ӨҢІРЛЕРМЕН ТАНЫСУ ЖАЛҒАСУДА

ӨҢІРЛЕРМЕН ТАНЫСУ ЖАЛҒАСУДА

ӨҢІРЛЕРМЕН ТАНЫСУ ЖАЛҒАСУДА
ашық дереккөзі
321

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың өңірлерге іссапары Қызылорда облысында жалғасты. Ол сапарының алғашқы күні бірнеше кәсіпорын және мекеме жұмысының жай-жапсарымен танысып, партияның Шиелі аудандық филиалының есеп-беру сайлау конференциясына қатысты.

Сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан әлеуметтік нысандарды аралаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев әуелі Шиелі ауданындағы полиэтилен құбыр өндіруші кәсіпорын жұмысымен танысты. Жаңа технологияға сай жабдықталған өндіріс орнының өнімдері тау-кен саласында кеңінен пайдаланылып келеді. Мұнан соң аудан орталығындағы 50 орындық мүгедек балаларға арналған оңалту орталығында болды.

Партияның Шиелі филиалының есеп беру-сайлау конференциясында Бақытжан Сағынтаев мемлекет басшысы, партия төрағасының Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту міндетін іске асыру тетіктерін тілге тиек етті. Халық мүддесін қорғауда партия ұйымдары белсенділік таныту қажеттігін ескерткен ол: «Бүгінгі күні бастауыш партия ұйымдарын, партия филиалдарын белсенді саяси күрестің өзегіне айналдыру жөніндегі партия төрағасының қойған міндеті өзекті болып келеді. Дәл осы ұйымдар партияның негізі және әр елді мекендегі, ұйым мен кәсіпорындардағы партиямыздың толыққанды өкілі екендігі айқын. Партиямыздың болашақта қандай болатындығы қатарымыздың тазалығы мен тәртібіне тікелей байланысты», – деді.

Сапарының екінші күні Бақытжан Сағынтаев «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәліз құрылысын аралап, жұмысшылармен кездесті. Сонымен бірге мердігер компания салып жатқан теміржол өткелін де көрді. Жоба аясында облыс бойынша осындай 48 көпір, 14 жол айрығы, 812 шақырым жол салынады. Облыстық медицина орталығына аялдап, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясындағы соңғы серпілістер мен тың жаңалықтарға қанықты. Аймақта «Балапан» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған шаралар да көп. Соңғы 2 жылда балабақша кезегінде тұрған 9 мың бүлдіршін тәрбие ошақтарына орналасқан. Бүгінде облыста жеке бөбекжайлар саны 81-ге жетсе, республикалық және облыстық бюджет есебінен 9 балабақша салынуда.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары