ШАРУАНЫҢ ЖАЙЫ ШАЙҚАЛМАСЫН ДЕСЕК…

Ауыл шаруашылығы саласында жүрген кәсіпкердің мұңы көп. Осыны ескерген Елбасы аталған саланы қаржылық сауықтырудың бағдарламасын ұсынды. Астанада өткізілген дөңгелек үстелде шаруаға қатысты бар мәселе жан-жақты талқыға салынды.

ШЕНЕУНІКТЕР ШАРУАДАН

ХАЛ СҰРАДЫ

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының басты мақсаты – Қазақстанның экономикалық өсімінің құрылымын сапалық жақсарту және ел азаматтарының әл-ауқатын елеулі түрде арттыру. Ауыл шаруашылығын сауықтыру бағдарламасын әлі де жан-жақты пысықтап, арнайы сарапатамадан өткізу қажет. 2012 жылдың 22 маусымында Ақордада өткізілген кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық ауыл шаруашылығын сауықтыруға қатысты бастама көтеріп, оны сараптамалық зерттеуден өткізу арқылы, жүзеге асыруға тапсырма берген болатын. Бұл іс ендігі жүзеге асырылуда. Жуырда Қазақстанның «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасы төрағасының бірінші орынбасары Рақым Ошақбаев астықтан түсетін пайданы есептейтін кезде шенеуніктердің жалған мәліметтерге иек артатынын сынға алған болатын. Бұл мәселе Қазақстан шаруалар одағының кезекті отырысында да көтерілді. Бүгінде ауыл шаруашылығына тән проблемаларды сарапқа салып, оның шешу жолдарын құзырлы орган қызметкерлерімен бірігіп қарастыруды мақсат еткен дөңгелек үстелде Қазақстан шаруалар одағының жетекшісі Әуез Даринов: «Былтыр да, алдыңғы жылы да көтердік осы мәселені. Бірақ шешілмей келеді. Зиян шеккен шаруаларға көмектесудің орнына шенеуніктер көрсеткіштерді бұрмалайды. Мұны шешудің қандай жолдары бар? Тығырықтан қалай шығуға болады? Шаруалар тарапынан айтылар қандай ұсыныс бар? Шенеуніктер осы жолдарды қарастырудың орнына «Алатын астығыңды көтермелеп жаз» дейді. Не үшін? Қызметі мен лауазымын сақтау үшін, облыс әкімінің алдында жақсы атты болу үшін. Әлбетте бұл өте күрделі мәселе. Талай жылдан бері түйткілін шеше алмай келе жатқан қиындықтан бір сәтте арылмайтынымыз анық. Бірақ мен бұл мәселені біріге отырып, бүгінгі дөңгелек үстелде жан-жақты талқылауды ұсынамын», – деді. Өз кезегінде «ҚазАгро» АҚ Корпоративтік қаржы департаментінің директоры Марат Жауханов ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан шаруаларға жан-жақты жағдай жасау қарастырылып жатқанын мәлімдеді: «Мәселен несие мен лизингті арзандатуға арналған субсидия, несиелерді субсидиялау. Бұл «ҚазАгро» мен «ҚазАгроФинанс» арқылы берілетін қаражат қана емес, басқа лизингтік компаниялардан алатын борыштарға да қатысты». Бүгінде арзан ақшаға мұқтаж отандық екінші деңгейлі банктер шаруаларға берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесін аспандатып жіберген. Министрлік фермерлердің жекеменшік банктер алдындағы қарызын төмендетуді көздеп отыр. Өйткені борышқа белшеден батқан шаруалар несиенің көптігінен тыныстары тарылған. Сондықтан қазір пайыздық мөлшерлемені төмендету, несие мерзімін 1 жыл емес, одан ұзақ уақытқа ұзарту аса маңызды.

Қорғалжың ауданынан келген шаруа Абай Медеубаев алдымен шағын шаруа қожалықтарына, шағын тауар өндірушілерге көмектесу керектігін көлденең тартты: «Министрлік арқылы шаруалардың несиелерін қайта құрылымдау үшін жекеменшік банк­терге жәрдемдескілеріңіз келеді. Ал мен сіздерге фермерлердің 80-90 пайызы банктерден борыш алмағанын айтайын. Сіздер тағы да банктердің жағдайын түзеуге тырысып жатырсыздар. Жеке пікірім, соңғы екі жыл бойы көктемде «ҚазАгро» ауыл шаруашылығына қаржы салғанын білеміз. Сол ақшаның көлемін ұлғайтқан абзал. Шаруалар қауымына жасалған нағыз көмек сол болмақ. Мейлі әкімдіктер, мейлі басқа жолдар арқылы болсын. Көктемде алған борышты күзде қайтаруға мүмкіндігіміз бен шамамыз да жетеді». Оның айтуынша, бүгінде банктердің көмегіне жүгінетіндер – ірі шаруа қожалықтары. Ал ұсақтарын банктегілер есіктен де қаратпайтын көрінеді. «Агро-Нива» ЖШС директоры Владимир Кругельчук биыл дән қоры қиындық туғызуы мүмкіндігін ескертті. «Несиелік корпорацияны құрып, бағаны реттеуді міндеттік. Алдымен Азық-түлік корпорациясы бірнеше миллион астық сатып алды, одан кейін тағы да бес миллион. Бүгінде дәнді-дақылға шаш-етектен кенелген сол ұйым коммерциялық құрылымға айналды», – деп мәлімдеген ол қажетті мөлшерде дәнді қолайлы бағаға сатып алу үшін және диқандар өндірген егінді түгел әлгі құрылым қамбаға баспас үшін тиісті мекемелер қадағалау орнату керектігін ескертті. Кезінде тек аграрлық мәселелермен шұғылданған «Агробанктің» банкротқа ұшырағанына қынжылған шаруалар дәл сондай банкті қайтадан ашу қажеттігіне тоқталды. Мәселен Кругельчук: «Шет мемлекеттерде осындай банктер бар. Несие тіпті пайыздық мөлшерлемесіз беріледі. Қазір біздегі жағдай қандай? Бәрінің қалада пәтерлері бар. Банкке кепілдікке сол пәтерлерін қояды. Онда да банк тарапынан пәтерлерді қалай бағалайтыны белгісіз. Мысалы кейде екі пәтерді 5 млн. теңгеге бағалайды. Бұл не сонда? Несиелік корпорациядан алқап бойынша 6 млн. алатын шығармыз деп үміттенген едік. Бірақ қолымызға тигені – 2 млн. теңге. Сөз жоқ, онда шаруаларға жағдай жасалған, пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз. Банктердегі секілді аспандаған пайызы жоқ. Сонда да қажетті қаражатты жеткілікті мөлшерде бөлу жағы реттелгені жөн», – деген ұсыныс айтты.

Бүгінде шаруалардың 80 пайызы тозығы жеткен техникаға жүгінуге мәжбүр. Демек олардың мүмкіндігі де шектеулі. Бұл орайда Кругельчук: «Көктемде шаруалар жиналып, «Атамекенге» ұсыныс жасағымыз келген. Себебі 3 жыл бойы құнын өтеген техниканы егіннің бітік шықпауы салдарынан қайтарып беруге тура келді. Шаруалардың көпшілігі ендігі бұл туралы тіс жармайды, айтуға қорқады. Егер Ресей, Белоруссия секілді мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенбесек, техникамызды ешқашан жаңарта алмаймыз. Ол елдерде мемлекет техника құнының 50 пайызын өз міндетіне алады! Ал бізде қалай? Алыпсатарлық! Техника бөлшектерін сататындардың кез келгені пайда тапқысы келетіні анық. Бірақ тым құнығуға болмайды ғой! Мысалы, комбайнның подшипнигі 20 мың теңге! Биыл баға тағы көтеріліп, ол 40 мың теңгеге өсті. Бұл нанның бағасы емес», – деді.

БАСТЫ МІНДЕТ –

ҚАРЖЫЛЫҚ САУЫҚТЫРУ

Шаруаларға көмек ретінде «ҚазАгро» лизингке алынған техниканы субсидиялауды қолға алған. «ҚазАгроФинанс» АҚ төрағасының орынбасары Жуашев Асылхан банктен 12-14 пайыздық мөлшерлемемен алған несиенің 50 пайызын мемлекет өтейтінін айтады. Сонда банктің пайыздық мөлшерлемесі – 4-7%. Алайда «мемлекеттің бұл қаржысы банктерді қолдауға сеп» деген пікірдегі шаруалар қауымы аталған ұсынысқа қуана қоймады. Мәселен Жарқайың ауданынан келген фермер Сергей Ерин осыдан 5-6 жыл бұрын «Қазагрофинанс» тарапынан 4 пайыздық лизингке негізделген бағдарлама болғанын көлденең тартты: «Сол бағдарламаны неге қайта қалпына келтірмеске? Тағы да банктерді қолдаймыз ба? Жаңадан бірдеңені ойлап табудың қажеті қанша?». Бұл сұраққа Жуашев: «Жыл сайын мемлекет бюджеттен 3-4 млрд. теңге бөліп, 4 пайыздық мөлшерлемемен «Қазагрофинанс» арқылы таратып отырды. Жақсы бағдарлама. Қаржы тез таратылып кететін. Бірақ ол қаражат аз. Мемлекеттік көмек 1000 шаруаға жету үшін бюджеттен 20 млрд. теңге қарастырылуы қажет. Мұндай соманы бөлуге бюджет қауқарсыз. Сол үшін де 4 пайыздық мөлшерлемені ойлап тауып, банктерге жүгінгелі отырмыз. Шаруа үшін ешқандай айырмасы жоқ. 4-5 пайызбен қаржы ала береді, ал қамтылатын шаруалар ауқымы кең болмақ. Яғни 30-40 млрд. долларға көп», – деп жауап берді.

Бүгінде фермерлерді ауыл шаруа­шылығы саласын қаржылық тұрғыда сауықтыруға Үкімет тарапынан бөлінетін қаражат көлемі де қызықтырады. Өйткені Ақмола облысы Астрахань ауданынан келген фермер Мейрам Сағымбаевтың: «Естуімше, ақшаны Ұлттық қордан алғалы жатқан көрінеді. Бұл рас па?» деп сұрағанда Жауқанов Марат: «Бұл әзір белгісіз. Қаражат көздері қарастырылып жатыр», – деді. Бірақ бұл жауапқа қанағаттанбаған фермер: «Егер қателеспесем, Евгений Иосифович Аман 300 млрд. теңге туралы сөз қозғаған болатын. Сірә, бұл бюджеттен емес, Ұлттық қордан алынатын шығар. Яғни қаражат көлемі қанша? 300 млрд. теңге дегеніміз – тым көп ақша ғой. 3 млрд. па, 300 млрд. па? Айырмасы жер мен көктей. Сондықтан қанша ақша бөлінетінін біз білуіміз керек», – деді. Оған Жауханов: «Қаржы бойынша әзір барлығы нақтылануда. Бірақ бұл мүлде басқа бағдарлама. Лизинг бойынша субсидиялау – бір бағдарлама, несиелерді субсидиялау – басқа бағдарлама, инвестициялық субсидиялау бағдарламасы – мемлекеттің басымдық берілетін бағыт бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыратын мүлде басқа бағдарлама. Қазіргі тақырып – қаржылық сауықтыру. Сіздің сұрап отырғаныңыз мүлде басқасы. Оны бөлек талқылауға болады», – деп жақауратты. Кездесудің соңына қарай бөлінуі тиіс қаражаттың көлемін «Атамекен» ҚҰЭП Агрөнеркәсіптік саясаты департаментінің директоры Дәурен Ошақбаев былайша түсіндірді: «Қаржылық сауықтыруға мемлекет 300 млрд. теңге бөлгелі отыр. Асылжан Мамытбеков пен Тимур Құлыбаев кездескенде ауыл шаруашылығы саласын сауықтыруға қанша көлемде қаражат керек деген мәселе талқыға салынған. Егер «ҚазАгро» АҚ мен екінші деңгейлі банктерді алсақ, ауыл шаруашылығына несие таратуға 600 млрд. теңге қарастырылған. Биылғы қиындықтарды ескере отырып, бюджеттен қанша қаржы бөлуге мүмкіндік бар?» деген сауалға жауап ізделді. Әп дегеннен проблемалық борыштарды 5-ке бөлдік. Осыдан кейін ауыл шаруашылығы министрлігі жалпы проблемалық несиелердің барлығын түгел алуға ұсыныс жасады. Бұл дегеніңіз бүкіл қарыздың жартысы – 300 млрд. теңге. Өте үлкен көлемдегі қаражат».

«БАНКТЕГІЛЕР БАС ПАЙДАСЫН

ОЙЛАЙДЫ»

Тәуелсіздік алғалы бері «өз сорпаларында өздері қайнап», қиындықтан шығар жолды жеке-дара қарастырып келген фермерлерге соңғы кездері жіті көңіл бөліне бастаған көрінеді. Алматы облысы Райымбек ауданынан келген «Ақ сүт» ЖШС директоры Нелля Салиханова: «Атамекен» мен «Қазагроның» жаңа басшысы кездесу өткізгеннен кейін ілгері басушылық байқалады. Фермерлікпен айналысып жүрген 14 жылдың ішінде алғаш рет куә болған жайт – шаруаларды жинап алып, қандай талап-тілектеріміздің барлығын сұрады. Алғашқы сұрақ жерге қатысты қойылса, одан кейін жайылымдық жерлер, субсидиялар мен дотациялар туралы сөз қозғалды», – деді.

Кездесуде Нелля Салиханова­ Аграрлық несиелік корпорация қызметкерлерінің шалағайлығы туралы мәселе көтерді: «Корпорациядан хабарласып, 2-5 апта ішінде 6 млн. теңге көлемінде борыш алуға ұсыныс жасады. Мен 3 млн. теңге жететінін айтқанмын. Бастапқыда 4 пайыздық мөлшерлеме деген, одан кейін 6 пайыз, сосын – 8 пайыз, соңында 9,5 пайыздық мөлшерлемемен 1 жылдық жеңілдікпен берілетін несие 19 пайыздық мөлшерлемеге бір-ақ шықты! Керек құжаттардың барлығын жинадым, алайда 800 мың АҚШ доллары тұратын менің фермамды кепілдікке алмады. Фермамдағы малдар асылтұқымды, бірнеше құрылыс нысандары мен 1 гектар бос жатқан жері бар, соған қарамастан кепілдікке пәтерімді қоюды талап етті. Осы себепті Алматы қаласындағы 75 млн. теңгеге бағаланған пәтерімді кепілдікке салып, құжат жинаудың әлегімен жүрген үш айдан кейін келісімшартқа қол жеткіздім. Бірақ онда «кепілдікке алушы кепілдікке қойылған мүлікке не істегісі келсе, соны істейді» деген шарт жазылыпты. Сөзбе-сөз есімде жоқ, тоқетері сондай. Әлбетте мен мұндай келісімге қол қойған жоқпын. Маған «Арыз жазыңыз, 1 айдан кейін бас ғимаратта қарастырамыз» деді. Егуге дән алуым керек, қанша уақытты босқа сарп еттім, неге?! Мұндай талаптармен борыш алған жоқпын. Соңында «несие алудан бас тартамын» деп өтініш жаз деді. Неге арыз жазуым керек?! «Даму» қорына рахмет, оның маған тегін білім беруінің арқасында қазір ғалымдармен жұмыс істеп жатырмын. Екіншіден, шағын кәсіпкерлікке аса үлкен көлемдегі ақшаның қажеті жоқ. Қарызға аз ақша алсақ та кейін есептесудің қаншалықты қиын екенін білеміз. Субсидиялар мен дотацияларды биыл ешкім алған жоқ». Әріптесінің пікірін қостаған Сергей Ерин: «Банктердің келісімшарттарын басынан аяғына дейін егжей-тегжейлі зерттеп шықтым. Банктерде жас жігіттер отырады. Оларды жер мен шаруаның жағдайы емес, Астанадағы пәтерлер көбірек қызықтырады. «Қазагрофинанс», «Аграрлық несиелік корпорация», «Азық-түлік корпорациясы» сияқты мемлекеттік құрылымдар арқылы жұмыс істеу керек. Олар ыңғайлы әрі жария», – деп ұсыныс жасады. Оларға қарсы уәж айтқан «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ Аймақтық даму басқармасының бастығы Айжан Кенжебаева Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында жерді кепілдікке қою арқылы ешқандай қиындықсыз борыш алып жатқанын жеткізді: «Олардан техника, пәтер немесе құрылыс нысандарын кепілдікке салу талап етілмейді. Мүмкін филиалдарда кемшіліктерге жол берілетін шығар. Бірақ олар міндетті түрде орталық аппаратқа жетеді және біз оны тексереміз. Бағдарламалардың барлығы да бақылауда. Бізді Есеп комитеті, прокуратура қадағалауда ұстайды. Егер қиындыққа тап болсаңыздар сайтымыздағы байланыс телефондары арқылы хабарласуларыңызға болады».

Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің мәлімдеуінше, бір ғана Алматы облысындағы 2 млрд. теңге субсидия мен дотация игерілмеген көрінеді. Оның үстіне, қазіргі таңда фермерлерді субсидия талаптары қанағаттандырмайды. Мәселен сүтті ірі қара шаруашылығында ақшалай көмек алу үшін қорадағы мал 60-тан кем болмауы тиіс. Бұл межені 30-ға дейін төмендетуді сұрап отыр. Сонымен қатар асылтұқымды бұқа болуы шарт, жасанды түрде ұрықтандыру туралы талап тағы бар. Фермерлер қолында асылтұқымды бұқасы барларға жасанды жолмен ұрықтандыру шарты қойылмаса дейді.

«Қазагрофинанс», «Аграрлық несие­лік корпорация» сияқты қаржылық құрылымдар ендігі борыштарын өтей алмағандардың бар екендігін айтып, наразылық білдіруде. Шаруаларды алаңдататыны, қолдағы мүлікті тәркілеу мен есепшоттарды жауып тастау ықтималдығы. Бурабай ауданынан келген Олег Тишков ірі кәсіпкерлік өкілдері егін шаруашылығына бейімделетіндіктен, мал шаруашылығы шағын және орта шаруалардың үлесіне бұйыратынын, сондықтан мал шаруашылығына үкімет баса назар аудару керектігін айтты. «Ірі» және «шағын» ұғымы да республиканың әр аймағына әртүрлі қолданылады екен. Мәселен В.Кругельчук солтүстікте 5 гектар жері бар шаруа «шағын» деп есептелсе, оңтүстікте «ірі шаруа» ретінде қарастырылатынын көлденең тартты. Құзырлы органдар тарапынан жіберілетін кемшіліктердің бетін ашқан Сергей Ерин: «СПК біз үшін басты қиындықтардың бірі боп тұр. Азық-түлік корпорациясымен бірге жұмыс істегенде СПК төлеу керек. «Қосымша салмақ» деп аталады. Бір таныс фермер 5 млн. теңге алған, оның 700 мыңын СПК ұстап қалды» деген. Марат Жауханов мұның заңсыз екенін айтып, анық-қанығын тексеруге уәде берді.

ҚАР АСТЫНДА ҚАЛҒАН

АСТЫҚ – ЫСЫРАП…

Ауыл шаруашылығына қатысты күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі – астықты сақтау. Қазақстандағы қоймалар санының аздығы астатөк бидайдың ысырап болуына әкеп соғуда. Мәселен биылғы құрғақшылыққа қарамастан Солтүстік Қазақстанда орташа деңгейде астық алынды. Бірақ бидайды элеваторларға тиеуге мүмкіндік жоқ. Өйткені Азық-түлік корпорациясы былтырғы астықты әлі күнге элеваторларға сақтап отырған көрінеді. Осы мәселені көтерген Ақан Барлыбаев: «Бүгін қар аралас жаңбыр жауды. Ал астық қар астында жатыр. Тезірек шешімін таппасақ, ақшамыз желге ұшатын түрі бар. Элеваторлардағы астықты былтыр тоннасын 21 мың теңгеге сатып алған Азық-түлік корпорациясы биыл 45 мың теңгеге сатуды көздеп отыр. Мүмкін 50-60 мың теңгеге дейін көтеріледі деп күткен шығар олар. Мұндай құрылымның қажеті қанша? Біз несие туралы айтып отырмыз, ал астығымызды сатуға дәрменсізбіз. Сатып алушы табылса, тоннасы 45 мың теңге ме, жоқ па, сата бермей ме? Қар астында қалған астықтың 15-20 пайызы ендігі ысырап болды» десе, оның әріптесі Евгений Лавров та қостады: «Кеңестер одағы кезінде мұндай әрекетке барғандарды түрмеге қамаса, Сталин өлім жазасына кесетіні сөзсіз». Дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы элеваторлардың 80 пайызы былтырғы бидайға толып тұрса, Алматы облысында керісінше астық тапшы. Тіпті 20 келі тартатын бір қап кебектің құны 800 теңгеге жуық. Малы бар шаруаға бұл әрине үлкен салмақ. Элеваторлардағы арзан бидайды Қазақстан ішіне тарату да мүмкін емес көрінеді. Бұл туралы сөз қозғаған Ақан Барлыбаев: «Бүгінде астықты Қазақстан ішінде 200 доллардан сатқанша, шет елдерге 300 долларға сату әлдеқайда тиімді. Біз тіпті ел ішінде де өзара келісе алмаймыз. Жыл сайын әртүрлі меморандумға қол қоямыз ғой. Арзан бидай алу мақсатында бізге Алматы облысы әкімінің бір орынбасары келді. Оған бір фермер: «Азық-түлік корпорациясында арзан бидай бар ғой. Неге содан алмайсыңдар?» деп еді, әлгі шенеунік: «Оның не? Ол жақта шаруаң болмасын, мұрныңды тықпа» деді! Бұл не сонда?! Бәріміз бір мемлекетте өмір сүріп отырған жоқпыз ба? Неге астық тапшы аймақтарды арзан дәнді-дақылмен қамтамасыз етпеске?» – деп қынжылды. Әлбетте, кездесуде Азық-түлік корпорациясының өкілдері болмағандықтан, көтерілген мәселенің түйінін қалай шешу керектігі жауапсыз қалды. Шаруалар қауымы алдағы уақытта олармен де ортақ басқосу өткізуді жоспарлап отыр. Биыл үкіметтен лизингтердің мерзімін ұзарту мақсатында бюджеттен 40 млрд. теңге қарастырылған. Оның 25-30 млрд. теңгесі ауылшаруашылығы мен арнайы техниканың үлесінде болса, 10-15 млрд. теңгесі инвестициялық жобаларға, қалған бөлігі асылтұқымды ірі қараға арналған. Жыл басынан бері 4,5 млрд. теңгеге жуық қаражатқа лизингтік пролонгация жасалған. Қараша айында қомақты сомаға тағы да лизингтің мерзімін ұзарту көзделуде. Үстіміздегі жылы «Егін орағы-2012» деп аталатын жаңа жоба іске қосылып, арзан техника сатып алу үшін шағын және орта кәсіпкерлікке бағытталыпты. Сонымен қатар бұған дейін жыл сайын 30-350 комбайнды қаржыландырып келсе, биыл 667 комбайн лизингке алынған. Оның 440-ына «Егін орағы – 2012» бағдарламасы бойынша қол жеткізілген.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button