КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ҺӘМ «БІР ТЕРЕЗЕ»

Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде отандық шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне түрлі қолдау көрсетілуде. Солардың бірі – Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы. Мұндай нысандар бизнес саласындағылардың иығындағы жүгін жеңілдетуге сеп.

ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде қазақстандық кәсіпкерлердің 2 мыңнан астам жобалары мақұлданған көрінеді. Аталған құжат бойынша жаңа бизнес-бастамаларды, экспортқа бейімделген өндірісті қолдау және кәсіпкерлік секторды сауықтыру шеңберінде жалпы несие сомасы 585,387 млрд. теңге болатын субсидияланған 2093 жоба өмірге жолдама алыпты. Оның ішінде бизнес-бастамаларды мақұлдау бойынша 1714 жоба, кәсіпкерлік секторды сауықтыру бойынша 223 жоба, экспортқа бейімделген өндірісті қолдау бойынша 156 жоба мақұлданған. Мақұлданған жобалар саны бойынша Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласы алдыңғы қатарда тұр. Ал несие қоржыны бойынша мақұлданған жобалар саны жағынан Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы орындарда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты әрі теңгермелі өсуін қамтамасыз ету және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау мақсатындағы шаралар аясы кең. Мәселен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен соңғы кездері Алматы мен Шымкент қалаларынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы есіктерін айқара ашты. Бұл жерде қазақстандық кәсіпкерлер бизнесті мемлекеттік қолдаудың құралдары және өз істерін жүргізу бойынша тегін кеңестерді ала алады. Мұндай орталықтарды құрудағы мақсат – «бір терезе» қағидасы бойынша кәсіпкерлердің өз кәсібін атқаруы үшін лайықты көмек алуына мүмкіндік тудыру. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бүгінде жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленуде. Алматы қаласының өзінде бүгінгі күнге дейін 240-тан астам кәсіпорын тегін кеңес алса, Шымкент қаласында 200-ге жуық компания осы орталықтың қызметіне ие болған. Арнайы ашылған орталықтарға кәсіпкерлер дән риза.

«Serif» ЖШС-нің директоры

Айжан Тіленбекова,

Алматы қаласы:

– «Мен осыдан бір жарым жыл бұрын «Даму» қоры ұйымдастырған «Бизнес Кеңесші» жобасына қатысқан болатынмын. Консалтингтік компаниялардың көмегіне жүгінгеніме де екі жылдың жүзі болды. Алғашқы кезде аталмыш қордың Алматы қаласындағы филиалының жанынан құрылған Кәсіпкерлерді қолдау орталығына барсам, бүгінгі таңда жаңадан ашылған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан өзіме қажетті барлық ақпаратты алып жүрмін. Бұл мен үшін өте ыңғайлы еді. Маған ең көп көмегі тиген кеңесші-маркетологтар болды. Олар менің тауарымның танымал болуына қолұштарын созды. Сондай-ақ, осы орталық мамандары ғаламторда сайтымызды ашуға көмектесіп, заңгерлер грант алуға дайындап жүрген құжаттарымды дұрыс рәсімдеуге көмектесті».

Кәсіпкер ханым былтырғы жылы Қазақстанда балалар аяқ киімін шығаруды қолға алыпты. Кәсіпорынның өндірісті кеңейту және «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен тауарлардың сапасын арттыру алдағы жоспарында қарасты­рыл­ған.

«Asian Sinergy Logistics» ЖШС-нің директоры Елена Орманчина, Алматы қаласы:

– «Даму» қорының жанындағы КҚКО-на келу арқылы мен мемлекеттің қолдауымен көптеген жабдықтарды лизингпен алуға болатынын білдім. Осы жерде нақты кеңестер арқылы мен өзімнің мемлекет тарапынан субсидия ала-алатынымды біліп, қазір осы орталықтың кеңесшілерімен бірге несиенің пайыздық үстемеақысын субсидиялауға құжаттар жинақтау­дамыз. Кеңсешілердің өздері теле­фон шалып, тіпті банк немесе әкімдіктердегі кездесуге бірге баруға ниет білдіргендері мен үшін таңғалатын әрі күтпеген жайт. Оның үстіне мен бұл үшін бір тиын да ақы төлемеймін!»

Бұл кәсіпорын темір жол арқылы экспорттық-импорттық және ел ішінде жүк тасымалымен айналысады.

«Асыл Тас Альянс» ЖШС-нің президенті Рүстем Айдаболов, Шымкент қаласы:

– «Даму» Қорының дәл осындай орталық ашу бастамасы дер кезінде қолға алынған шара деп бағалар едім. Бұған дейін біз түрлі консультацияларды қаланың әр түкпірінен іздеп жүрсек, енді «бір терезеден» барлық ақпаратты ала-аламыз. Бұл біз үшін өте ыңғайлы. Алып жатқан кеңестеріміздің қадірі қаншалықты екенін айтпасам да түсінікті. Мысалы, қаржылық лизинг бойынша 8 пайыздық үстемеақының 7 пайызын мемлекет төлеп, менің еншіме тек 1 пайыз қалатынын мен бұрын елестете де алмас едім. Осының барлығы Қор тарапынан көрсетіліп жатқан ақпараттық кеңес пен қолдаудың арқасында».

Биылғы жылы аталмыш кәсіпорын құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын желіні іске қоспақ. Компания өнім көлемін ұлғайтуды, өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, осы оң өзгерістер нәтижесінде бұл кәсіпорында қосымша 20 жұмыс орны ашылмақ.

«Альфа-Диагностика» ЖШС-нің директоры Сергей Самсонов, Шымкент қаласы:

– «Мемлекеттік қолдау құрал­дарының ішінде кепілдеме берудің бар болғаны бізді қатты қуантты. Біз 2 млн. теңге көлемінде мемлекет тарапынан кепілдік алып, енді өз бизнесімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біз бұл ақпаратты «Даму» қорынан алып едік, ал нақ­ты мәселелер бойынша бізге Кәсіп­кер­лікті қолдау орталықтарында кеңес берді».

Бұл компанияның негізгі қызметі – зертханалық диагностика. Қазіргі уақытта компанияда жоғарғы тех­но­логиялық зертханалар қол­да­­ны­лады. Клиника 50 түрлі медициналық зертханалық зерттеулер және сарап­таудың 86 түрін жасайды.

«Bon Appetit» ЖШС-нің атқарушы директоры Радмила Мингазова, Алматы қаласы:

– «Сервистік компаниялардың қосымша қызметтері және тегін қыз­мет көрсетуі мені қатты таңғал­дыр­ды. Білікті мамандардан құрал­ған команда маған тез арада са­лық мәселесі бойынша сұрағыма жау­ап тауып, заңдық құжаттарды дайын­дауыма көмектесті. Өз кезегімде мен өзім секілді кәсіпкерлерге «Даму» Қоры ұсынып отырған мүмкіндіктерді жіберіп алмаңыздар, өтініш білдіріңіздер, оқыңыздар, дамыңыздар дегім келеді».

Бұл кәсіпорын Алматыда алғашқы болып ашылған аспаздар мектебі болып табылады.

«Зерде» Ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС-нің басшысы Мұхтар Битеміров, Шымкент қаласы:

– «Даму» Қорының қызметі қазақ­­стандық бизнес үшін өте қажетті деп есептеймін. Ал кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары біз үшін жаңа леп әкелді!»

Бұл кәсіпорын – дәрілердің, медицина бұйымдарының, дәрілік шөптердің және фитошайлардың көтерме және бөлшек саудасымен айналысады.

***

Алматылық және шымкенттік кәсіпкерлердің көңілінен шыққан бұл жоба туралы «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимованың да пікірін білген едік:

– Ләззат Еркенқызы, жалпы «Даму» қоры кәсіпкерлерге қандай қаражатқа қатысы жоқ қолдаулар көрсетеді?

– «Бизнестің жол карта­с­ы­­-­20­20» бағдарламасының аясында кәсіпкерлерге олардың хабардарлығын арттыру мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. Мысалы, өз ісімен айналысуға бел буған азаматтардың біліктілігін арттыратын «Бизнес Кеңесші», «Назарбаев Университеті» базасында топ-менеджмент өкілдерін оқыту, отандық бизнесмендердің шетелдік серіктестерімен байланысын арттыруға бағытталған «Іскерлік байланыстар» жобалары бар. Бейқаржылық қолдаулардың ішіндегі ауыз толтырып айтарлығы – бұл Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары. Дәл осындай орталықтар ендігі ретте үш деңгейде өз қызметін жүзеге асырады. Оның алғашқысы облыс орталықтарында ашылатын Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары, ал шағын қалаларда Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары жұмыс істесе, еліміздің шалғай аудандарын жылжымалы кәсіпкерлерді қолдау орталықтары аралап, кеңес бермек.

– Дәл осындай орталықтарды еліміздің басқа қалаларында ашу жоспарларыңызда бар ма? Егер бар болса, қай шаһарларда?

– Иә, бұл жоспар ойымызда бар. Келесі жылы 14 облыстың орта­лы­ғында дәл осындай Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары есіктерін айқара ашып, жергілікті азаматтарға өз қызметтерін ұсынатын болады. Ал ағымдағы жылдың қараша айнының орта тұсында Жезқазған, Балқаш, Сарань, Қаражал, Арқалық, Жетіқара, Зыряновск, Серебрянск, Жаңатас, Қаратау, Кентау, Құлсары сынды еліміздің 12 шағын қаласында Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары жұмыс істей бастайды. Дәл осы уақытта Қарағанды, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Павлодар облыстарының аудандарында жылжымалы Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары елді аралауды бастайды. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары – бұл тура сол Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының қалалық деңгейдегі баламасы, ал жылжымалы Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары аудандық деңгейдегі арнайы автобустарда берілетін кеңестер. Бүгінгі таңда кеңесшілер арнайы дайындалған кесте бойынша автобустармен аудан-ауданды аралап, жергілікті азаматтарға тегін қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.

– Жалпы, бұл жерде қандай кеңес­тер алуға болады?

– Бұл арада аталмыш орталықтар келесі қызметтерді тегін көрсетеді: бухгалтерлік, салықтық және статистикалық есепті жүргізу, кедендік рәсімдеу қызметтері, менеджмент жүйесін енгізу бойынша үдерістерді толығымен сүйемелдеу және кеңес беру, заңдық қызметтер көрсету, маркетинг, ақпараттық технологиялар, ұлттық компаниялар өткізетін мемлекеттік сатып алу қызметтері бойынша кеңес беру. Осы айтылған ақпараттың барлығын «бір терезе» қағидасы бойынша ақысыз алуға болады. Келешекте осы орталықтарға екінші деңгейлі банк, кәсіпкерлік бастамаларды қаржыландыратын әрі түрлі бағдарламалар аясында мемлекеттік қолдау көрсететін даму институттары мен олардың еншілес компанияларының қызметкерлерін де отырғызу жоспарда бар. Осылайша «Даму» Қоры аталмыш мекеме базасында бірыңғай қызмет көрсету және кәсіпкерлердің хабардарлығын арттыратын орталықтар құруды көздеп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button