БАСПАНА БОЛСА БАСЫҢДА...

БАСПАНА БОЛСА БАСЫҢДА...

БАСПАНА БОЛСА БАСЫҢДА...
ашық дереккөзі
314

Елімізде баспанаға зәру жарты миллион жас отбасы бар. Өз үйі, өлең төсегіне қол жеткізе алмай жүрген оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілмек. ҚР Президентінің жарлығымен қабылданған «Қолжетімді баспана – 2012» бағдарламасы – жастарға берілетін жаңа мүмкіндік.

Қазақ Үкіметі Елбасының тапсырмасымен қолға алынған жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті. Республикамыздың түкпір-түкпірінде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Бүгінде «өз үйім – өлең төсегім» дей алмай жүрген жарты миллионнан астам жас отбасы кезекте бар. Министрлер кабинетіне баспана тапшылығын жою туралы арнайы нұсқау берген Президент жарты миллион жұпты жеке баспанамен қамтамасыз етуге баса назар аударды. Үкімет осы орайда жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізуді көздеп отыр. Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеу­меттік жаң­ғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында: «Бас­пананы ұзақ мерзімге жалға беру және белгілі бір уақыт өткеннен кейін сол тұрып жатқан үйді сатып алу мүмкіндігі сияқты екі түрлі жолды қарастыру керек. Қаражаты мен мүмкіншілігі барлар жалдау ақысын төлеп, кейіннен үйді өздеріне сатып алатын болады. Ал мүмкіндігі жоқтар жағдайы келгенше ұзақ мерзімді жалға ұстай беретін болады. Осы екі түрлі жолды қарастыруымыз қажет» деген. Елбасы жалға алу үшін жасалатын төлемі әл-ауқаты орташа отбасылардың мүмкіндігіне сай болуы тиістігін айтты.

Еліміздегі баспана тапшылығын жою жолындағы қадамдар қаржылық дағдарыс салдарынан қаңтарылып қалған отандық құрылыс саласы үшін пайдалы болмақ. Өйткені 4-5 жылдан бері бүкіл әлем дағдарысты еңсере алмай әбігерге түссе, Қазақстан керісінше құрылыс нысандарын, тұрғын үй ғимараттарын салуды көбейтіп, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашты. Бұл еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және отандық кәсіпкерлікті дамытуға сеп болды. Бағдарламалық мақаласында осы жағымды жайттарды мысалға алған Елбасы: «Сол кездегі сияқты облыстарға тиісті қаражат бөлінеді. Тұрғын үйлер салынып, жалға берілетін болады», – деп мәлімдеді.

Тұрмысы мен әл-ауқаты төмен және орташа отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі маңызды тетіктерді анық көрсетіп берген Қазақ президенті өзі айтқан нұсқаудың барлығын «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына енгізуге Министрлер кабинетіне пәрмен берген. Ол бағдарлама шеңберіндегі жобалар мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратынын да айтты. Аталған құжатты 2012 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылдауды бұйырған Н.Назарбаевтың тапсырмасын Үкімет екі етпеді. Жиі-жиі кеңестер өткізіп, Елбасыға орындалып жатқан жұмыстар жайлы есеп берумен келеді. Апта басында Үкімет үйінде «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізген ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осы салаға тән түйінді түйткілдерді ортаға салды. Құрылыс және ТКШ істері агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің мәліметінше, ағымдағы жылы «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасына сәйкес 6 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ал 2012 жылдың 9 айында 4,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109 пайызына тең көрінеді: «Бүтіндей алғанда, жоспарланған құрылыс жұмыстарының көлемі барлық өңірлерде іске асырылып жатыр, сондықтан жылдық жоспардың табыс­ты орындалатынына сенім зор».

Кеңес барысында С.Ахметов «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасын іске асыру аса өзекті екенін айта келіп, облыстардың әкімдеріне ағымдағы жылдың соңына дейін қаржыны толықтай игеріп, бағдарлама бойынша жоспарланған құрылыс көлемін аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Құ­ры­­­лыс істері және ТКШ агенттігіне үй құрылысы комбинаттарының пайдалануы үшін тұрғын үйлердің үлгілік жобаларын әзірлеуді жылдамдатуды, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне құрылыс саласына қажетті жоғары білікті мамандарға бөлінетін квотаны ұлғайтуға қатысты ұсыныстарды дайындап, Үкімет қарауына енгізуді нұсқау берді.

Нұрахмет ҚУАТ

Серіктес жаңалықтары