БИЛЬЯРДПЕН БҮРКЕМЕЛЕНГЕН БИЗНЕС

БИЛЬЯРДПЕН БҮРКЕМЕЛЕНГЕН БИЗНЕС

БИЛЬЯРДПЕН БҮРКЕМЕЛЕНГЕН БИЗНЕС
ашық дереккөзі
333

940 ойын автоматы тәркіленді

Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне «көлеңкелі» экономика барынша қауіп төндіреді. Сондықтан «көлеңкелі» экономиканың құрамдас бөлігі болып табылатын заңсыз ойын бизнесіне қарсы тұру Қаржы полициясы органдарының маңызды міндеттерінің бірі болып отыр.

Қазіргі таңда ойынхана және ойын автоматтар залдары Қапшағай су қоймасы жағалауы мен Ақмола облысы, Шучье ауданында орналасуға тиіс. Белгіленген орындардан тыс жерде жұмыс істейтін ойын мекемелерінің қызметі заңсыз екені баршаға мәлім. Алайда заңсыз ойын бизнесімен айналысушылар мен ойыншылар мұны қаперіне алар емес.

Ағымдағы жылдың 9 айында департамент қызметкерлері өткізген рейдтер нәтижесінде 88 қылмыстық іс қозғалды, көлеңкелі айналымнан 7 880 480 теңге, 940 ойын автоматтары, 23 электрондық рулетка тәркіленді.

Заңсыз ойын бизнесіне қарсы тұруды тиімді ету мақсатында Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қылмыстық кодексіне заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру үшін жауапкершілікті көздейтін бап енгізілді. 2011 жылғы 25 қарашада ҚР ҚК 269-1 бабы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) заңды күшіне енді. Оған сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін заңсыз өндірілген табыстың соммасын белгілеу қажет емес. Бұл заңсыз ойын бизнесінің жолын тиімді кесуге және жасырын ойын мекемелерін ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік берді. «Соттың үкімі шыққан қылмыстық істер бойынша Алматы қаласы бойынша қаржы полициясы сот орындарымен бірігіп, 2011 жылдың аяғы мен 2012 жылдары 1500 ойын автоматтары мен 16 электронды рулетканы жойды. Мұндай бүркеме бизнеспен күрес жалғасуда», – дейді Қаржылық және экономикалық қылмысты ашу бөлімінің бастығы Қабыл Абзал.

Алматы қаласы аумағында қазіргі таңға дейін 6 астыртын ойынханалардың қызметі тоқтатылды. Аталған ойынханалар спорттық ойын покерінің атымен бүркемеленіп, заңсыз ойын бизнестерін жалғастырып келген. Алматы қаласындағы ойын залдарына кез келген адам оңайлықпен кіре алмайды. Ойын залын ұйымдастырушылар өздеріне күнделікті келетін тұлғаларға немесе сенімді адамдарға смс хабарлама арқылы шақыру жіберіп отырған. Тағы бір тәжірбиеде кездескен жайт, караоке клубы немесе бильярд залы деп ашылып, шындығында заңсыз ойын автоматтары орналасқан ойынхана болып шығады. Айта берсек, өзгенің атын бүркемеленген ойын бизнесі түрлі қитұрқыларға барған.

Заңсыз ойын залдарын ұйым­дас­тырған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, одан әрі қарай сотқа жолданады. Бұл қылмыстар бойынша жазалар әртүрлі: мәселен 200-250 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту, үлкен көлемде айыппұл төлеу. Бас бостандығынан айрылған азаматтар да бар.

Ойын мекемелерінің заңсыз қызметін анықтау және әшкерелеу бойынша жұмыс Алматы қаласы аумағында одан әрі жалғасуда. Бұл істе біз азаматтарымыздың көмегіне сенім артамыз және аталған қылмыстарды болдырмау мақсатында белсенділік танытып, ортақ атсалысады деген үміттеміз.

Сіздің тұрғылықты жерлеріңізде заңсыз ойын залдары немесе ойын автоматтары орнатылған жағдайда, қаржы полиция органдарының 144 нөмірлі сенім телефондарына хабарласуыңызға болады.

Жақсылық ЖАҚЫБАЕВ,

Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаментінің қызметкері

Серіктес жаңалықтары