ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН ҚАЛАЙ «ЖЕҢІП АЛУҒА» БОЛАДЫ?

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН ҚАЛАЙ «ЖЕҢІП АЛУҒА» БОЛАДЫ?

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН ҚАЛАЙ «ЖЕҢІП АЛУҒА» БОЛАДЫ?
ашық дереккөзі
280

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:

«Ұлт тағдыры» қозға­лысы екі жыл бұрын еліміздің шығыс және орталық ай­мақ­тарындағы, яғни орыстілді өңірлер­дегі қазақтілді мектептердің мәселесін зерттеуді қолға алған болатын. Биыл да Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының аудан ор­талықтары мен ірі елді мекендерінде кез­десулер өткізіп, қазақ мектептерінің жай-күйімен танысқан қозғалыс мүшелері біраз түйткілге қанығып қайтыпты. Алайда бұған дейін ақпарат құралдарында «қазақтілді білім ошақтары неге аз?» деген мәселе ғана қозғалды. Осы тұрғыда біз «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос КӨШІМ мырзамен бірге мәселенің екінші жағына үңіліп көруге тырысып едік.

БАЛАНЫ ҚАЗАҚТІЛДІ МЕКТЕПКЕ БЕРУ – МЕМЛЕКЕТТІК ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

– Дос аға, расында да елімізде қазақтар 70 пайыздан асты деп жүрміз. Бірақ қазақ тілінде оқытатын мектептің саны онша артар емес. Неге?

– Бұл феноменнің екі түрлі себебі бар деп ойлаймын. Біріншісі – жергілікті атқару органдарының, оның ішінде білім басқармаларының қазақ мектептеріне деген көзқарастары, ықыластарына қатысты мәселе. Президент «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп айтты ғой, демек қазақ мектептерін көбейту, барлық ұлт өкілдерінің балаларын қазақтілді мектепке беруді насихаттау – мемлекеттік идеологияның темірқазығы ғой деп ойлайтын әкімдер, басшылар аз сияқты. Өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі қазақтілді мектептерге бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегі көзқараспен қарайды. Бір сөзбен айтқанда, ұлттың, демек мемлекеттің болашағына салғырт қарайды. Соның салдарынан көптеген қазақ мектептері жетім баланың жағдайында жүр. Әрине, ондай мектептерге ата-аналар балаларын бергісі келмейді. Екіншіден, өзіміз де кінәліміз. Егер ата-аналар «балаларымыз тек қана қазақ мектебінде оқиды, бізге қазақ тіліндегі мектеп ашып беріңдер» деп жер тепкілеп отырып алса, билік ешқайда кетпейді. Бірақ ондай азаматтар, азаматтардың тобы сирек кездеседі. Алматыда 80-жылдары қоңыр портфелін қолтығына қысып жүріп, Шона ағамыз қанша мектептің қазақшалануына көмегін тигізді. Өкінішке қарай, қазір ондай азаматтар саусақпен санарлық. Орыстың қаңырап қалған деревнясындағы он балаға биліктің мектеп ашып бергенін білемін, ал 40-50 бала бар қазақ ауылы бұрынғы орыс тіліндегі мектепті қазақшалауға құлықсыз болып отыр. Қазақтардың 1990 жылдардың басындағы ұлттық рухы, ұлттық намысы, тілге деген құлшынысы күрт төмендеген. Оны да мойындауымыз керек. Қысқасы, биліктегілер «өздері қыңқ етпесе, біздердің не жынымыз бар» десе, тұрғындар «қандай мектеп саларын үкіметтің өздері біледі ғой» деп жүздерін басқа жаққа бұрады. Осы жасықтықтың нақты көрінісі есебінде қазақ балаларының үштен бірінің орыс тілінде білім алуын айтуға болады.

– Ата-ана неліктен баласын қазақ мек­те­біне бермейді? Қазір «орыс тілін білмесең, күн көре алмайсың» деген пікір ескірген жоқ па? Ата-аналарға мемлекеттік тілдің қажеттілігін түсіндіретін жол қайсы?

– Әрине, үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілуі шарт. Құдайға шүкір, ондай жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдары да үзбей жүргізіп келеді. Бірақ қоғамдық өмірдегі орыс тілінің артықшылығын көре отырып, халық сол насихатқа қаншалықты сенеді, қолдайды деп ойлайсыз. Біздер тек қана ұлттық намысқа тиеміз, бірақ қазір намыссыздардың көбейген заманы сияқты… «Қазақ тілін білмесең күн көре алмайсың» дегенді қазақтың әрбір зиялы қауым өкілі, әрбір аты шыққан азамат айтуы керек. Бірақ олардың да ішінде Бибігүл апамыз сияқты «интернационалистер» жетерлік. Қазақ тілін білмей-ақ министр болып отырған жандарды көрген адамдарға біздің насихатымыз пәлендей әсер етеді деп айта алмаймын.

– Қазақ мектебін қалай «жеңіп алуға» болады?

– Қазақ тіліндегі мектептерді кез келген ауылдың, елді мекеннің азаматтары ұйымдасып «жеңіп алуға» болады. Балаларын қазақ тіліндегі мектепке береміз деген ата-аналардың қолдарын жинап, жергілікті атқару органдарының алдына осы мәселені қойса, жеткілікті болады. Әрине, кейбір жерлерде сөзбұйдаға салып, ертеңмен жылды өткізеді. Ондай уақыт­та мәслихат мүшелеріне, жергілікті, республикалық БАҚ-тарға шығып, күресуге тура келеді. Одан қалса, ақсақалдарды Астанаға аттандырып, жиын жасап, шеруге шығуға да болады. Бұлардың барлығы Конституцияда көрсетілген адам құқығына жатады. «Жағаласқанның жаны қалады» дейді қазақ. Ұлтымыздың болашағы үшін, балаларымыздың болашағы үшін күресе білуіміз керек.

Осы жерде мысал ретінде өзім куә бол­ған бір оқиғаны – қазақтілді мектепті «жеңіп алу» жолындағы күресті айта кеткім келеді. Біз 1987 жылы Айнабұлақтан жатақхана алдық. Сәтін салғанда, бәріміз де жалындағын жас оқытушылармыз. Балаларымыз мектеп жасына жетіп қалған. Кімнің бастағанын білмеймін, әйтеуір бәріміз бірігіп Айнабұлақтан қазақ мектебін ашуға күш салдық. Бұл уақытта Айнабұлақ ықшамауданында үш орыстілді мектеп болатын (олардың біреуінде 299 бала қазақша оқиды), ал тағы бір мектеп құрылысы аяқталуға жақын еді. Біз сол мектепті таза қазақ мектебіне айналдыруды мақсат еттік. Бірнеше рет тұрғындардың жиындары өткізілді. Бізге қарсы сол салынып жатқан мектептің жанындағы орыстілді ата-аналар өздерінің жиындарын өткізді. Қысқасы, қазақ-орыс болып екіге бөліне бастадық. Кеңес үкіметі кезіндегі билік, әрине, орыстілді мектепті жақтауда, бірақ Мәскеуден күш кетіп бара жатқаны анық сезілген уақыт болатын, сондықтан аудандық білім бөлімі «қай жеңгендерің менікі» деген саясат ұстанды. Бастамашыл топқа қайсар жігіттер жиналған екен, біздің өкілдеріміз министрге дейін жетті. Біздің алған беттен қайтпайтынымызды сезген оқу бөлімінің басшылары «1200 орындық жаңа мектепті 299 балаға қалай береміз» деуге көшті. «Егер әңгіме сонда болса, оның жарасы жеңіл – дейміз біз, – оқу басталатын уақытта, кем дегенде, бес жүз баланы алып келеміз». Сол қарқынмен мамыр айының соңында университеттің студенттерін Айнабұлаққа жауып жібердік. Жастар семестр кезі екендігіне қарамастан үй-үйді аралап жүріп, балаларын қазақ мектебіне беруге үндеді. Біздің үйлерге келіп шәйларын ішіп, кешке дейін жұмыс істейді. Соның арқасында 1 қыркүйекте, мектеп ашылған уақытта 699 оқушы сап түзеп тұрды. Келесі жылы оқушылар саны 1000-ның үстіне шықты, ал бір жылдан кейін мектеп мұғалімдері «тағы бір мектеп ашып бермейсіңдер ме» деген сұрақпен бізге келді. Менің риза болатыным, сол уақыттарда кейбір азаматтар өздерінің 7-сыныпта орыс мектебінде оқитын балаларын алып, қазақ мектебіне берді. Мүмкін, ұлтшылдық деген де осы болар. Айтпақшы, мектепке қолымыз жете ме, жетпей ме деп жүрген кезімізде «егер қазақ мектебі ашылмаса, 1 қыркүйекте балаларымызды мектепке жібермейміз» деген үндеу де қабылдадық. Қазір қарап отырсақ, Алматыдағы қазақ мектептерінің өзі де оңайлықпен келмеген екен.

ОРЫСТІЛДІ МЕКТЕПТЕ ОҚУШЫ АЗ, АЛ ҚАЗАҚТІЛДІ МЕКТЕПТЕ…

– Қазір кез келген өңірдегі қазақ мектептерінде белгіленген межеден екі есе оқушы оқыса, орыстілді мектептерде бала саны аз. Мәселен сол мектептерді қосып, біріктірсе, ал оның орнына қазақ мектебін ашу мәселесі неге қолға алынбайды?

– Орыс тілді мектептерде оптимизация жасау туралы мәселені де, шығыс және орталық Қазақстанды аралап шыққаннан соң, «Ұлт тағдыры» көтерді. Кейбір елді мекендерде орыстілді мектептердегі орын саны мен оқушылар санының арасында үлкен алшақтық бар. Ол мектептердегі оқушыларды басқа мектептің оқушыларымен қосып, босаған мектепті қазақ тіліндегі мектепке беруге әбден болады. Бұл – мемлекетке де тиімді, қаншама қаржы үнемделеді. Бірақ, менің ойымша, барлық мәселе – орыстілді мектептің ата-аналарының орынсыз қырсықтығы мен олардың осы жөнсіз айқайларынан қорқатын жергілікті билікте. Көптеген ата-аналарға балаларының үйден екі жүз метр жердегі мектепті тастап, үш жүз метр жердегі басқа мектепке баруы – ақырзаман туғанмен бірдей! «Түсінесіз бе, олардың екі көшені кесіп өтуіне тура келеді!» деді маған бір ата-ана. Ал қазақ мектебінің оқушылары екі-үш шақырым жерден келеді ғой деген менің сөзіме, «онда үкімет оларға мектеп салып берсін» деген уәжді естідім. Қысқасы, жеке бастарының пайдасынан басқаны білмейтін сорлы жандармен сөз таластыру, түсіндіру, көздерін жеткізу оңай шаруа емес. Оны түсіндіре алатын жергілікті атқару органдарының басшыларын да көре алмадық. Олар үшін қазақтың балаларының үн-түнсіз орыс мектебіне бара салғаны жақсы. Құда да тыныш, құдағи да тыныш. Меніңше, бір қоғамда, бір жерде бірге тұрып, өзекті мәселені біріге шеше алмайтын (шешкісі келмейтін) адамдарға тек қана заң керек. Және бұл жергілікті мәслихаттың нормативті актісі емес (орыстілді мәслихаттың қазақ мектебіне жаны ашиды деп ойламаңыз) республикалық деңгейде болуы тиіс.

– Біраз өңірді араладыңыздар. Салыс­тырмалы түрде айтыңызшы, қазақ мектебі мен орыс мектептерінің техникалық жабдықталуы мен әлеуметтік жағында айырмашылық бар ма?

– Өкіншке қарай, орыстілді аймақтарда бұндай келеңсіз жағдайлар да жиі көзге түсті. Ондаған жыл бойы орыс тіліндегі мектептерге ең жақсы ғимарат, ең жақсы құрал-жабдық, автокөлік беріліп, бірді-екілі қазақ мектептері тоқалдан туғандардың халін кешкені өтірік емес. Сол көзқарас, сол әлеуметтік теңсіздік, сол әділетсіздік толық жойылып кете қоймаған тәрізді. Әрине, біздер мектептердің материалдық базасы жөнінде салыстырмалы мониторинг жүргізген жоқпыз. Ол – біздің мақсатымыз да емес. Бірақ ресми мәліметтердің өзінен бұл теңсіздіктер анық көзге түседі.

– Мұндай зерттеуді жүргізудегі мақсат­тарыңыз қандай?

– Шынын айтайық, «Ұлт тағдыры» қозғалысы Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақстандағы қазақ мектептерінің жағдайы туралы зерттеу жұмысын жүргізуді ойлаған да жоқ. Біздер сол жақтағы қазақтарға балаларын қазақтілді мектепке беруді үндейтін бағдарлама бастадық. Жеті түрлі плакаттар шығарып, 16 ауданға тараттық, халықпен кездесулер ұйымдастырдық. Сол сапарда қазақ мектептерінің жағдайы көзімізге түсті де, жергілікті бөлімшелеріміз арқылы деректер жинай бастадық. Сол деректердің негізінде 24 тамызда Білім және ғылым министрінің қатысуымен болған жиында баяндама да жасалды. Сонымен бірге, бұл мәселені жан-жақты көтеріп, қоғамдық көзқарас қалыптастырып жатқан қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен рахмет айтқым келеді.

Әңгімелескен

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары