ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ҰЗАРЫП БАРАДЫ

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ҰЗАРЫП БАРАДЫ

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ҰЗАРЫП БАРАДЫ
ашық дереккөзі
376

Ел экономикасының негiзгi күретамыры – жол сапасының жайы туралы бұған дейін де айтылып жүр. Бұл мәселенi мемлекет «Жол картасы» бағдарламасымен де шешпекшi болып, бiраз қаржы да бөлдi. Әрине, ұлан-байтақ еліміздегі шұрқ-тесiк жолдарды қысқа уақытта жамауға бiр ғана жобаның күш-қауқары жете қоймасы да айдан анық.

Жол – кез келген ел экономикасының негiзгi өзегi. Жол – ел мен елдi байланыс­тырып тұратын үлкен күретамыр. Алайда елімізде жол мәселесі әлі күнге өзекті. Ел Үкіметі шұрқ тесік жолдарды жөндеуге 2001 жылдан бастап кіріскен. Атап айтқанда, осы жылы Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысымен «Автомобиль жолдары құрылысы жылы» деп белгiленген болатын. Нәтижесiнде ең алғаш Қазақстан тарихындағы жылдамдықты жол, оңтүстiк пен солтүстiк астананы қосатын Алматы-Астана жолы салынып бiттi. Сол жылы тұңғыш рет автомобиль жол саласын дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданса, ал 2006-2012 жылдар аралығында автомобиль жол саласын дамытудың екiншi мемлекеттiк бағдарламасы жүзеге асып келеді. Әрине, әр мемлекет өз қал-қадерінше әрекет ететіні анық. Кез келген экономикасын дамытуды ойлаған ел әуелі жолын жөндейді. Мұндай мысалды біз АҚШ-тан анық көреміз. Дағдарыс өршіген қысылтаяң сәтте мемлекеттің ішкі инфрақұрылымдық жобаларға қаржы құюы тиімді екенін заманында АҚШ президенті Рузвельт те атап өткен. Америка ұлы депрессия тұсында көпірлері мен жолдарын жөндеуге айрықша мән бергені тарихтан белгілі. Кезінде әлгіндей мемлекеттік бағдарламалар Америка президенттері Ф. Рузвельт пен Д. Эйзенхауердың ұсыныстары арқылы қабылданып, оң нәтижесін берген болатын. Сонау ұлы депрессия жылдары, яғни 1939 жылы Рузвельт АҚШ конгресiнде негiзгi жолдың сапасын жоғарылату керек деген мәселе көтерсе, 1953 жылы Эйзенхауэр жол жанашыры ретiнде танылды. Ол Американың экономикасын көтеру үшiн 12 жылдық жол салу бағдарламасын жасаған.

Бүгінде бірқатар өркениетті елдер жол саласын экономиканы да­мытудың бас­ты «көзірі» етіп алғаны рас. АҚШ-тағы бүкіләлемдік банк мамандарының тапсыруымен зерттеулер жүргізген ғалымдар дамыған және дамушы елдердің экономикасын талдаған екен. Сонда олар жол саласына салынған әр 1 долларды аз уақытта 2-3 доллар етіп қайтарып алуға мүмкіндік мол екенін байқаған. Осыдан барып әлем ғалымдары «жол саласы экономикада жетекші рөл атқарады» деген шешімге келген. Сондай-ақ әлем ғалымдары «керісінше, жол салынбай, осы салаға аса мән берілмей қалса, басқа салалар да тоқырауға түседі» деген. Осыған қарап-ақ жол саласына аса мән берілуі керектігін аңғаруға болады.

Міне, бұл тәжірибеден Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бас тартқан жоқ. Үкіметке «Жол картасы», «Индустриялық-инновациялық» бағдарламаларын тиянақты жүзеге асыруды тапсырып, оның орындалу барысын қадағалап отырды. Республикалық бюджеттен қаржы бөлудің арқасында қалалар мен қоса ауылдарда да жолдарды жөндеу ісі жүргізілуде. Соның бір айқын дәлелі – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлiк дәлiзiнiң жобасы iске қосылғанда, әрi-берi қатынамай тұрмайтын қарапайым халық «бұл жолмен көлiктiң өзi-ақ заулайтын болады» деп қатты қуанған. Өйткенi аса ауқымды жобаны өз тiзгiнiне алған Көлiк және коммуникация министрлiгi де халықаралық көлiк дәлiзiнiң 2787 шақырымы Қазақстан арқылы өтетiндiгiн және жолдың әлемдiк стандарттарға сай салынатындығын айтқан едi. Ендi жұрт Ақтөбе облысынан басталып, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының үстiмен өтетiн күре жолдың пайдалануға берiлетiн күнiн зарыға әрi тағатсыздана күтуде. Себебі көлік дәлізі қолданысқа берілсе, қаншама адамға жұмыс көзі әрі халықаралық күретамыр жалғап жатқан шет мемлекеттер мен еліміздің облыстары кәдімгі Ұлы Жібек жолына айналатын еді. Әрине, мұндай тығыз байланыс Қазақ даласының экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, шетелдік инвесторларды да тартуға септігін тигізетіні айдан анық.

Негiзi бiзде сапалы жол салуға деген ниет 1997-98 жылдары ғана пайда бола бас­тады. Сол кездегi жағдайды еске түсiрсек, елiмiздiң экономикалық ахуалы бүгiнгiдей жақсы емес-тұғын. Соған қарамастан, жаңа «Алматы-Астана» тас жолын көптеген әлемдiк қаржылық институттардан несие алып салған едiк. Елiмiздiң экономикасы тек 2001 жылдан берi ғана күрт дамыды. Жағдай жақсарды. Қазiр «Алматы-Астана» жолы қайтадан кеңейтiп салуды қажет етуде. Өйткені соңғы жылдары осы жолда қаншама көлік апаты орын алып, көптеген адам ажал құшты. Тіпті бұл тас жолды «ажал жолы» немесе «қан жолы» деп атау белең алып барады. Мәселе – жолдың тарлығында. Қала мен қаланы байланыстырып жатқан тас жолды неге кеңейтіп салмасқа? Бұл бір жылдық емес, бір ғасырлық жол емес пе?!

АЗ АҚШАҒА АЙТУЛЫ

ЖОЛ САЛЫНБАЙДЫ

Әлбетте, жол салу оңай шаруа емес. Бұл қомақты қаржыны қажет ететiн күрделi процесс. Бір жағынан 7-8 жылдың ішінде қанша жол салуға болады?! Құдайға шүкiр, қазiр жолшылар тәп-тәуiр жол салатын жағдайға жеттi. Басшылар жолды салуды басқара алатын болды. Бiрақ ең алдымен, жақсы жол салу үшiн қомақты қаржы қажет. Екiншi, уақыт керек. Пайдалануға берiлген 90 мың шақырым автомобиль жолының бiр шақырымын салу қанша тұрады? Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты АҚ президентi, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Телтаевтың мәліметіне сүйенсек, алты жолақты Астана-Бурабай тас жолының әрбiр шақырымы – 3,4 млн. АҚШ долларына тең болды. Ал осындай асфальт-бетон жол 1998-2007 жылдары Түркияның Газиантеп қаласында салынды. Оның бiр шақырымы – 6 жарым миллион долларға жеткен. 1998-2006 жылдар аралығында Чехияда Прага-Дрездень цемент-бетон жамылғысы бар, ұзындығы 109 шақырым, алты жолақты тас жолы iске қосылды. Оның бiр шақырымының құны – 13 жарым миллион доллар. Германиядағы алты жолақты 45 шақырым жолдың бiр шақырымы – 8 миллион долларға бағаланған. Кореяда 1998-2004 жыл аралығында салынған жолдың бiр шақырымы – 24 млн. доллар болса, көршiлес жатқан Ресейдiң асфальт-бетон жамылғысы бар төрт жолақты М-4 Дон деген тас жолының бiр шақырымының өзiне 4,4 млн. доллар жұмсалған. Сондықтан жол салу үлкен қаржыны және уақытты қажет етедi.

Қазақстан тарихындағы тұңғыш «Астана-Бурабай» автомагистралі 3 жыл iшiнде салынып бiттi. Жалпы ұзындығы – 230 шақырым. Оның цемент бетон жамылғысы Германияның жаңа технологиясы бойынша салынды. Ал, ортасындағы 120 шақырымға асфальт-бетон жамылғысы қолданылды. Бұл – шағылтас-мастикалық асфальт-бетоны, табиғи климаттық жағдайға және автомобильдерден түсетiн механикалық күштерге төзiмдi асфальттың түрi. Мiне, қазiр еліміздің жол салушылары осы технологияны меңгеріп, тәжiрибесін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлiк дәлiзiне пайдаланып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қандай экономикалық дағдарыс болса да, iрi жол жобаларын тоқтатпаймыз» деген болатын. Соның нәтижесiнде «Астана-Бурабай» тас жолы өз уақтысында пайдалануға берiлсе, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» мегажобасы дер кезiнде басталып кеттi. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралін қайта салу Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы қолға алынды. Батыс пен Шығысты жалғаған сауда магистралі – «Ұлы Жібек жолын» бес ғасыр өткен соң қайта жаңғыртуды Елбасы өзі ұсынған еді. Нәтижесінде көрші мемлекеттермен бірқатар меморандум жасалып, жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба республикалық бюджет, сыртқы қарыздар және концессия негiзiндегi жеке капиталдың есебiнен қаржыландырылуда. Алдын ала болжам бойынша, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлiк дәлiзiнiң құрылысы 2012 жылы тәмамдалса, толықтай пайдалануға 2013 жылы берiледi деп жоспарланған. Алайда бес аймақты басып өтетін дәлізді салу барысында бірқатар қиындықтар кездесіп отырғанға ұқсайды. Жол түсетін кейбір аумақтарда елді мекендер, шаруалар пайдаланып отырған жер телімдері бар. Оларға өтемақы беру қажет. Екіншіден, көптеген көпірлерді ауыстыруға тура келіп тұр. Кейбір тұстарда шағын көлдер бар. Олардың суын сарқып, орнын топырақпен толтыру қажет. Бұның барлығы қосымша қаржыны, уақытты талап ететін күрделі шаруа.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Қызылорда облысы бойынша өтетін учаскенің ұзындығы 812 шақырымды құрайды. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда қайта салу жұмыстарын жүргізу көлемі бойынша ең үлкен учаске болып табылады. Қызылорда облысы бойынша Автомобиль жолдары департаментінің директоры Ерұлан Жүнісовтің айтуынша, бүгінде барлық учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оған 5 бас мердігер және 20 қосалқы мердігер ұйым тартылған. Жылдың соңына дейін облыс бойынша 437 шақырым жол құрылысын аяқтау көзделуде. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов: «Облыстағы жол құрылысы аталған жобаны іске асыруды қолға алған жылы бас­талды және бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүруде», – деп атап өтті.

Магистральді жобаның барысында Қызылорда, Жаңақорған, Арал қалалары мен Шиелі және Жусалы ауылдарын айналып өту жолдары да қарастырылған. Бұл аталмыш елді мекендер арқылы өтетін жолдағы көліктердің ағынын азайту үшін қабылданған шешім. Айта кету керек, Қызылорда облысының көп аймағы құмды жер. Осыны ескерген мамандар жобада жол жиегіне жолақ құрылғыларын салу, ағаш отырғызу, жолдың топырақ жабындысының құламасын бекітуді қолға алды. Сондықтан облыс аумағында күрежолдың құрылысына пайдаланатын материалдарды өндіру шапшаң дамуда. Айналасы екі жыл ішінде 5 қиыршық тас зауыты іске қосылды. Осының есебінен қиыр­шық­тас өндіру көлемі 3 есеге өсті. Уран өндірісін дамытуға және қазақстандық өнімнің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатына бағытталған күкірт-қышқылы зауыты, қуаттылығы 87 мегаватт болатын және аймақты меншікті электр энергиясымен қам­тамасыз ететін «Кристалл Менеджмент» ЖШС-нің Ақшабұлақ кенішіндегі газотур­би­налық электрстансасы да аталмыш бағдарла­маның аясында іске асқан жобалар.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі еліміздегі сандаған маманға жұмыс көзін тауып берді. Аталмыш жобаға Қызылорда облысы бойынша өтетін учаскесінің құрылысына 22 мың 624 жұмысшы тартылған. Солардың ішінде 15 мың 686 – жергілікті тұрғындар болса, 6 мың 658-і – Қазақстанның басқа өңірлерінен келгендер.

КӨЛІК ДӘЛІЗІ –

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА

Жамбыл облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жоспар бойынша жүзеге асып келеді. Осылайша, 495 шақырым жолдың 37 пайызы халықтың игілігіне берілмек.

Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің бағалауынша, Жамбыл облысында құрылыс жұмыстары жоба қолға алынған жылдан бастап жоғары қарқынмен жүргізілуде. Бұл өңірде жол құрылысына 5 мердігер компания тартылған. Олардың техника мен жұмысшыларды дер кезінде жұмылдырып, материалдарды уақытында дайындап үлгерулерінің арқасында цемент-бетонды төсемелі 4 учаскенің құрылысы аяқталған. Автомобиль жолдары комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры Ұлан Әліповтің айтуынша, облыс аумағында жол асулары мен дөңестерінің, қиын бұрылыстардың көптеп кездесуі көлік қатынасын едәуір қиындатқан болатын. Бұл өз кезегінде облыста жол-көлік апаттарының жиілеп кетуіне де себеп болған көрінеді.

Жолды қайта салу жобасын әзірлеу барысында осы аумақтың жер бедерінің ерекшеліктері де ескерілді: асуларды тіліп өту, ойпаң учаскелердің деңгейін көтеру, сонымен бірге қиын бұрылыстарды түзеу көзделген. Мұның сыртында, көліктер ағынының қозғалыс жылдамдығын арттыру мақсатында, өзге өңірлердегідей елді мекендерге соқпай өту үшін айналма жолдар, көлік айырымдары, көпірлер, жануарларға арналған өтпелер салу қарастырылған болатын. Транзитті жүк көліктері мен қоғамдық көліктер ағынының көптігіне байланысты облыста бірінші техникалық санаттағы 4 жолақты доңғалақ тойтарғыш білемдер түріндегі бөлгіш тосқауыл қоршаулары бар жол құрылысы салынуда. Бұл құрылыстар қарсы келе жатқан көліктердің бір-біріне тіке соқтығысуын, жол шетіне шығып кетуін болдырмау үшін қарастырылған. Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өтетін учаскесін қайта салуды жобалау барысында жол бойына жақын орналасқан елді мекендердің көптігіне баса назар аударылды. Осы елді мекендерге көлік қатынасына кедергі келтірмеу мақсатында жобалаушылар 50 көпір мен жол өтпелерін салуды қарастырды. Бұл өтпелі жол тарихи-мәдени ескерткіштердің орталығы саналатын Түркістан қаласы арқылы өтетін жүк транзиті көліктерінің ағынын азайтуға мүмкіндік бермек. Оның үстіне Шымкент қаласы арқылы өтетін көлік ағыны мәселесін реттеу де аса маңызды. Неге десеңіз, соңғы жылдары жеке сектор құрылысы қарқынының артуына байланысты қала кеңейіп барады. Дәл осы жерде «Азеркопу» компаниясы 7 монолиттік көпір тұрғызуда. Егер бұл көпір іске қосылса, тұрғындардың қалаға қатынауы әлдеқайда жеңілдей түспек.

Аталған жобаны жүзеге асыру­ барысында өңірдегі жұмыссыздық дең­гей­ін төмендетуге мүмкіндік туды. Айта­лық, құрылыс жұмыстарына 4221 адам тартылса, солардың 3927-с і­­ жер­гі­лік­ті тұрғындар. Құрылыс жұмыстары бары­сында олардың көпшілігі зертханашы, бетон төсеу кешенінің операторы секілді жаңа мамандықтарды игерді.

Әділхан ҚАНАЕВ,

кәсіпкер:

– Өзім Шымкент қаласының тұрғынымын. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі құрылыс жұмыстарының қалай басталғаны көз алдымызда. Бір айта кетерлігі, жол салу жұмысы межеден кешеуілдеп келеді. Тіпті көлік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысы аумағына қарайтын бөлігіндегі жұмысшылардың кейбірі жалақысын уақытында алмағандығы туралы әңгімелер де болды. Бұл мердігер компаниялардың іс-әрекеті. Шын мәнінде, халықаралық көлік дәлізі пайдалануға берілсе, Ұлы Жібек жолы қайта жаңғыратындығына күмән жоқ. Еліміздің облыстарының экономикалық жағдайы артып, сауда-саттық байланыс дамиды. Кәсіпкер ретінде Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысы арасында жиі қатынаймын. Жол азабын жүрген біледі демей ме? Екі ортаға қаншама уақытымды сарп етемін. Егер көлік дәлізі жұмысын аяқтаса, екі сағаттың ішінде зауылдауға болады екен. Қазір жолдың нашарлығынан көлік те тез сынады, жүйке де тозады. Көліктерге арналған жолдың тарлығынан жол апаты да жиі орын алуда. Ал ертең көлік дәлізі қолдануға берілсе, әлгіндей кедергілерге тоқсауыл қойылады деп сенемін. Ал әзірге барға қанағат етіп жүрміз.

Марат МҮРСАЛИМОВ,

кәсіпкер:

– Қазақстан аумағында автомобиль жолдары осы күнге дейін жақсы дамымай келді. Аудан орталықтарынан облыс орталығына жетудің өзі қиынның қиыны. Енді «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі осы олқылықтың орнын толтырады деген үміт бар. Бұл жолда уақыт үнемделеді. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары түпкілікті аяқталмағандықтан жол белгілері толық қойылмаған. Егер жол құрылысы аяқталып, халықаралық көлік дәлізі түпкілікті пайдалануға берілсе, халық үшін өте тиімді болар еді. Қарапайым халық өкілі ретінде, күнделікті жолдың үстінде жүретін кәсіпкер ретінде біздің еліміздің жолдарының сапасыздығын жақсы білемін. Ал басқа шетелге барсаң, жол нағыз күретамыр іспеттес. Қарайсың да, қызығасың. «Шіркін, осындай жол бізде қашан болады екен» деп армандап қайтасың. Сәтін салса, сол күнге де жететін күн туатын шығар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары