БАЛАҚАННЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ — «БАЛАПАН»

БАЛАҚАННЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ — «БАЛАПАН»

БАЛАҚАННЫҢ  ҚАМҚОРШЫСЫ —  «БАЛАПАН»
ашық дереккөзі
615

Бұл бағдарлама елімізде кең өріс алды

Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі оқыту және тәрбие мекемелері, жаңа балабақша құрылысын салу мен жөндеуден өткізу жұмыстары жүзеге асырылып, ауыл-аймақ пен бүкіл республикада балабақшалар көптеп ашыла бастады. «Балапан» бағдарламасы бастау алған 2010 жылдан бері мектепалды білім беретін ұйымдар саны 3528-ге артыпты.

Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Жас ұрпақтың тәрбиесі, тіл, діл, білім мәселесі соңғы жылдары шындап қолға алына бастады. Бірақ баланың тәлім-тәрбиесімен айналысатын, баланы жастай жақсыға баулитын ұйымдардың республикада әлі де аз екені рас. Мектепке барғанға дейін балақандар бүгінде жаңа үлгідегі балабақшаларға бара алады. Сол жерде жасына сай базалық білім алып, ойын-түрлерін үйреніп, сондай-ақ өзі қатарлы балалармен аралас-құралас жүруге мүмкіндік бар. Бірақ осынау мүмкіндікті пайдалану бәріне бірдей қолжетімді болмай тұр. Неліктен? Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асқанда балабақшалар саны жеткіліксіз болып шықты. Бұл түйткіл баршаның алдынан шындап шықты, себебі еліміздегі демографиялық көрсеткіштер ұлғайып келеді. Көбіне ХХ ғасырдың 60-70 жылдары салынып, бүгінде қабырғасы құлайын деп тұрған балабақшаларда еліміздің болашағы тәрбиеленіп жатыр. Қазіргі таңда осы ескі ғимараттардың біразы құлаудың аз-ақ алдында тұр екен. Тәуелсіздікке дейін Қазақстанда Орталық Азиядағы ең үздік мектепке дейінгі білім жүйесі қалыптасты, ол 7 жасқа дейінгі балалардың шамамен 70 пайызын қамтыды. Сөзіміз дәлірек болуы үшін айта кетсек, 1991 жылы республика көлемінде 8743 балабақша болған. Ол кезде ауыл, қала деп бөлінбегені баршамызға белгілі. Ауылды жерлерде, облыс орталықтары мен ірі қалалардың барлығы дерлік балабақша мен мектепке, мектепалды ұйымдарына мұқтаж болған емес.

ҚЫЛМЫСКЕРГЕ – 700 МЫҢ ТЕҢГЕ,

БҮЛДІРШІНГЕ – 180 МЫҢ …

90-жылдары еліміз талай қиындықты бас­тан өткерді, соның ішінде білім беру саласы да сырқаттан сырт қалмады. Сол жылдары мектепке дейінгі мекемелердің 80 пайызы жабылды, жеке меншікке берілгендері де бар. Алматы облысының Панфилов ауданы, Үлкенағаш аулында да осы жылдары балабақша жабылып, мүлкі тәркіленді. Кейінгі жылдары ғимарат жекеменшікке өтіп кетті. Қазір үш қабатты ғимараттың төрт қабырғасынан басқа түгі қалмаған. Ал «Балапан» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген шағын орталық ауылдық мектептің бір бұрышынан ашылып, жұмысын жалғастырып отыр. Алайда орын аз болғандықтан, жергілікті халықтың барлығы бірдей мұнда баласын бере алмайды. Бұл тек Алматы облысының бір ауылындағы жағдай емес, республиканың түкпір-түкпіріндегі көптеген елді мекенде қалыптасқан жайт. Сондықтан «Балапан» бағдарламасының жүгі ауыр, қамтитын аумағы да кең.

Мектептің бір бұрышынан ашылатын шағын орталық шалғайдағы елді мекендердің көбінде ұйымдастырылып, қазір елімізде 230 мыңнан астам бала осы орталықтарда тәрбиеленіп жатыр. Жалпы, бұл жүйе дамыған мемлекеттерде бірінші кезекке қойылған мәселе. Мысалы, Францияда мектепке дейінгі дайындық міндетті емес, бірақ 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар балабақшаға баруға міндетті. Әлемдік тәжірибе бойынша дәл осы жас аралығындағы балалар оқуға қабілетті келеді екен. Осындай жүйе Германия, Канада, Венгрия және Ұлыбританияда жасалған. Ал Данияда тура Қазақстандағы сияқты жүйе қалыптасқан: 1,5 жастан – 3 жасқа дейін, ал балабақшалар 3 жастан 6-7 жасқа дейінгі топқа қабылданады екен.

Білімі бәсекеге қабілетті адам капиталын тәрбиелеуде Қазақстандағы барлық балаға тең жағдай жасау, мектепалды дайындықтың тең стандарттарын енгізу, тамақтану, медициналық қызмет, мемлекеттік тілді үйретуде де бүкіл балаға тең қарау маңызды қадам болып табылады. Осыған байланысты, мектепалды білім беру сапасын күшейту үшін «Мектепке дейінгі балалық» атты Республикалық орталық құрылған болатын. Бұл орталықтың қызметі баланың дұрыс тәрбиеленуі үшін, мектепалды білім беру саласында мемлекеттік саясат қалыптастырып, сол саясатты жүзеге асыру үшін ғылыми-әдістемелік шарттармен қамтуға бағытталған. «Балапан» бағдарламасының негізгі мақсаты 2015 жылға дейін қалада да, ауылда да мектеп жасына толмаған бүлдіршіндердің 70 пайызын, ал 2020 жылға дейін 100 пайызын балабақшамен қамту болып табылады. Республикамызда әрқайсысы 280 орындық 800 балабақшаны жаңадан салу керек. 2015 жылға қарай күрделі мәселенің күрмеуі шешілуі тиіс. Ал 2020 жылда жоспарға сәйкес, Қазақстанның әрбір баласы үшін балабақшадан орын әзір тұратын болады. 2012 жылы бұл бағыт бойынша 325 мың 274 бала кезекте тұрды. 2013-2015 жылдары Білім және ғылым министрлігі 55,8 млрд. теңгеге 140 балабақша салынатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ елімізде бар балабақшаның көбінің жағдайы мәз емес. Кейбір бала­бақшалардың материалдық-техникалық базасы нашар. Жаңадан балабақшалар мен шағын орталықтар ашылып, жаңа жұмыс орындары қосылып, балабақшаның бұрынғы ғимараты қайтарылып жатса да, балабақша әлі де жетіспейді. Елімізде мектепке дейінгі балалардың 35 пайызы ғана балабақшаға барады, ал қалғандары кезекте тұр, я болмаса жергілікті жердегі балабақша ғимаратынан айрылған. Таяуда ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов бюджеттің қаншасы балаларды қамтамасыз етуге кететінін нақтылады.

– Үкімет ұсынған үш жылдық республикалық бюджетте ауруханалар мен мектептер, балабақша құрылысына қомақты қаржы бөлу көзделген. Осы мақсатта бас аяғы 2 триллионнан астам ақша жұмсалмақ, – деді Премьер. Ал 2 триллионнан «Балапанға» қанша бөлінетінін Қаржы министрі Болат Жәмішев жіктеп берді. Мәжіліс депутаттарының назарына «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет» туралы Заң жобасын ұсынғанда білім беру бағдарламасына бөлінген қаржыны да атап өтті. «2013 жылы «Балапан» бағдарламасы негізінде мектепке дейінгі 21 балабақшаның құрылысы басталуы керек», – дейді Болат Жәмішев. Алдағы 3 жылда білім мен ғылымға 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жос­парланып отыр. Оның ішінде білім беру қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, үш ауысымды оқыту мен апатты жағдайда тұрған мектепті жою бар», – деді министр.

Балабақша мәселесіне бөлінген қара­жаттың аздығы да іске кедергі болып тұр. Осы жөнінде жақында Президент Н.Назарбаев: «Біз сараптама жасау нәтижесінде мектеп оқушысына жылына 150-180 мың теңге, ал балабақшадағы әрбір бүлдіршінге жылына 180 мың теңге жұмсалатынын анықтадық. Ал абақтыда отырған бір адам үшін жылына 700 мың теңге бөлінеді. Екеуінің айырмашылығы айтарлықтай. Осы ретте Болат Бидахметұлы, «Балапан» бағдарламасына қаржы бөлу неліктен қысқартылғанына түсінік беруіңізді сұраймын», – деп Қаржы министрі Болат Жәмішевке тікелей сұрақ қойды. Бұл сұраққа министр мырза жоспарланған қаржының толығымен бөлінетінін жеткізді. «Балапан» бағдарламасы республикалық және жергілікті бюджет есебінен ғана емес, жекеменшік балабақша құрылысы мен мемлекеттік тапсырыс есебінен де жүзеге асырылады. Біз ағымдағы жылы бюджетті нақтылап, бағдарламаға қажетті 6 млрд. теңгені қосымша бөлуді жоспарлаудамыз. Осылайша бізден сұралған қаржы толығымен беріледі», – деді министр.

ӨҢІРЛІК БАЛАБАҚША

Балабақша барлық дерлік облыс орталықтарында да күн тәртібіне қойылған мәселелердің бірі. Өңірлерде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі бойынша үлкен айырмашылық байқалады. Оңтүстік Қазақстан өңіріне қарағанда Қостанай облысында балабақша кезегі жылдам келеді және тұрғындардың барлығына қолжетімді. Сондай-ақ бұл салада таршылық сезілмейтін облыстардың бірі – Ақтөбе және Қарағанды. Бұл аймақтағы балақандардың барлығы дерлік мектепке дейінгі мекемелерге барады. Бұл жерлердегі жағымды жағдай көбінде салыстырмалы алғанда туудың төмен деңгейімен түсіндіріледі. Ал демографиялық дүмпу басым аймақ – оңтүстік өңір балабақшаның зардабын шегіп-ақ келеді. Мектепке дейінгі білім берумен қамту бойынша қанағаттанарлық жағдай Павлодар, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында да байқалады. Сондай-ақ жекеменшік балабақшаны есепке алғанда бұл тізімге Алматы қаласын да кіргізуге болатын сияқты.

Мысалы, Талдықорғанда 1995 жылға дейін 7 мың баланы қамтитын 53 балабақша жұмыс істеп тұрған. Қазіргі уақытта қалада небәрі 8 мемлекеттік және 7 жекеменшік балабақша жұмыс істеуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалардың жалпы саны 2662 адам немесе мектеп жасына дейінгі балалардың 34,6 пайызын құрайды. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін биыл облыста 20 мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылады. Оның 15-і балабақша, қалғаны – шағын орталық. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 186 млн. теңге, ал республикалық бюджеттен 781 млн. 129 мың теңге бөлініп отыр.

Жыл соңында облыстағы бүлдір­шіндердің 65 пайызы мектепке дейінгі мекемемен қамтылады. Ал 3-6 жастағы бүлдіршіндердің балабақшалармен қамтылуы 85 пайызға жетеді. Сол сияқты Орал қаласы бойынша да жетіспеушілік байқалды. Бұл мақсатта тәуелсіздік тұсында ебін тауып екі асағанның аузында кеткен ғимараттарды кері қайтарып, жаңасын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде қала бойынша 6 мың балақан балабақша кезегінде тұр. Күрделі жөндеуден өткен «Айналайын» балабақшасы қайта жаңғырып, бөбектерге есігін қайта айқара ашты. Мұнда өзге ұлт өкілдерінің балалары да қазақ тілінде тәрбие алмақшы. Осылайша бұл балабақшада жиырмаға тарта ұлт өкілінің сәбиі қазақ тілінде тәрбие алатын болады.

Балабақшаның ғимаратын мемлекетке кері қайтару барлық облыстарда жаппай жүзеге асырылуда. Мәселен, Қызылорда облысында бұрын жекеменшікке берілген 5 балабақша ғимараты мемлекетке қайтарылды. Бұл бір кездері арнайы білім мекемелері үшін салынып, жекешелендіру кезінде пысықайлардың еншісіне өтіп кеткен кеңестік үлгідегі ғимараттар. Оларды жеке меншік тұлғалар балабақша ретінде пайдаланбаған, сондықтан «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының аясында мемлекеттік меншікке қайтарылды. Қайтарылған ғимараттардың бәрінде дерлік мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері ашылды, оның төртеуі – Жаңақорған ауданында, біреуі – облыс орталығында орналасқан.

Осы жылы «Балапан» бағдарламасының аясында Қызылорда облысында жалпы 1720 орындық 9 балабақша салынуда. Солардың төртеуі республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа, ал қалған 5-і облыстық бюджет қаражатына салынады. Сонымен қатар 8 балабақша қандай да бір ұйым басқа ғимаратқа көшкеннен кейін бос қалған коммуналдық меншіктегі ғимараттарда ашылды.

«Балапан» бағдарламасының оң нәтижелерінің бірі – жекеменшік балабақ­шаларға мемлекеттің көмек көрсетуі. Меншік түріне қарамастан, жан басын қаржы­лан­дыру әдісі бойынша мемлекеттік тап­сы­рысты орналастыру – жекеменшік мек­тепал­ды ұйымдарының саны артуына себепкер болды. Нәтижесінде «Балапан» бағдарламасы жұмыс істей бастағаннан бері жекеменшік балабақшалар саны 289-ға артып, жалпы саны 499-ға жетті.

Мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік шеңберінде Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында балабақшалары көптеп салынып жатыр. Балабақшамен қамтудың ең жоғарғы көрсеткіші Қостанай, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Жалпы, республика бойынша 587,8 мың бала қамтылған 8096 (2748 балалар бақшасы және 5348 шағын орталықтар) мектепалды ұйымдары жұмыс істейді.

ТӘРБИЕ КӨЗІ – БАЛАБАҚШАДА

Білім мен тәрбие беруге арналған дамытушы ортаны жабдықтау қажет десек, ол мектепке дейінгі кезеңнің өзіндік ерекшелігі мен құндылықтарын сақтайтын, баланың балалығына бағытталуы шарт. Жалпы адам өмір бойында оның даму үрдісі жүреді. Даму үрдісінде баланың таным белсенділігі арта түседі. «Балапан» бағдарламасының және балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету бойынша көптеген тапсырмалардың әрекет етуіне қарамастан, елімізде кеңес кезіндегі көрсеткішке жуықтаудың өзі мүмкін болмай тұр. Кестеде көрініп тұрғандай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында балабақшаларда миллионнан астам бүлдіршін тәрбиеленді, ал қазіргі уақытта жарты миллионға енді ғана жақындап келеді.

«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру 2011 жылы 2010 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі мекемелердің желісі 1650 бірлікке, шамамен бір ширекке артты. Мектепке дейінгі ұйымдарға орналасу үшін берілген өтініштер 18,1 пайызға өсті. Сөйтіп, жаңа мектепке дейінгі мекемелер санының өсуі кезекте тұрушылардың санының өсуін әрең-әрең жауып отыр. Кезекте тұрған балақандар саны республика бойынша шын мәнісінде азаяр емес. Республика бойынша мектепке дейінгі мекемелердің орташа сыйымдылығы 80 адамды құрайды.

Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша 505 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Онда 35 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл – облыс балаларының 61,2 пайызын құрайды. Бұдан өзге облыстарда да шағын орталықтар ашылып, бұрыннан келе жатқандары күрделі жөндеуден өтті.

Алматы қаласында ғимараты жеке­шелендіруге тап болған бақшалардың бірі – №174 балабақша. 1993 жылдан 2011 жылға дейін балабақша ғимараты «Экстерн» атты жеке меншік мектебіне жалға берілген. 2011 жылдың желтоқсан айында қайтарылған балабақша ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2009 жылдан бастап 2012 жылдың қыркүйек айына дейін қала меншігіне жалға алушылардан 980 орынды құрайтын 5 балабақша ғимараты қайтарылды, қолданыстағы балабақшаларда 825 орынға арналған 33 топ ашылды. 2008 жылдан бас­тап 2012 жылдың Алматы қаласында 15 млрд. теңгеге 31 білім беру нысаны салынған, оның ішінде 6,2 млрд. теңгеге 20 балабақша салыныпты.

Алматы қаласындағы №173 балабақша 90 жылдарда жабылып қалған. Осы кезде балабақшаның ғимараты мектеп-гимназияға беріліп, балабақша таратылады. 2012 жылы «Балапан» бағдарламасы негізінде балабақшаның ғимараты балақандарға қайтарылып, күрделі жөндеуден өткізілді және толықтай заманауи құрал-жабдықпен жабдықталды. Қазіргі таңда бұл балабақшада 108 бала тәрбиеленіп жатыр.

Елена Гончарева, №173 балабақшаның меңгерушісі:

– «Балапан» бағдарламасы бойынша балабақша қайта құрылды. Жаңадан 30 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, заманауи құрал-жабдық, көрнекі құралдармен толық қамтылған. Балаларды оқыту үшін интерактивті тақта, теледидар, мерекелік іс-шараларды түсіретін бейнекамера, фотоаппарат берілген. Бізде 3 жастан 7 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі білім алады. Бұл жерде балалар дене шынықтырумен айналысады, өзін-өзі дамытады, білім, құқықтық-патриоттық тәрбие алады. Мектепке дейінгі жастағы балалар қоғамға араласа бастайды, осы кезде алған білімі мен тәлім-тәрбиесі баланың болашаққа қадамы, тұлға ретінде қалыптасуында өте маңызды. Сондықтан балалардың балабақшада тәрбиеленуі өте маңызды тәрбиелік қадам.

БАЛАНЫҢ НӘСІБІН

ҚЫМҚЫРҒАНДАР

Бағдарлама бойынша бюджеттен бөлінген қаражаттың барлығы игерілсе, бүгінгі таңда қалыптасқан жағдайдың жартысы да болмас еді. Жуырда балабақша салуға бөлінген қаржыны қалтасына жымқырғандар анықталды. Балабақшаны жөндеуден өткізуге берілген қаржыны қағып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізбеген басшылар да анықталды. Осы мәселе бойынша Алматы облысында 5 бірдей қылмыстық іс қозғалып, 4 балабақша жұмысын тоқтатты. Сол сияқты тексеру барысында «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі екі жылда 10 миллион теңгені жоқ қылып жібергені анықталды. Бұқаралық ақпарат құралдарында талқыланған мәліметке қарағанда, кейбір балабақшалар 150 балғындық орын деп келісімшартқа тұрады да, іс жүзінде 50-85 бала ғана тәрбиеленетін болған. Осындай мәліметтерді өздері толтырып, 150 балаға деп бөлінетін ақшаның тең жартысын өз мүдделеріне пайдаланып отырған. Мұндай жағдай Алматы облысы, Талғар ауданында да тіркелген. Қызылорда облысы Арал ауданының бюджеттік «Ақ бұлақ» балабақшасының меңгерушісі қаржыны ысырап қылғаны үшін құқықтық жауапкершілікке тартылды. Алматы облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) Талғар қаласының № 3 балабақшасының меңгерушісіне қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтерді енгізу жолымен 1 млн. 200 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатын қымқырған. Меңгерушісі ең ауыр күнә – балалардың нәсібін қымқыруға жол берген.

Астана қаласында былтырғы жылы 17 мың сәби дүниеге келсе, кезекте тұрған балғындар саны 52 мыңнан астам. Демографиялық ахуал жақсарған сайын, балабақша тапшылығы сезіліп қалатыны заңды да. Төрт жыл бұрын Астанада 37 ғана мемлекеттік балабақша болса, бүгінде оның саны 64-ке артып отыр. Жекеменшік бақшалардың жалпы саны 130-дан асады. Бірақ еліміздің астанасы үшін бұл жеткіліксіз. Ендігі үмітіміз – 2020 жылға дейін балалар түгелге жуық мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемесімен қамтылады деген Елбасы сөзінде.

Бүгінгі таңда қалада ресми балабақша кезегінде тұрғандар саны 15 мыңнан асып жығылады екен. Ал үмітін үзіп, кезекке тұрудан бас тартқандар санын ешкім дөп басып айта да алмайды. Осы себептен ата-ана баласын жекеменшік бақшаларға сүйрейді. Ал олардың қызмет сапасы мен қауіпсіздігі қай деңгейде екендігі жай­лы көпшіліктің күдігін ішінара прокурорлық тексерулер дәлелдеп береді. Прокуратура мамандары жүргізген тексеру барысында кейбір жекеменшік балабақшаларда қарапайым ережелер мен талаптардың орындалмайтыны анық­тал­ған. Көптеген балабақша көп қабатты үйлердің пәтерлерінде орналасқан. Ал ондай балабақшаларда балалардың ойнауы­на арналған ойын алаңдарының бол­майтыны әркімге де түсінікті. Өйткені жеке­мен­шік балабақшалар бала санына шектеу қоятын заңды талаптарды орындамайды.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары