ЖАН ЖАДЫРАТҚАН ЖҮЗДЕСУ

ЖАН ЖАДЫРАТҚАН ЖҮЗДЕСУ

ЖАН ЖАДЫРАТҚАН ЖҮЗДЕСУ
ашық дереккөзі
193

Астана бүгінде әкімшілік орталық қана емес, рухани ортаға да айналып үлгерді. Мұндай ортаны қалыптастыратын әдебиет пен мәдениет және өнер қайраткерлері.

Астана бүгінде әкімшілік орталық қана емес, рухани ортаға да айналып үлгерді. Мұндай ортаны қалыптастыратын әдебиет пен мәдениет және өнер қайраткерлері.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, драматург Әнес Сарайдың мерейтойы­на арналған «Ұлт.Тарих.Қаламгер» атты шығармашылық кеш өтті. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, жазушының қаламгер әріптестері және оның туындыларын сүйіп оқитын оқырман қауым өкілдері қатысты.

Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы мен Еуразия ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырған шарада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаламгерді 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, хат жолдады. Елбасының құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Мұхтар Абрарұлы оқып берді. Сондай-ақ жазушы қаламынан әр кездері туған очерк­тер мен мақалалар, әңгімелер мен повестер, романдар мен драмалық туындылар дүниеге келгенін айта келіп, төл тарихымызды терең зерттеген тарихи-танымдық шығармаларына тоқталды.

Ресми құттықтаудан кейін Қазақстан­ның­ Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбай сөз сөйледі. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, белгілі ақын Нұрлан Оразалин, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан тағы басқа белгілі тұлғалар жазушыны мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Университет ректоры Ерлан Сыдықов ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хатын оқып берді. Мерейтойлық кеште халық әртісі Тілектес Мейрамов пен Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық мемлекеттік музыкалық драма театрының әртісі Қуандық Қыстақбаев жазушының шығармасынан үзінді орындаса, белгілі жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов Тұрмағамбет Ізтілеуовтің нақыл сөзге толы толғауын нәшіне келтіре шырқады. Сөйтіп, қаламгердің 75 жылдық мерейтойына арналған басқосу жан жадыратқан жүздесуге айналды.

Базарбек ТҮКІБАЙ

Астана

Серіктес жаңалықтары