ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ФОРУМ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ФОРУМ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  ИННОВАЦИЯЛЫҚ ФОРУМ
ашық дереккөзі
261

өндірістік жаңару мен жаңғырудың жолдары

Жаңашыл бастамаларға негізделген Инновациялық форумның басты мақсаты – отандық өндірісті қарқынды дамытуға сеп болатын жаңа жобаларды табу және жаңашыл кәсіпкерлердің бастамасына қолдау көрсету.

Алматыда үстіміздегі жылдың 22-23 қарашасында өткізілетін І Халықаралық Инновациялық форум, ІІІ Инновациялық конвент, сондай-ақ, отандық кәсіпкерлер, өнертапқыштар мен ғалымдарға арналған ІІІ стартаптар мәселесін талқылаған жиын өтті. «Жанар Қазақстан» Қазақстандық инновациялық қоры» АҚ, Алматы қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының бастамасы бойынша ұйымдастырылғалы отырған бұл шаралар отандық өндіріс әлеуетін арттыруға сеп болмақ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 22 қарашадағы Алматы І Халықаралық инновациялық форумда негізгі төрт бағдарламаға назар аударылады. Мәселен «Ашық инновациялар» краудсорсингінде атқарушы билік, бизнес, инновациялық қорлар, екінші деңгейлі банк өкілдері шағын және орта кәсіпкерлік, өнертапқыштар мен инновациялық орта өкілдерін толғандырған сұрақтарға жауап береді. «Инновацияларды қаржыландыру» тақырыбында өткізілетін дөңгелек үстелде отандық мемлекеттік қаржылық құрылымдар, коммерциялық банктер, инновациялық қорлар, ПИФ, сақтандыру компанияларының өкілдері инновациялық ортаны дамытуға қосатын үлестеріне қатысты мәселелерді жан-жақты талқыға салмақ. Форум қатысушылары «Бизнес пен білімнің альянсы» тақырыбының шеңберіндегі пікірталаста да бірқатар маңызды мәселені қаузайды. «Халықаралық инновациялық тәжірибе» бағдарламасында алыс-жақын шет мемлекеттерден жиналатын қонақтар өз елдеріндегі инновациялық саладағы жаңалықтармен бөліседі.

Сонымен қатар 23 қарашадағы Ин­но­вациялық конвент шеңберінде ұйым­дас­тырылатын «Қала және ел үшін нақ­ты инновациялар» тақырыбындағы кеңейтілген отырыста шараға қатысатын мемлекеттік орган, кәсіпкерлік өкілдері мен ғалымдар, инновация саласында тер төгіп жүрген мамандар т.б. технологияларды коммерциялауға қатысты мәселелерді қаузайды. Шара шеңберінде Алматы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Жанар Қазақстан» ҚИҚ» АҚ бастамасымен, сондай-ақ, «StartUp.kz» Қазақстан стартаптар, инвесторлар және сарапшылар қауымдастығы» ҚҚ т.б. ұйымдардың қолдауымен Инновациялық жобалар көрмесі жұмыс істемек. Ал арнайы ұйымдастырылатын Технологиялық компаниялар көрмесінде Алматы аумағында қызмет ететін кәсіпорындар үлес қосады.

Көмірсутегі қорына бай Қазақстан шикізат өндірумен шектеліп қалмауы тиіс. Біздің тарапымыздан қойылған «Инновациялық технологияларды отандық кластерлік жүйеге енгізу мәселесі қалай шешілуде?» деген сауалымызға «Жанар Қазақстан Қазақстандық Инновациялық Қоры» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, ҚР ЖОО Қауымдастығының президенті Рахман Алшанов мырза былайша жауап берді: «Қазақстан әлемдік нарыққа шикізат тасымалдау және отандық тұтынушыларды шикізатпен қамтамасыз етумен шектелмеуі керек. Жаңа технологияларды енгізе отырып, өнім өңдеу, дайын өнім шығару, яғни кластерлік жүйені инновациялық технологиямен жабдықтауға назар аударылуы тиіс. Мысалы, Қытайда өндірілген көмірден 4 мың зат жасайды екен. Ал біз көмірді тек отқа жағуды білеміз» дей келе, отандық өндірісте қордаланған басқа да мәселелерге тоқталды. Инновациялық форум байқауларына қатысушыларға қойылатын ең басты талаптардың бірі – жоба отандық тұтынушылық сұранысқа ие болуы керек. Өйткені сұраныс болмаса, өндірілген өнімнің құны көк тиын.

Алматы Халықаралық Инновациялық Форумға байланысты өткізілген баспасөз мәслихаты барысында Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының бастығы Санжар Боқаев Иноваторлар мен стартаптарға арналған «Қазақстан Рес­публикасы үшін 50 инновациялық бас­тама», «Іске асырылған инновациялар», «Инновациялық стартаптар» деп аталатын 3 байқаудың басталғанын мәлімдеді. Сыйақы қоржынындағы қаражат көлемі 6 млн. теңге болатын бәйгелердің алғашқысында 2 жоба қаржылай марапат­талады. Ал ендігі жұмыс істеп жатқан инновациялық жобалар бойынша арнайы блогтарында атқарып жатқан еңбектері жайлы егжей-тегжейлі ақпарат берген кәсіпкерлердің 2-еуін ақшалай сыйақы күтуде. «Инновациялық стартап» – ІТ саласындағы инноваторларға арналған жоба. Бұл тақырыпта да кәсіби тұрғыда білікті мамандардан құрылған қазылар алқасы 2 жүлдегерді анықтап алып, ақшалай сый тапсырмақ. Байқаулардағы ереже мен қойылатын талап kazinnovation.kz сайтында осы аптада жарияланбақ. Баспасөз мәслихатының соңында әріптестерді шараны белсенді түрде насихаттауға шақырған «Жанар Қазақстан ҚИҚ» АҚ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Серік Акишев жобаның Қазақ қоғамын дамытудағы маңызы зор екендігін көлденең тартты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары