«МЕДИЦИНАДА ЕУРОПАДАН КЕМ ЕМЕСПІЗ»

«МЕДИЦИНАДА ЕУРОПАДАН КЕМ ЕМЕСПІЗ»

«МЕДИЦИНАДА ЕУРОПАДАН КЕМ ЕМЕСПІЗ»
ашық дереккөзі
433

«Қазақ­станда адами капиталдың сапалы өсуі, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау», – деп атап өтті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында. Денсаулық сақтау – жеке бастың ғана мәселесі емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі. Осы ретте «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, бүгінде жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламада елімізде аурулардың алдын алу, оларды ерте кезеңде анықтау, өмір сүру жасын ұзарту, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, ана-бала өлім-жітімін төмендету, тағы да басқа мәселелерге басты көңіл бөлінген. Бүгінде осынау жайттардың орындалу деңгейі қалай? Осы орайда Алматы мемлекеттік Дәрігерлер білімін жетілдіру институтының проректоры Әлихан Жүсіпов мырза аталмыш бағдарламадағы маман дайындау ісінің жүзеге асырылу бағытымен және медицинадағы өзекті мәселелер туралы ой бөлісті.

– «Саламатты Қазақстан-2015» мем­ле­кет­тік бағдарламасы сапалы түрде жүзеге асырылып жатыр. Денсаулықты сақтаудың тиімді жолы – дұрыс тамақтану. Бағдарламаның бір саласы осы жөнінде. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Харлем Брутланд әлемдегі адам өлімінің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаумен тығыз байланыс­ты деп атап өткен-ді. Тамақтануға байланыс­ты кемшіліктердің зардабы көптеген елдердің денсаулық сақтау ісіне өз ауыртпалығын түсіріп отыр. Ал әлемдік экономиканың жаһандануына байланысты, сол тағам мәселесі жалпы дүние жүзін­дегі экономика дамуына да кесірін тигізуде. Қазіргі таңда жиі кездесетін аурудың бірі – семіздік. Семіз адамдардың қалыпты адамдармен салыстырғанда 10-15 жылдай аз өмір сүретіні дәлелденген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев биыл Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселенің өмірлік маңызын тағы да атап өтті. Салауатты өмір салтын насихаттап, дене тәрбиесімен айналысып, дұрыс тамақтану, есірткіден, темекіден, алкогольді ішімдіктерден аулақ болу – болашақтың бүгіннен басталатынын есте сақтау. Халқымызда «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» дейді. Ендеше ауырмаудың жолын іздеген анағұрлым жеңіл және арзан. Бұл туралы Бағдарламада жеке тараумен айтылған. Жалпы, соңғы жылдары халықтың денсаулығы жақсарды деп айтуға болады. Кез келген ауруды емдеп, отаның түр-түрін елімізде жасай аламыз. Жаңа технология қазақ медицина саласында кеңінен қолданыла бастады. Әрбір жаңадан шыққан құрал-жабдық біздің назардан тыс қалмайды. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз де бар.

– Сонда Еуропа медицинасынан қаншалықты қалып келеміз?

– Техника, құрал-жабдық жағынан еш жеріміз кем емес. Еуропамен иық тірестіре аламыз деуге де аз-ақ қалды. Астанада Ұлттық кардиологиялық орталықта жүрек алмастырады. Жасанды жүректі қоя алады, аппарат орнатады. Бұл зор мақтаныш. Сызғанов атындағы хирургиялық орталықта бірнеше бауыр алмастыру операциялары сәтті өткізілді. Әзірге шетелдік мамандар ота жасап жатса да, басы-қасында тұрған біздің мамандар. Ешкімнен кем қалмайтын дәрежеге жеттік, кем емеспіз. Әрине, сан жағынан аздау. Ағзаны алмастыруға келісім беретіндер саны аз. Бұның діни жағы да бар. Өркениетті елдерде әрбір жүргізушінің куәлігінде «жазатайым апатқа ұшырасам, ағзаларымды беремін» деген рұқсат қағазы бар. Бізде мұндай жоқ, бірақ бұл туралы біздің әріптестеріміз жиі-жиі қозғап жүр. Жүрек алмастыруға қазіргі таңда 500 адам кезекте тұр.

– Елімізде шетелге барып емделу үрдісі кеңінен таралған. Әсіресе Германия, Ресей, Қытай медицинасына көптеп жүгінеді. Бұл үрдіс шетелдік емдеу тәсілдерінің сапалылығында ма, әлде қазақстандық дәрігерлерге сенбегендіктен бе?

– Бұған менің айтарым біреу-ақ. Біз өзімізді-өзіміз сыйламаймыз. Қазір шетелге барудың ешқандай маңызы жоқ. Осы уақытқа дейін хирургиялық оталарды жасату үшін шетелге баруға мәжбүр болдық. Балалардың қантамыр аурулары, көздің, бауыр, бүйрек, жүрек ауруларының оталарының барлығы елімізде жасалады. Әлі де болса үгіт-насихат жұмысы жөнге қойылмаған шығар. Кезінде жоғарыда аталған оталар елімізде жасалмай тұрғанда, мен өзім талай науқасты бағыт-бағдар беріп, шетелге аттандырғанмын. Қазір ешкімге де шетелге емдел деп нұсқау бермеймін. Өйткені Қазақстан медицинасы мен шетелдік медицинаның айырмашылығы жоқ. Алматы мен Астанаға барудың да қажеті жоқ, облыс орталықтарында жүрекке және көз алмасын алмастыратын ота жасай береді. Қай облыста да миға ота жасай алады. Бүгінде мидың сүйегін тесудің қажеті жоқ. Мұрын тесігі, құлақ арқылы мидағы ісікті алып тастайды. Қазір эндоскопиялық операция жасалады. Бұрынғыдай қарынды тілмейді, үш қана түтік арқылы құлан-таза айықтырады. Сол сияқты роботохирургия деген бар. Робот арқылы ота жасап, компьютермен көріп отырады. «Довинчи» деген аппаратпен хирург басқа кабинетте отырып-ақ, ота жасай алады. Міне осы аталған жаңа технологияның жетістіктеріне қарап, еліміздегі денсаулық сақтау, медицина саласының дамығанына куә болып отырмыз. Бүгінде шетелге барған науқастардың басым бөлігі көңілі толмай қайтуда. Өйткені ол жерде уақыт тығыз. Біріншіден, тіл мәселесі кедергі. Екіншіден, әр дәрігердің қалтасында уақытын белгілейтін қоңыраулары бар. 15 минуттан асса, науқасты тастайды да кете береді. Дамыған медицинаның жетістігі осы ма? Уақыты біткенде науқасты сол жерде тас­тап кете береді. Әрине, жаңа технологияның жетістігімен мақтанамыз, бірақ осы жағдайға жеткізбеуді қадағалау керек.

– Медицина дамыған, жаңа технология, екпелер, ғылыми жаңалықтар мен мың да бір шипалы дәрілер ойлап табылды. Бірақ адамның өмір сүру жасы ұзарған жоқ. Өлім-жітім азаймаған сияқты…

– «Саламатты Қазақстан» бағдар­ла­масы­ның нәтижесінде 2013 жылы өмір сүру жасының 69,5 жасқа жеткізу керек. Ал 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұлғайту көзделуде. Сондай-ақ ана-бала өлімін болдырмау негізгі міндеттердің бірі. Мемлекетіміздің қойған талаптарының маңыздысы – ана мен бала өлімін азайту. Бұл көрсеткіш қазір бірнеше пайызға төмендеді. Негізі мұндай нәрселер бұрын айтыла бермейтін, шындықты ашып айту керек. Осы қоғамдағы келеңсіз жайт ашып айтылғанда ғана біз онымен күресе аламыз, тосқауыл қоямыз. Мәселен жүрек аурулары бірнеше есеге азайды. Онкологиялық аурулар да кеміді. Бір өкініштісі, адамдардың өзін-өзі сыйлауы, өзіне-өзі қарауы, күтімі төмен болып жатыр. Мұның бәрі тәрбиеден, жастарды жастайынан баулудан. Жоғары оқу орындарында қыз балалардың 20-30 пайызы шылым шегеді, ал ер балалардың 50-60 пайызы шылым шегіп, ішімдік ішеді. Бұл біздің инс­титут жүргізген зерттеулердің нәтижесінде белгілі болды. Аурудың алдын алу деген нәрсені әрбір адамның санасына сіңіру керек. Салауатты өмір ішімдік пен шылымды тастау ғана емес. Дене шынықтырумен айналысу, күнделікті режимді қалыптастыру, дұрыс тамақтану. Дұрыс өмір сүру үшін тәулігіне 7 шақырым жаяу жүру керек, мүмкіндік болса 10 шақырым. Бұл ең ұзақ өмір сүретін жапондықтардың ұлттық қағидасы десек болады. Бүгінде кім күніне 7 шақырым жаяу жүреді? Бес күн жұмыс істейміз бәріміз, екі күн шалқадан түсіп демаламыз. Бір қонақасында бір аптаның тамағын бір-ақ қылғытып аламыз. Кейде бір айдың нормасын орындап тастаймыз. Ол денеге сіңбейді, сөйтеді де адамның денесіне жиналады, май басады, салмақ артады. Салмақ артуы гипертонияға алып келеді, ол өз кезегінде жүрек қантамыры ауруларын тудырады. Сол екі ортада және қант диабетіне себепші болады. Бұл аурулардың бәрі бір топтама. Жалпы ауруға – апалы-сіңлілі деген теңеу тура айтылған. «Салауатты өмір сүру» ұғымы бұрыннан бар. Салауатты өмір салтын қалыптастыру бүгінгі уақыт қажетті­лігі. Шынын айтқанда, бүгінгі заман ауырып, ауруханаға емделу үшін кезекке тұрудың емес, өз денсаулығын қорғай білуді түсінетін уақыт. Бүгінде мемлекеттің негізгі саясаты да сол, елді спортпен айналысуға, өз денсаулығын өзі күтуге жұмылдыру.

Аурулар қазір жасарып кеткен, жас ұрпаққа қол сұға бастаған. Ер-азаматтар – ел тірегі, орда бұзар 35-40 жасында күш-қайратынан айрылып, түрлі ауруларға бой алдырады. Таяу арада Урологиялық ғылыми орталық халықаралық конференция өткізді. Сонда осы мәселе талқыланды. Елімізде соңғы жылдары ер-азаматтардың 30 пайызында бедеулік бар. Ұрпақты болу өзектi проблема күйiнде қалып отыр, некеге тұрғандардың 16 пайызға жуығы ұрпақсыз болып қалуда. Бұл медицинаның қауқарсыздығы емес, жастардың күтімсіз кеткендігінен де болатын аурулар. Осының бәрі жиылып келіп, бірі болмаса екіншісі өлімге апарады. Тағы да қайталап айтам, мұның бәрі өзін-өзі күтпеуден болады. Сондықтан мемлекет ауырып емделгенше, ауырмаудың жолын іздеуді негізгі мақсат етіп қойған. Бүкіл дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы сараптамасы бойынша адамның денсаулығының 60 пайызы өзін-өзі күтуден, ал медицина көп болса – 15 пайыз, ал сыртқы ортаның кесірінен 10 пайыз адам денсаулығына әсер етеді екен.

– Жүрек қантамырлары аурулары «жасарып» келеді дейді дәрігерлер. Жүрек ауруларын емдеу технологиясы ойлап табылса да, ауруға шалдыққандар саны азаяр емес…

– Медицина саласында маманның білімін жетілдіру жоғары дәрежеге жеткен. Осымен екі-үш жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Бірнеше жыл бұрын жүректің қантамырларына арнайы екпе зат жіберіп, жүректің қантамырларын тексеретін. Сондай-ақ, қантамыр бекітіліп қалғанда, стенд деген аппарат арқылы тексеру жүргізілетін. Осы күнге дейін аталған тексерулердің барлығы алыс-жақын шетелдерде жасалып келген. Қазір өзіміздің отандық медицинада кеңінен қолданылып жүр. 2007-2009 жылдары денсаулық саласындағы мемлекеттік бағдарламада кардиология мен кардиохирургияны жетілдіру саласына көп көңіл бөлінді. Осы бағдарлама негізінде 27 миллиард теңгедей қаржы бөлінді, сөйтіп барлық облыстарда ангиографиялық жабдықтар алына бастады. Бүгінгі таңда облыстардың бәрінде коронарография, стенд қою жүзеге асырылады. Ал бірнеше ірі орталықтарда – Алматы, Астана және Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбеде жүректің қан тамырындағы бекітіліп қалған жерлерге аяқтың көк тамырын жалғау арқылы қан жүргізеді. Осы тәсілмен бүгінде мыңдаған жандардың өмірі ұзарды, өлім аузынан қалды. Соңғы кездері жүрек қантамыры ауруларынан өлім құшу, әсіресе ауруханада көз жұму деген жойылды деп айта аламын. Бұл мәселеге мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қатаң тапсырма берілген. Ол – ана мен бала өлімін төмендету және жүрек қантамыры ауруларының өлімін азайту. Осынау мәселелерді шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігінде штаб құрылған, оны министрдің өзі басқарады. Ай сайын қайтыс болған ана мен баланың өлу себептерін талдап, нәтиже шығарып отырады. Бұл да «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жетістіктері.

Мемлекеттің өте қатты көңіл бөліп отырған саласы – онкология. Биылдан бастап қомақты қаржы бөлініп, ұлттық бағдарлама ретінде қарастырылуда. Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін не істеу керек? Осы саланың білікті мамандарын дайындау керек. Оны орындау үшін не істеу керек? Республикада медициналық білім беретін бірнеше жоғары оқу орындары бар. ЖОО-ның жанынан ашылған дәрігерлердің білімін жетілдіру факультеттері бар. Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты бар. Аталған институт пен университеттерге тапсырма берілгенмен, осы күнге дейін әркім өз бетінше әрекет етті, бір жүйеге түспеді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл емес пе? Сондықтан қазір консорциум құрылды. Оған ЖОО-дары, медбикелік колледж және ғылыми зерттеу орталықтары кіреді. Мұның бәрін топтастырып, бірізді жүйеге қоятын Алматы Мемлекеттік Дәрігерлік Біліктілікті Жетілдіру Институты. Ол тікелей Денсаулық сақтау министрлігімен байланысты және Назарбаев университетіндегі Өмір туралы ғылыми орталықпен тығыз байланыста. Бір жүйеге енді ғана қойылды десек болады.

– Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесі қабылданды. Дамыған елдерден алынған озық жүйенің біздің қоғамда орнығуы қалай болып жатыр екен?

– Әлемдегі үздік тәжірибелерді жинақтай отырып, екі жылда бұл жүйе өз нәтижесін берді. Кемшіліксіз дүние болмайды, бірақ бұл жүйенің өміршең екені анық. Ұйымдастыру жағынан түсініспеушіліктер бар, орындау жағынан да қателіктер бар. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалуы барысында кем-кетіктер жойылып келеді. Қазір елімізде денсаулық саласына бөлінген қаржыны өткен жылдармен салыстыруға болмайды. Бұл өте қомақты қаржы және медицинаның сан-салалы проблемаларын қамтамасыз етуге арналған. Біріншіден, адамның денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және ауырған жағдайдың өзінде мамандандырылған жәрдем көрсету. Егер талдау жүйесіне сенсек, Қазақстан халқының емделу үшін жиі келетін қалалары – Алматы мен Астана. Ол түсінікті де. Оның өзі заңдылық. Жоғары дәрежелі клиникалардың барлығы осы екі қалаға шоғырланған. Бұл облыс орталықтарында емдеу мекемесі жоқ деген сөз емес, керісінше көптеген операциялар солардың өзінде де жасалады. Жаңа құрал-жабдықтар, ғылыми технология мен инвестиция тұрғысынан осы екі қала озып тұр және бұл мегаполистерде жоғары білімді дәрігерлер, профессор, шетелден келген мамандар көп. Оларға келетін науқастардың көптігін осылай түсіндіруге болады. Екінші мәселе, біз көп жағдайда аурулардың физикалық жағдайына, аурулардың науқастанған ағзасына көп көңіл бөлеміз. Мәселен, жүрегі ауыратын адамның тек қана жүрегін емдеуге кірісеміз. Асқазан жарасы болса соны емдеуге ғана күш жұмылдырамыз. Ал науқастың өзінің психикалық жағдайына мән бермейді, тіпті мән беру керек деп ойламайды да. Медицина саласында науқастың психологиялық жағдайы бұрын-соңды қаралмаған да. Қазір, міне, жаңа бағдарламада науқастарға әлеуметтік-психологиялық жәрдем беретін сала қарастырылған. Әр емханада осы саланың қызметкері болады. Сондықтан «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында психикалық аурулардың дәрігерін дайындау алға қойылған. Оны кім дайындайды?

– Иә, білікті маман дайындау ісі қалай болып жатыр? Облыстарда дәрігер маман жетіспейді, ал ауруханалар жас маманға зәру…

– Мемлекеттiк медициналық жоғары оқу орындары соңғы 10 жылда алғаш рет оқыту-клиникалық және зертханалық құрал-жабдықтар сатып алды, жоғары оқу орындарының басым бөлігі шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар деңгейіне өтті. Бiлiм берудiң инновациялық технологияларын енгiзу жұмыстары кезең-кезеңiмен жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламаны iске асыру кезеңiнде медицина кадрларының бiлiктiлiгiн шетелде арттыруға, шетелдiк жетекшi мамандарды Қазақстан Республикасына тарта отырып, мастер-кластар ұйымдастыруға көп көңiл бөлiндi. Түркия, Сингапур, Израиль, Ресей, Литва, Белорусьта қазақ дәрігерлері білімін жетілдіріп, елге оралуда. Сонда да денсаулық сақтау саласын бiлiктi кадрлармен қамтамасыз ету өзектi проблема күйiнде қалып отыр.

Ауыл халқының дәрiгер кадрларымен қамтамасыз етiлу көрсеткiшi қаламен салыстырғанда шамамен 4 есе кем. Қазақстан өңiрлерi бойынша дәрiгер кадрларды бөлудiң теңсiздiгi өте жоғары болып сипатталады және кейбiр өңiрлерде 10 мың адамға шаққанда 9,5-тен (Алматы облысы) 19,3-ке (Қарағанды облысы) дейiн құрайды. Сондай-ақ кадрлардың «қартаю» үрдiсi байқалады. Салаға жас мамандардың келуiнiң ұлғаюына қарамастан, олардың үлесi жеткiлiксiз және дәрiгер кадрлардың жалпы санының 4 пайызын ғана құрайды.

Дәрігер мамандығына деген қызы­ғу­шылық төмендеп кеткен. ЖОО-ын бiтiрушi түлектердi жұмыспен қамту деңгейi де осалдау. Бізде дәрігер дайындайтын білім орадалары бар. Бітіріп жатқан түлектердің білім көрсеткіштері де жаман емес. Алайда еліміздің медицина саласында 30 пайызға жуық дәрігер маманы жетіспейді. Неліктен? Жас мамандар қайда, неге бұл салаға бармайды? Мен айтайын, ең бірінші кемшілік – жалақының аздығы. Жоғары білімді дәрігердің айлық жалақысы орташа есеппен – 45-50 мың теңге. Бұл мемлекеттік ауруханалар мен емханалардағы жалақы көрсеткіші. Ал енді осы төмен жалақыны 120-150 мың теңгеге көбейтсек, бізде маман жетіспеушілігі тіпті болмас еді. Әркім өз міндетін атқаруға құлшына кірісер еді. Вице-министр Е.Байжүнісов бірде дәрігерлердің жалақысын екі-үш есе емес, он есеге көтеру керек деп қалды. Себебі батыстың дамыған мемлекеттерінде ең жоғарғы дәрежедегі жалақы кімдікі? Дәрігердікі. АҚШ-та ең жалақысы көп мамандық – дәрігер. Біз дәрігерлік имиджімізді аздап түсіріп алған сияқтымыз. Оған соңғы кездегі аурухана, перзентханадағы қайғылы оқиғалар дәлел болып отыр.

Бүгінде маман даярлау институтында 59 медициналық мамандық бойынша білім жетілдіруге болады. Одан басқа бір мамандықтан екінші мамандыққа ауысуы үшін қайта дайындықтан өтеді, оны мемлекет қаржыландырады. Сондай-ақ маман дайындаудағы құрал-жабдықтар да ойлап табылған. Симуляциялық орталықта тәжірибе жүзінде реанимациялық жәрдем жасауды үйретеді. Дәрігерлер білімін арттырудың үш санаты бар: бірінші, екінші және жоғарғы дәреже. Осы дәрежеге сәйкес жалақысы артып отырады.

Жақсы дәрігерге, өз ісінің маманына сұраныс көп. Мәселен ауданда отырып 150-300 мың айлық жалақы алатын дәрігерлер бар. Өйткені оларды науқастар өздері іздеп барады. Бұл бәсекелестікті дамытады. Мен 40 жыл дәрігер болып қызмет атқардым. Дәрігердің білім-біліктілігін арттыру бұрын біздің еркімізде емес еді. Ал қазір жас маман тіл білсе болғаны, шетелге барып оқи алады. 2009 жылы білімін арттыру үшін шетелге 1 ғана маман жіберілсе, 2010 жылы 16 дәрігер, 2011 жылы 52 маман шетелден білімін жалғастырды. Бұл үрдіс жылдан-жылға жалғасып, білімін жетілдірушілер саны да артып келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары