ЕУРАЗИЯДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖОБА

ЕУРАЗИЯДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖОБА

ЕУРАЗИЯДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖОБА
ашық дереккөзі
281

Қазақстан мен Беларусь ынтымақтастығы

Беларусь Республикасының Премьер-министрі Михаил Мясникович ресми сапармен Қазақстанға келді. Елімізге тұңғыш аяқ басқан Премьер бірқатар экономикалық келіссөздер жүргізіп, құжаттарға қол қойды. ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметовпен ресми кездесуі барысында екі елдің ынтымақтастығының әлеуеті арта түсетіні айқын болды.

Бүгінге дейін екі ел арасындағы тауар айналымы 730 миллион долларға жеткен. Әсіресе азық-түлік, соның ішінде ет, май, сүт өнімдері, машина жасау, жиһаз жасау өнеркәсібі, ауыл шаруашылық және медициналық техника жасау салаларында алыс-күйіс ұлғайып келеді. Кедендік одақ құрылмай тұрғанда мұндай көлемде алыс-беріс болмаған. Міне, соңғы екі жылда Беларусь пен Қазақстан арасында ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты мен импорты айтарлықтай артқан. Кедендік Одақ, Еуразиялық экономикалық кеңістік, Ресейдің Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруі, оған Қазақстанның да болашақта қосылу мүмкіндігі тағы сол сияқты факторлар екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасына оң әсер етуде. Әйтсе де Үкімет басшыларын бұл көрсеткіш қанағаттандырып отырған жоқ. Алдағы жылдары тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Екі елдің келіссөздері барысында жан-жақты қарастырылған мәселелердің бірі осы болды. Бұл туралы Премьер-министр Серік Ахметов те: «Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты одан әрі дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Біз бірлесіп жұмыс жасауға арналған бірқатар құжаттарға қол қойдық. Мұнай химиясы, ауылшаруашылығы, инновация саласында бірқатар жобалар жүзеге асатын болады», – деді.

Қазақстан мен Беларусь елдері үкіметтерінің алдында екі жақты тауар айналымын жақын арада 1 миллиард долларға дейін жеткізіп, болашақта екі-үш есеге арттыру міндеті тұр. 2010 жылы осы елмен Қазақстанның өзара сау­да көлемі 55,8 пайызға өссе, 2011 жылы Ресей және Беларусьпен өзара сауда өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 30,2 пайызға өскен. Қазақстанның Кедендік одақ елдерімен сыртқы сауда көлемі ағымдағы жылы 40 пайызға артқан. Сөйтіп жалпы тауар айналымының 18,5 пайызына жетті. Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Беларусь елдері арасындағы өзара сауда-саттық шамамен 17 пайыз өсім көрсетіпті.

Кедендік одаққа мүше қос мемлекеттің ынтымақтастық әлеуетін толықтай пайдаланып, бірлескен кәсіпорындар қатарын арттыру мақсатында инвестициялық жағдай жасау қажет. Кездесуде екі елдің үкімет басшылары келіссөздерді түйіндей келе бірнеше хаттамаға қол қойды. Бұдан кейін еліміздің Индустрия мен жаңа технологиялар және Беларусьтің өнеркәсіп министрлері меморандумға қол қойды. Оған сәйкес ауыл шаруашылық және коммуналды техниканың индустриалды-технологиялық бірлескен паркі құрылатын болды. Қаржы министрлері салыққа қатысты заңнаманы орындауда үкіметтер бірлесіп жұмыс жасайды деп келісіп отыр. Орман шаруашылығындағы ынтымақтастық пен телекоммуникация салаларына да мән беріліп, тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұдан кейін Қазақстан-Беларусь кәсіпкерлерінің екінші іскерлік форумы өтті.

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР

ҚАРҚЫН АЛМАҚ

Кедендік одақ аясында ел экономикасында үлкен серпіліс болды деуге болады. Еуропаға тауар экспорттауға тура жол ашылды дейді Үкімет басшысы. Сондықтан да беларустік инновациялық жобаларға инвестиция салу көзделіп отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің өзі де қайталап айтты:

– Қазіргі уақытта біз экономиканың басты-бас­ты деген салаларында жобаларын іске асырып жатқан Беларусь еліндегі әріптестерімізге инвестициялық қолдау көрсетуге әзірміз. Бұл – жарғылық капиталға қатысу, займдық қаржыландыру. Бізде лизинг жүйесі жақсы істейді. Оның үстіне еркін экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін де кеңінен қолдануға болады, – деді. Одақ көлеміндегі тауар айналымы – әзірге тек бастама ғана. Ортақ кеңістіктің басқа да мүмкіндіктерін пайдалану тетіктері енді ғана айқындалып келеді.

Алдағы екі-үш жылда Қазақстан мен Беларусь болашақ жобаларды жүзеге асыруға кіріседі. Беларусь делегаттары жоспарлап келген химия саласындағы «Могилевхимволокно» кәсіпорнында бірнеше тың жобалар іске асырылады. Жеңіл өнеркәсіпке жаңа технологиялы шикізат әзірлейтін жобаның жалпы құны 1 млрд. доллардан асады. Бұл ауқымды еуразиялық жобаға айналады дейді сарапшылар. Ал Беларусь Премьер-министрі ең ірі еуразиялық жобалардың бірі болады деген сенімде. Яғни, ол Біртұтас экономикалық кеңіс­тік­тің ішкі тұтынуда ғана емес, сондай-ақ үшінші мемлекеттердің нарығына да жұмыс істейді.

Сонымен қатар кен орындарында жұмыс жасайтын 10 самосвал жинау жоспарға енгізіліпті. Алдағы жылдары өндіріс көлемін үш есеге арттырып, 30-35 көлік Қазақстанда жасалмақшы. Қазақстан өз кәсіпорнында техника бөлшектерінің 40-45 пайызын жинаса, қалған 55 пайызын Беларусьтің өзі жасайды. Бірақ ең бастысы – техника осы жерде жиналып, құрастырылады.

Бүгінде Қазақстан тауар айналымы жөнінен Беларусь Республикасының Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші әріптесіне айналып отыр. 2010 жылдан бастап Беларусь Қазақстанның экономикасына 175 миллион доллар инвес­тиция құйған. Ал қазақстандық капиталы бар 20-ға жуық кәсіпорын Беларусь Рес­публикасында жұмыс жасап келеді. Бұдан былай да бірлескен кәсіпорындар санын арттыру үшін қажетті жағдай жасалуда.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары