КЕРЕКУДЕГІ КЕЗДЕСУ

Жуырда «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысына барып, партияның облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясына қатысты.

Қарашаның 23-і күні өткен есеп-беру сайлау конференциясында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев нұротандық әріптестерімен кездесті. Кездесуде ортақ пікірлер ортаға салынды. Дидарласу барысында Бақытжан Сағынтаев мырза: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның алдына жаңа мақсат-міндеттер қойып отыр. Осы мақсаттың үдесінен шығу – сіздер мен біздер үшін үлкен сын. Елдегі саяси-экономикалық жаңарулардың бастамашысы біздің партия екенін Елбасы әрдайым айтып жүр. Олай болса, біз осы сенімге лайық болуымыз керек. Бұл іс тек қана партия мүшелерінің пәрменімен іске аспайды, оған бүкіл халық болып жұмыла іске кірісуіміз қажет. Және мұндай игі бастаманың басында «Нұр Отан» партиясы тұруы тиіс» деп атап өтті.

Павлодар облысының әкімі, облыстық партия ұйымының басшысы Ерлан Арын аймақтағы атқарылған іс-шаралар туралы баяндап өтті. Өңір басшысының баяндамасында, «Нұр Отанның» мүшелері Ертіс өңірінің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне лайықты үлес қосып келе жатқандығы да сөз болды. «Бүгінде аймақтағы өнімдердің жалпы көлемі артып, үстіміздегі жылдың тоғыз айы ішінде 632 млрд. теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,7 пайыз артық», – дейді облыс басшысы.

Конференцияда мұндағы қоғамдық қабылдаулардың қызметіне жоғары баға берілді. «Өткен есеп беру-сайлау мен осы есеп-беру сайлау аралығында адамдардың өтініш-арыздарының 78 пайызы орындалып, партияның әлеуметтік-экономикалық саясатының жемісін көрсетті», – деді Ерлан Арын.

Кездесуде Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік-экономикалық саладағы келешек жоспарлар туралы талқылай келе, партиялық бақылау бекеттері мәселесіне ерекше назар аударды. Әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру нысандарында партиялық бақылауды күшейту мәселесі де сөз болды. Б. Сағынтаев нысандарды пайдалануға бергеннен кейін де назардан тыс қалдырмау қажеттігін қадап айтты. Бүгінде осындай 129 партиялық бақылау бекеті бар. «Нұр Отанның» осы жақтағы мүшелеріне партиялық бақылау құзырына алатындай, халық мүддесіне тікелей қатысы бар деп саналатын ауруханалар мен емханаларда Қамқоршылар кеңесін құру мәселесі де тапсырылды. Бүгінде Павлодар облысында 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар екен. Олардың екі мыңнан астамы – жасөспірімдер көрінеді. Осыған орай, облыстағы іргелі кәсіпорындардағы бастауыш партия ұйымдарының жанынан мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алу үшін арнайы квота бөлу туралы бастама көтеру қажеттігіне көңіл бөлді.

Гүлзина Бектасова

Back to top button