ОҢТҮСТІКТЕ БИЫЛ МОЛ ӨНІМ ЖИНАЛДЫ

ОҢТҮСТІКТЕ БИЫЛ МОЛ ӨНІМ ЖИНАЛДЫ

ОҢТҮСТІКТЕ БИЫЛ МОЛ ӨНІМ ЖИНАЛДЫ
ашық дереккөзі
230

«Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек». Елбасымыз баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырғаны белгілі. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасы да осы ойдан туындаса керек. Осы орайда біз Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының төрағасы Қанатбек Оспанбеков мырзаға бірер сауал тастаған едік.

– Қанатбек Жолдасбекұлы, айтыңызшы, бүгінде сулы жердің түгінен май тартуды көздеген қанша шаруа өз бақшалығын тамшылатып суару әдісіне көшіріп жатыр? Жалпы, осы әдіс агроқұрылымдарға қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

– Бұл сұрағыңызға жауап бермес бұрын бір нәрсені айтып өткім келеді. Облысымызда ауылшаруашылық саласының соңғы жылдары дұрыс жолға қойылып, шаруаларымыздың белгіленген межеден артық көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқаны қазіргі облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың арқасы деп білемін. Өйткені Асқар Исабекұлы осы саланың мықты маманы. Көп жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін осы салаға аямай жұмсап келеді.

Ауыл шаруашылығы саласында озық технологияларды өндіріске кеңінен ендіру саланың еңбек өнімділігін арттырудың бірден – бір жолы. Осы мақсатта соңғы жылдарда облыста тамшылатып суғару әдісін ендіру көлемі айтарлықтай өсуде. Атап айтар болсақ, 2009 жылы тамшылатып суғару әдісі ендірілген алқап 2,1 мың гектар болса, бүгінгі күнге аталған әдіс 20,0 мың гектарға жетіп, республикадағы көрсеткіштің 80 пайызынан асып отыр. Тамшылатып суғару әдісі жеміс-жидек, жүзім, мақта, көкөніс-бақша және т.б. дақылдарды өсіруде кеңінен қолданылуда. Тамшы­ла­тып суару әдісі ағын суды 2,5 – 3 есе аз тұтыну­ға, минералды тыңайтқыштарды тамшылатып дақылдың тек өзіне беру арқылы алынатын өнімді екі-үш еселеуге мүм­кіндік береді. Өңірлік даму бағдарламасына сәйкес, 2015 жылы тамшылатып суғару технологиясын облыста 50,0 мың гектарға жеткізу көзделуде.

– «Казагромаркетинг» АҚ-ның мәліметіне сүйенсек, облыста 3,5 млн басқа жуық қой бар екен. Бұл көрсеткіш қой етін шетелдерге мейлінше экспорттауға қаншалықты мүмкіндік беріп отыр?

– Облыста 3,5 млн малдың 2,4 млн (68-75 пайыз) құйрықты қойы, 42000 (10-12 пайыз) биязы жүнді қойы, 70000 (15-20 пайыз) қаракөл тұқымды қойлары құрайды. Облыста 89,3 мың тонна жалпы ет өндірілетін болса 27,7 мың тоннасы қой еті, яғни барлық еттің 31 пайызын қой еті құрайды.

Бүгінгі таңда экспортқа шығарылатын қой етінің сұранысын биязы жүнді қой мен қаракөл қойлары ғана орындай алады. Бұл деген сөз экспортқа 5-7 мың бас көлемінде қой етін сатуға болады. Келешекте экспортқа қой етін көп шығару үшін, ғалымдармен бірлесіп, селекциялық жұмыстарын жандандыру арқылы жаңа типті етті шығымы мол берілетін қойларды ғылыми негізде ұшқырлы 2020 жылға дейінгі жоспарға сай жұмыстар жүргізу арқасында экспорттың сұранысын орындауға болады.

– Бүгінде шаруаларды толғандыратын бір мәселе бар. Ол шаруаларға несие беретін ұйымдардың жоғары пайыздық мөлшерлемесі. Осы жағынан тиісті қандай жеңілдіктер қарастырылуда?

– Облыста ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіруді негізінен «ҚазАгро»ҰБХ»АҚ еншілес мекемелері (ҚазАгроҚаржы»АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы»АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылау қолдау қоры»АҚ, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы»АҚ) және облыстық «Максимум»АИО»ЖШС-гі жұмыстар атқаруда. Аталған қаржы институттарының басқа қаржы мекемелерінен ерекшелігі несие қаржының жылдық мөлшерлемесі 6 – 9 пайыздың көлемінде. Осы институттар арқылы ОҚО агроөнеркәсіптік кешеніне 2009 жылдан бүгінгі күн аралығында тауар өндірушілерге 53 млрд теңгеден астам несие қаржылары беріліп, 11,0 мыңға жуық ірі, орта және шағын жобалар қаржыландырылды. Нәтежиесінде мал шаруашылығын дамыту және мал бордақылау бойынша 7000 астам жобалар, 3500 гектар ерге тамшылатып суғару әдісін ендіру жобалары, 95 гектар алқапқа жылыжайлар кешендерін салу, 39 ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындары, сыйымдылығы 70 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары, 1500 астам әр-түрлі заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 8,5 мың бас­тан астам ІҚМ алынып, 839 басқа репродуктор ұйымдастыру және т.б ауыл шаруашылығын дамыту жобалары іске асырылды.

Дегенмен еліміздегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 36 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқандығын ескерсек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау шараларын жылдан-жылға оңтайландырып, жетілдіру қажеттілігін көрсетеді. Осыған байланысты қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан кепілдендіру қорын құру және лизингке алынған ауыл шаруашылығы техникаларының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау есебінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіру қол жетімділігін кеңейту мәселелері қарастырылуда.

– Өңірде мал бордақылау ісін қолға алған шаруа қожалықтарының саны жыл санап артып келеді. Айтыңызшы, осы бағытта өз кәсібін өрге дөңгелетіп жүрген шаруалардың жем-шөп мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– 2012 жылы жоңышқа 137 мың гектар жерге егілсе, келесі жылы 167 мың гектар болып, 30 мың гектар жоңышқалық қосылатын болады. Әр гектардан 50 центнер жоңышқа жиналатын болады. 2013 жылы жүгері алқабы 27 мыңға ұлғайса, 2014 жылы 35 мың гектарға жететін болады. Әр гектардан 40 центнер дәндік жүгері алынса, жүгері паясынан әр гектарына 150 центнер сүрлемдік азық дайындалатын болады.

Бүгінгі күнге 2570 су көздері, 5532 мың гектар жайылымды пайдалануға есептелген. Қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған 1276 су көздері 2800 мың гектар жайылымдық жерлерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам-Өгем МҰТП – 18500 гектар жайылымдықты пайдалануды ұсынған. Осы жерлерді тиімді пайдалану нәтижесінде 2000 бас қой, 643 бас ірі қара мал басын жаюға және 500 гектар жерден 5000 тонна шөп дайындауға болады.

Облыста мал бордақылау ісін қолға алған шаруалардың жем-шөп мәселесі, ең негізгісі өздерінің жерлеріне егілген егістен алынатын сапалы өнімінің жоғары болуы, уақытында арзан бағада қажетті мал азығын сатып алуы және оны малға жұғымды етіп беру, интенсивті технология пайдаланып отыру арқылы нәтижеге жету. Дегенмен 2011-2012 жылдардағыдай қуаңшылық болатын болса, шаруаларға мал азығын дайындау көп қиындықтар туғызатын болады. Бұл орайда, шаруаларға жеіңлдіктер жасау үшін өкіметтің қажетті мөлшерде субсидия беру арқылы шешу қажет сияқты. Бұл шаруалардың жем-шөп мәселесін шешуіне үлкен септігін тигізіп, тиісті көмек көрсетілген болар еді.

– Облыс орталығындағы қанша базарда ауылшаруашылық өнімдерін сататын әлеуметтік қатарлар қарастырылған?

– Азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақтандыру, облыс тұрғындарын төмен бағадағы ауыл щаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Осы мақсатта, жыл басынан бері Шымкент қаласында 85 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған қала аумағына жақын орналасқан Сайрам, Түлкібас, Ордабасы, Отырар, Қазығұрт және Төлеби аудандарының шаруа қожалықтары мен тауар өндірушілері өз өнімдерін қала халқына делдалсыз базар нарығынан 20-30 пайыз төмен бағада тұтынушыларға ұсынды.

Шымкент қаласында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге өз өнімдерін делдалсыз сату үшін, қала әкімдігі мен азық-түлік өнімдерін өндіруші кәсіпорын басшыларымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қол жетімді бағамен қала халқына ұсыну мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы базарларда «Айна» – 60, «Самал» – 30, «Алаш» – 50, «Қапланбек» – 20, «Жаңа Шахар» – 20, «Дархан» – 100, «Көктем» – 10 және «Базар» АҚ – 50, барлығы 340 әлеуметтік сауда орындары ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлері, оның ішінде ет, көкөніс өнімдерін сатуға қарастырылған.

Қалада «Атамекен корпорациясы» ЖШС 15 әлеуметтік сауда дүкендері жұмыс жасап, қала халқына базар нарығынан 10-15 пайызға арзандатылған өнімдерді сатуда.

– Мектептердің жанынан жылыжай салу идеясы қайдан туды? Жалпы, облыстағы жылыжайлардың жағдайына тоқталып өтсеңіз?

– Мектептердің жанынан жылыжай салып, мектеп оқушыларын өздерінде өндірілген өніммен қамтамасыз ету идеясын облыс әкімі Асқар Мырзахметов ұсынған еді. Иә, алғашында осындай ұсыныс айтылған кезде идеяның іске асып кетуіне күмән келтіргендер көп болды. Қазақта «Көз қорқақ, қол батыр» деген сөз бар. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жан-жақты зерделей келе іске кірісіп кеттік. Міне, бүгін сол идея өзінің жемісін беріп келеді.

Тұрғындарды жыл бойы жаңа піскен, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде және көкөністердің маусымаралық жетімсіздігін болдырмауда жылыжай кешендерінің маңызы зор екендігі осы шаруашылықты дамытқан сайын айқын аңғарыла түсуде. 2009 жылы облыста жылыжайлардың көлемі 124 гектар болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 371 гектарды құрап, одан 50,0 мың тоннадан астам көкөніс өнімдері алынып, облыс, республика тұрғындарын жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуде үлкен септігін тигізді.

Сонымен қатар, облыс әкімінің ұсынысымен мектептер жанынан жылыжайлар салу қолға алынды. Бұл өз кезегінде оқушыларды еңбекке баулуға, болашақта оқушылар өздерін жұмыспен қамтуына үлкен септігін тигізеді.

Ағымдағы жылы қосымша 140 гектар салынып, жалпы жылыжайлар көлемін 511 гектарға жетіп, республикалық көрсеткіштің 87 пайызын құрап отыр.

– Биыл Оңтүстік Қазақстанның шаруа­лары қанша өнім жинады?

– Биылғы ауа райының шаруаларға жайсыздығына қарамастан, 54,3 мың гектардың әр гектарынан 186,0 центнерден өнім алынып, бұрын-соңды болмаған 1 млн. 10 мың тонна өнім жиналды. Бұл өткен жылдан 275,0 мың тоннаға артық. Сондай-ақ, әр гектардан алынған өнім 186 центнерге жетіп, өткен жылдан 21 центнерге артық жиналды.

Әңгімелескен

Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары