ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КОНЦЕРТІ

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Көрерменді әсем сазбен әлдилейтін өнерпаз жастардың басты міндеті – бапанасыз қалған көпбалалы отбасыға жәрдемдесу. Сауапқа толы бұл қадам еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуына сеп.

2012 жыл – отандық мәдениет саласы үшін айтулы жыл. ҚР Президенті Н.На­­зар­баевтың Жарлығымен тәуел­сіз Қазақстанның мерекелер тізбесіне жаңа кәсіби мереке – қыркүйектің соң­ғы жексенбісінде аталып өтілетін Мә­де­ниет және өнер қыз­мет­кер­лерінің күні қо­сылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай үстіміздегі жылдың 29 қыркүйегінде мәдениет саласында тер төгіп жүрген отандастармен кездескенде: «Бүгінде еліміздің мәдениет сала­сын­да қырық мыңнан астам қазақстандық еңбек етуде. 2012 жылы елордамыз – Түркі әле­мінің және Тәуелсіз Мем­лекеттер Дос­тас­тығы ел­дерінің мәдени астанасы деген екі мәртебелі міндеттерін атқарып отырғаны баршамызға бел­гілі. Алматы қаласында үстіміздегі жыл «Мәдениет жылы» деп жария­лан­ды.

«Өнер – ұлттың жаны» дейді халық да­на­лы­ғы. Кез келген ел өнерімен, мәде­ниеті­мен танылып, бағаланатыны анық». Елбасымыз өзінің «Қазақстанның әлеу­меттік жаң­ғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында атап көр­сеткеніндей, «Мәдениет – қазіргі за­ман­ғы адамды қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғырудың маңызды бөлігі болып та­былады» , – деп мәлімдеген болатын. Президент тапсырған осындай игі іске жастар да мұрындық болғалы отыр. Мәселен «Болашақ» стипендиясының түлегі Айжан Нұркенова 2012 жылдың 28 қазанында Астана қаласында қайырымдылық классикалық музыка концертін өткізеді. Фортепианоның құлағында ойнайтын Айжанмен бірге концертке классикалық музыканың жұлдыздары Борис Бровцын (скрипка, Ұлыбритания) мен Ксения Сидорова (классикалық аккордеон, Латвия) атсалыспақ. Концерттен түскен қаражат Астана қаласының шет аймағында тұратын тұрмысы нашар Әжелепесовтер отбасына көмек ретінде жұмсалмақ. Бас­панасыз жанұя уақытша паналайтын тұраққа зәру. Сондықтан қайырымдылық концертінен жиналған ақша уақытша баспанаға қажетті құрылыс материалдары мен балаларға керекті мектеп құралдарын сатып алуға жұмсалады. Ордабай мен Рано Әжелепесовтердің 2, 3, 9 және 11 жастағы төрт баласы бар.

Игі істердің бастамасы болатын аталмыш шара «Болашақ» қайырымдылық қорының, British-Kazakh Society ұйымы, «E-w@y.kz» компаниясы мен Rixos Hotel Astana қонақ үйінің қолдауымен ұйымдастырылады. Бас демеуші – «Air Astana» компаниясы.

Концерт бағдарламасында ар­гентиналық танго мен классикалық музыканың үздік туындылары бар. Аспапшылардың бағдарламасы классикалық музыка тыңдармандары мен қарапайым тыңдармандар үшін арналған. Концерт барысында рояль, скрипка, Аккордеон аспаптарында орындалатын әйгілі Астора Пиаццоланың аргентиналық тангосы орындалады. Концерт барысында Қазақ Ұлттық өнер университетінің холлында Қазақстанның балалар үйінің және интернаттық мекемелерінің тәрбиеленушілерінің көркем суреттер көрме-сатуы өтеді. Суреттер сатылымынан түскен қаражат қайрымдылық мақсаттарына жұмсалады.

Back to top button