерісінің табысқа жетуінің түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартудың табысты өтуі болып табылады», – дей келіп, білім беру жүйесін жаңартудың негізіне жастарға патриоттық тәрбие беру мақсаты салынуы тиіс екенін айқындап берді. «Отан тағдыры үшін жауапкершілігі қалыптасқан терең білімді Еңбек адамын» дайындау керектігін міндеттеді.

Міне, осы орайда жастар тәрбиесінде этнопедагогикалық бай тәжірибесі бар халқымыз өзінің осынау ұлттық дәстүрін жалғастыра отырып, жаңа көздерді де кең пайдалануда. Біздер, педагогтар, сондай бастау көздердің қатарына 1 — Желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесінің қосылып отырғанын қуанышпен қарсы алдық. Бұл мерекеге байланысты өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде теңдессіз үлгілер бар. Олардың өзекті арқауында еліміздің азаттық күресінің тарихи ерлік дәстүрлері жатыр. Қазақстан Президентінің басшылығымен қол жеткен саяси-әлеуметтік, экономикалық табыстар және Қазақстан халқының жанқиярлық еңбек үлгілері жатыр, Отан тағдырына деген жанашырлық адалдық жатыр, Қазақстанның көпғасырлық тарихының ең басты жемісі – Тәуелсіздік және оны орнықтырып дамытудағы Елбасының салған жолы жатыр, Қазақстан халықтарының ұлтаралық өзара түсіністік пен төзімділік құндылықтары жатыр.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін белгілеу, сөз жоқ, отандастарымыздың Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершілікте болу сезімін күшейте түсуге қызмет етеді. «Бағалай білгенде ғана бақ тұрақтайды, қадірлей білгенде ғана құт тұрақтайды» деп қазақ халқы айтқандай, өткенімізді құрметтеуге, бүгінімізді бағалауға, ертеңімізге адал сенуге баулуға 1 — Желтоқсан мерекесі айрықша ұмтылыстық серпін береді. Қоғамымыз бет алып отырған елдің әлеуметтік жаңғыртылуы Елбасымыздың тікелей бастамашылдығы екенін көрсету де бұл мерекенің негізділігін күшейте түседі.

Бұл мереке қоғамымызды жаңа индустриялық – инновациялық экономика жағдайында өмір сүруге дайындаудың, Қазақстанның үдемелі дамуы мен халықты қоғамдық игіліктермен қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табуға жанашырлықпен ұмтылуды, құқық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген әлеуметтік қатынастарды орнатуды мақсат тұтудың аса өзектіліктігін әрбір отандасымыздың ұғынуын, сөйтіп олардың ертеңгі келешекке сенімдерін бекіте түседі.

Бұл мереке еліміздің ішкі қуаттылығының, тұ­рақтылығының, беріктігінің баянды­лы­ғы­ның әрбір қазақстандықтың сеніміне, көзқарасына айналуына қызмет ететін ықпалды фактор. Сондай-ақ ол мемлекетіміздің сыртқы әлемдегі танылған ізгілікті орнын біліп бағалауға да жұмылдырады. Мысалы, Республикамыздың жетістіктері мен Елбасымыздың ерен беделі Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне, 2011 жылы жалпы саны 1,5 млрд. адамды құрайтын 57 мемлекетті біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Төрағасының міндетін абыроймен атқаруына жол ашты. Ал жақында ғана бүкіл жаһандық деңгейдегі аса ірі жетістікке қол жеткізгені Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Күні мерекесінің тарихи негізді екенін дәйектей түсті.

Экономикадағы олимпиада ойындары ретінде бағаланатын «EXPO 17» көрмесін өткізуге орын таңдауда Париж қаласында болған әлемнің 161 елі арасындағы бәсекеде 103 ел біздің Астанамыз үшін дауыс берді. Жас мемлекетіміздің жеңіске жетуі, сөз жоқ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дүниежүзілік саяси өмірде әлем мойындаған ардақты есімімен тығыз байланысты.

«EXPO – 17» көрмесі дегеніміз – қарапайымдап айтсақ, ол біріншіден, әлемдегі ең жаңа техникалық табыстардың көрсетілу шеруі; екіншіден, техникалық озық ақыл-ойдың бүкіл адамзат өмірін неғұрлым жақсарта түсудегі қызметін паш етеді; үшіншіден, дүниенің түкпір-түкпірінен миллиондаған туристердің ағыны. Біздің Қазақстан үшін аса ауқымды әлемдік жаңалықтар көрмесін қабылдау құқы еліміздің экономикалық көздерін белгілі бір арнаға шоғырландыруды, туризмді дамытуды, ең соңғы озық технологияның елімізге тасымалдануын, жаңа бизнес-әрекеттестікті құруды тиімді жолмен жүзеге асыру мүмкіндіктерін жасайды. Әсіресе, Елбасымыздың идеясымен Республикамыз ұсынған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша атқарылатын жұмыстар отандық экономиканың дамуында баламалық энергетика саласында жаңа кеңістіктер ашады.

Елбасымыздың өзі бұл турасында отандастарымызға арнап сөйлеген арнау сөзінде айқын баға берді: «Біріншіден, Елордамыздың әлемдік деңгейдегі шара­ны лайықты өткізе алатын орталық ре­тін­де қалыптасқаны баршаға әйгілі бол­ды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пай­дасына шешілуі мемлекетіміздің та­быс­тары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі… Ең бастысы, Астананың таңдалуы – Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі», – деді Елбасы.

Бұл ұлы табыс, сөз жоқ, әрбір отандасымыздың бойында мақтаныш сезімін оятып, жаңа жеңістерге ұмтылуға серпін береді. Ол – әрбір қазақстандықтың ортақ қуанышы. Ол Қазақстан Республика Президентінің көшбасылық миссиясының тағы да бір жасампаздық сипаты.

Қорыта айтқанда, 1 – Желтоқсан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Күні мерекесінің тағайын­да­луына білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаз ретінде жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуді жандандыра түсуде өзектіліктігі аса айқын қадам деп қараймын. Ол – Елбасымыздың өзінің көптеген еңбектерінде, сөйлеген сөздерінде, Жолдауларында ұсынған жаһандық дүние мен адам үйлесімдігін қол жеткізумен халықтық тәрбие әлеуеттерін рухани төзімділікке бағыттаумен, адамға ең басты құндылық ретінде қараумен сипатталатын мемлекетті гүлдендіру идеяларының жүзеге асуына ынта-ықыласты жұмылдыру құралы ретінде де аса бағалы мереке болмақ.

Аягүл МИРАЗОВА,

Ы.Алтынсарин атындағы

№159 гимназияның директоры,

Қазақстанның Еңбек Ері

Серіктес жаңалықтары