«ОТАНЫМ – БАҚЫТ МЕКЕНІМ»
«ОТАНЫМ – БАҚЫТ МЕКЕНІМ»
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрі қазан айының 13-23 аралығында Батыс Қазақстан өңіріне өнер сапарымен барып келді. Шығармашылық ұжымның алғашқы концерті Орал қаласындағы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының кеңсесіндегі үлкен сахнада бастау алды.
Салтанатты концерт композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Құдаша-Думан» атты туындысымен ашылды. Мұнан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вениамин Ли қазақтың халық әні «Еркем-айды» сызылтса, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов халық әні «Алқоңырды» әуелетті. Көптен бері симфония сазына сусап қалған Орал жұртшылығы аты әлемге жайылған академиялық оркестрдің орындауында Е.Брусиловскийдің «Дудар-айын», «Қыз Жібек» операсынан «Шашу» композициясын, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің Абай операсынан «Қоса алқа» биін қуана қабылдап, тік тұрып қол ұрып қошемет көрсетті.
Өз кезегінде сөз алған белгілі жазушы, Президент сыйлығының лауреаты Жұмабай Шаштайұлы осынау «Отаным – бақыт мекенім» атты мәдени шараның Елбасының жарлығы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің жетекшілігімен іске асып отырғандығына тоқталды.
Мұнан кейінгі өнер тамашасы қазанның 16-сы күні Махамбет атындағы Мемлекеттік университеттің студенттік сахнасында жалғасын тапты. Концерт соңында университет ректоры А.С.Иманғалиев мырза шеберлік биігінен көрінген музыканттарды бастап келген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Мұхтар Өтеуов мырзаға алғыс хат табыстады.
Ал Қазанның 17-де Орал қаласындағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің әдемі безендірілген кең залында халқымыздың мақтанышы, ән әлемінің біртуар тұлғасы, белгілі композитор Әсет Бейсеуовтің рухына арналған әдеби сазды кеш ұйымдастырылды.
Белгілі композитордың рухына арналған кеш Талап Қараштың авторлық тырнақалды шығармашылық жұмысы – «Ән-Әсет» деректі фильмінің көрсетілімімен басталды Ал жас ұрпақтар үшін эстетикалық маңызы бар мәдени шараның өтуіне мұрындық болған қоғам қайраткері Әділғазы Нұрғалиев мырза композитордың өмір жолына басқаша бір қырынан толықтырулар енгізіп, қызықты естеліктер айтып берді.
Өз кезегінде сөз алған Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының бас директоры, профессор Мұхтар Өтеуов аталмыш оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынкүл Қаирлиева ханымға қазақ филармониясы мен әйгілі композиторлардың өмірі туралы жазылған кең мағлұматты кітап табыстады.
Орал қаласындағы қызу да қызықты симфониялық өнер кештерінен кейін Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр ұжымының концерттері Ақтөбе қаласында жалғасын тапты. «Нұр Отан» партиясы кеңесінің сахнасында қойылған концерттен кейін, Жастар сарайы екі күн бойына симфония сазымен шалқыды. Бұл жолы Халықаралық байқаулардың лауреаты, белгілі пианист Данияр Есімханов оркестрдің сүйемелдеуімен П.И.Чайковскийдің №1 концертін әуелетіп, ресми концерттік бағдарламаның шырайын аша түсті. Келесі күндері Ақтөбе қаласының әкімі А.Мұқамбетов мырза шығармашылық ұжымды басқарып келген Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Мұхтар Өтеуов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Нұрғали Нүсіпжановты қабылдап, алғыс хатын тапсырды.
Ал қазанның 20-сы күні Алға қаласындағы балалар үйінің оқушыларына арналып берілген Мәдениет сарайындағы сазды кеш әсерлі өтті. Халықаралық байқаулардың лауреаты белгілі жас дирижер Ерболат Ахмедияров залда отырған тыңдаушылардың ішінен сахнаға музыкаға бейімі бар бүлдіршіндерді шақырып, концерт үстінде-ақ шеберлік сабағын өткізді. Бұл сабақтар кішкентай дарын иелерінің есінде ұзақ сақталып қалары сөзсіз.