КӨЗІНДЕ ОТ, СӨЗІНДЕ ЖАЛЫН БАР

КӨЗІНДЕ ОТ, СӨЗІНДЕ ЖАЛЫН БАР

КӨЗІНДЕ ОТ, СӨЗІНДЕ ЖАЛЫН БАР
ашық дереккөзі
514

жастар көп болса да, олардың білімін пайдалана алар емеспіз

«Әлеуметтік-экономикалық жаңару – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты 2012 жылғы қаңтардағы халыққа жолдауында республика Президенті Н.Ә.Назарбаев іске асырылуы тиіс кешенді мақсаттардың жетінші бағыты – «Қазақстанда адам капиталының сапалы өсуі, бұл ең алдымен, білім және денсаулық» екенін қадап айтты. Білім жүйесін жаңарту барысында, ең маңыздысы оқу процесіне қазіргі заманауи өрістер мен технологияны енгізу, ұстаздар қауымының сапасын арттыру, олардың кәсіби біліктілігін анықтауда тәуелсіз жүйе құру, жастарды білімді етумен шектелмей, оны әлеуметтік бейімделу барысында дұрыс пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ оқу процесінде патриоттық сезімге ие, моральдық және заңдылық, ұлтаралық келісім мен толеранттылық ережелерін сақтап, өнегелі болу, дене және рухани даму сияқты адами қасиеттерді бойға сіңіретін тәрбиелік жұмыстарды іске асырудың қажеттілігіне аса көңіл бөлді.

Елбасы Үкіметке, барлық білім меке­мелерінде аталған құндылықтарды жастардың бойына сіңіруге бағытталған кешенді жоспар жасауға тапсырма берді.

Біз адам капиталының сапалы өсуінің құрамдас бөлігі – білімді жетілдіруді алып қарасақ, Қазақстанның бәсекелестік артықшылығының ұзақ мерзімді бағытына қол жеткізу, мемлекеттің даму мүмкіншілігі, оның әлемдік бәсекелестікке жетуінің бірден бір жолы адам капиталын дамытуға саяды. Мұндағы даму дегеніміз, тек қана экономикалық өсуді жоғары деңгейге жеткізу ғана емес, адами капиталға инвестия құю және кедейлікті жою болып табылады. Қазіргі экономикалық теория көзқарасы бойынша, өндіріс факторлары капитал мен жер экономикалық өсудің енжар факторлары болса, адам қорлары (кәсіби біліктілік пен арнайы білімнің жоғары және сәйкестілігінде) ең белсенді факторына жатады.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, экономикасы табысты дамыған елдер (Оңтүстік Корея, Тайвань, т.б.) өздерінің адами қорларының мүмкіншілігіне сүйенеді. Сондықтан да Қазақстан азаматтарының білім деңгейін жоғары көтеру экономиканың болашақ дамуының алғышарты деп қарастыру керек.

Адами капиталға қаржы салу арқылы, адамдар еңбекақы мөлшеріне тікелей әсер ете алады. Олар білімін, мамандығын, іс-шеберлігін көтеру арқылы болашақ еңбекақысын жоғарылата алады.

Адами капитал қазіргі заман экономикасында инвестиция құйылуының ең маңызды нысаны (объектісі) болып табылады. Айталық, АҚШ-та адами капиталға құйылатын инвестиция көлемі, өндіріс капиталына салынатын капиталға қарағанда екі есе артық, инвестицияның орта мектеп біліміне құйылуынан түсетін пайдасы 10-13% және жоғары білімге құйылуынан- 8-10% құрайды.

Қазіргі кезде Қазақстанда 146 жоғары оқу орны, оның ішінде 32 мемлекеттік ЖОО-лар жұмыс істейді, мұнда 610 мыңнан астам студенттер білім алуда. Студенттер санының бір жылда өсуі әлемдік көрсеткіштен екі есе артық. 10 мың тұрғынға шаққандағы студенттер саны бойынша республика әлемдегі дамыған Германия, Жапония, Ұлыбритания елдерінен асты, Норвегия, Канада елдерімен деңгейлес, тек АҚШ, Россия, Финляндия елдерінен ғана төменгі орында.

Соңғы 10 жылда білім жүйесіне бөлінген қаржы 7,5 есе артқан. 2011 жылы мемлекеттік бюджеттен 900 миллиардқа жақын теңге қаржы жұмсалған. Бұл республиканың жалпы ішкі өнімінің 4,2 пайызын құрайды. Қазақстанда 5-тен 24 жас аралығындағы тұрғындардың 75 пайызы оқуға тартылған. 30 пайыз азаматтар білім мен ғылымға тартылған. 4,5 млн адам оқытылуда.

Сондай жоғары оқу орындарының бірі, еліміздегі көлік қызметінің белсенді дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан сүбелі білім ордасы – М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясының алға қойған мақсаты да тәжірибелі мамандар даярлау. Елбасы жолдауында атап өткен тапсырмалар мен міндеттерді орнымен жүзеге асырып келе жатқан академияда білім алып жатқан жастардың айы оңынан туған деп айтуға толық негіз бар. Осының айғағындай, 2009-2010 оқу жылында ғылымды серік еткен жастарға қолдау көрсету үшін 81 млн.теңге қаржыға құрал-жабдықтар сатып алынды. Атап айтар болсақ, 61,5 млн. теңгеге оқу- зертханалық жабдықтар; 9,9 млн. теңгеге 113 компьютерлік техника; 9,5 млн. теңгеге 30 бірлік бейнепроекторлар алынып, қолданысқа енгізілді. Жастардың білімін, дүниетанымын, өмірлік мақсатын қалыптастыру жолындағы оқу орны ұстанған бағыттың қоғам өмірі үшін құндылығы зор екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жүргізген зерттеулерге сүйенсек, әлемде дайындалатын жоғары білімді мамандар саны жылына алты пайызға өсуде. Бұл жалпы алғанда тұрғындардың білім деңгейінің көтерілуін көрсетсе, екінші жағынан дүниежүзілік эксперттердің мәліметтеріне сәйкес, білім сапасының төмендеуіне әкеледі екен, ол дамушы елдерде жұмыссыздар санының көбеюіне әкеліп соғады және әлеуметтік шиеленістерді туғызады.

Елімізде бүгінгі таңда жоғары оқу орындарын халықаралық және ұлттық аккредитациялау енгізілуде, мамандарды сапалы дайындаудың жүйелі шаралары іске асырылуда. Жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасын анықтауда академиялық еркіндігі кеңейтілген; бағдарлама құрамының қажетті бөлігін – компонентін таңдау бакалавриатта 40-тан 50 пайызға, магистратурада 50-ден 60 пайызға, докторантурада 70-тен 80 пайызға дейін кеңейтілген. Техникалық және кәсіби білімді басқарудың жаңа принципке негізделген бірлескен корпоративті жүйесі қалыптасуда. Мамандар дайындаудың Ұлттық Кеңесі, 16 аймақтық және 14 салалық кеңестер, «Холдинг -Кәсіпқор» АҚ құрылған. Бірінші рет республикада кәсіптік стандарттарды дайындау процесі басталды.

Дегенмен өткен жылы жүргізілген реформалар мен мемлекеттік бағдарламалар стратегиялық маңызды проблемаларды күн тәртібінен алып тастай алмады. Бұлар мамандықтар бойынша дайындалған кадрлардың құрылымындағы сәйкессіздік; білім қызметі нарығын мемлекеттік реттеудің нәтижесіздігі және ұлттық өзін – өзі реттеудің әлсіздігі, жоғары білімнің сапасын төмендетуге және отандық жоғары оқу орындарының дипломдарының құнсыздануына әкелетін сапасыз, таза емес нарықтық бәсекелестіктің едәуір орын алуы.

Қазақстанда жоғары білімді жаңа халықаралық деңгейге көтеру үшін бәсекелестікке қабілетті отандық кадрларды дайындау мүмкіншілігін ұлғайтуға көмектесетін білім мен ғылым саласына үнемі және тұрақты түрде инвестиция құю керек. Барынша білімді экономика барынша тұрақты дамиды. Білімді жоғары дәрежеде инвестициялаған елдердің экономикалық көрсеткіштері де жоғары.

Білімді халықаралық деңгейге көтеру бағытындағы жұмыстар М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясында да өз жемісін беруде. 2008-2009 оқу жылында «ТМД елдеріндегі көлік қызметіне байланысты білімді жетілдіру» ұранымен ТРАСЕКА жобасы жұмысын бастаған болатын. Нидерланды, Германия, Грекия сияқты елдерде бастама алған аталмыш жобаның негізінде академия қабырғасында бірнеше семинарлар мен симпозиумдар өткізілді. Басқосулар барысында теміржол саласындағы жаңалықтар мен көлік қызметін арттыру жолындағы жаңаша әдістер талқыланды, ойлар ортаға салынып, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, 2010-11 оқу жылында халықаралық деңгейдегі жаңа жобаның тұсауы кесілді. Бұл жоба Қазақстанның білім тарихында тұңғыш бас­тама екенін атап өткен орынды. 30 магис­трант Темпус Европалық бағдарламасы аясында білімдерін жетілдірді. Оларға академия дипломымен қоса халықаралық үлгідегі CNAM дипломы да тапсырылды. Бүгіннен болашаққа қадам басып отырған білім ошағының бастамасын білімпаз жастар қуаттап, халықаралық серіктестік арқылы сапалы білімге қол жеткізуге болатындығына қуана ынталылық танытты.

Экономикалық ынтымақтастық пен даму зерттеу ұйымының зерттеулері көрсеткендей елдің еңбекке жарамды тұрғындарының білімінің орташа деңгейінің бір жылда өсуі, жалпы ішкі өнімнің көлемін 3-6 пайызға және ЖІӨ өсу қарқынын 1 пайыздан аса көтереді. Соңғы жылдары Қазақстанда білімді қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайғанымен бұл әлі де болса жеткіліксіз. Дамыған елдерде мемлекет білімге ЖІӨ-нің 7 пайыз деңгейінде қаржы жұмсайды. Батыс елдерінде білімді қаржыландыруға түрлі ынталы жақтардың қатысуы қалыптасқан: жұмыс беруші, қорлар деңгейіндегі коммерциялық емес субъектілер – грант берушілер, қамқоршылар – меценаттар, мемлекет және қызмет тұтынушылардың өздері.

Қазақстан Үкіметі тарапынан білімге бөлінетін қаржы негізінен мемлекеттік жоғары орындарымен шектеледі. 2011 жылы жалпы білім шығыны 5 млн. доллар деңгейін құраса, Швецияда – 18,5 млн. доллар, Ресей Федерациясында – 45 млн. доллар, АҚШ-та – 267 млн. доллар, Австралияда – 15 млн доллардан асады.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алға қойған міндеті – мемлекеттік – жекеше серіктестік механизмі арқылы жастардың білімге қол жеткізу мүмкіндігін арттыру – ауылдық жерлер мен тұрмысы қамтамасыз етілмеген отбасы жастарының жолгіресі мен пәтер ақысын төлеуге мемлекет тарапынан жәрдем беру, жатақхана жүйесін дамыту – қазіргі ең маңызды мәселе болып табылады.

Көптеген жұмыс берушілердің жоғары оқу орындары дайындаған мамандардың сапасына көңілі толмайтындығы жасырын емес. Өйткені білім бағдарламалары жұмыс берушілердің талабына және экономиканың қажеттілігіне сәйкес келмейді. Оның үстіне жоғары оқу орындары студенттерінің 46 пайызын сырттан оқитындар құрайды, олардың дені (60%) техникалық және кәсіптік білім ошақтарын бітіріп, бірыңғай тестілеу сынағынан өтпей-ақ оқуға түскендер, оның үстіне жылдамдатқан оқу бағдарламасымен дәріс алатындар. Әрине, білімді толық меңгермеушілік мамандардың кәсіби дәрежесіне тікелей әсер етеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «болашақшылармен» кездесуінде: «Бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қажет, бізге халықаралық бәсекеге түсе алатын эрудициялы адамдар керек»,– деп қадап айтып, ол жобаның үш аспектісін көрсетті:

Бірінші, Қазақстанның білім беру жүйе­сін­­дегі серпіліс.

Бүгінде білім беру үдерісіне мүмкіндігінше кеңірек қарауға болады. Әр адамды қазіргі заманғы әлемде іс істеуге, білім ала білуге, өмір сүре алуға, бірлесіп өмір сүре білуге үйрету қажет. Бұл ЮНЕСКО қалыптастырған білім берудің төрт тағаны.

«Интеллектуалды ұлт» жобасының екінші аспектісі – ғылымды дамыту және еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру. Ғылым инновациялық экономиканың негізі болуы тиіс.

«Интеллектуалды ұлт» жобасының үшінші аспектісі – бұл инновация жүйесін дамыту.

Инновация – бұл қашанда болжамдар тауар өндірісі сезіміне әкелетін, пайда мен бәсекеге қабілеттілікті күрт ұлғайтатын идеялар тоғысы мен бизнес.

Бүгінде Қазақстанға инновациялық қызметтің «жарылысы» қажет. Бизнес перс­пективалы жобаларды іздеп, оларды жүзеге асыру үшін бейімделуі және жұмыс істеуі тиіс.

Қазіргі заманғы білім берудің перспек­тивалық міндеті – ол сындарлы ойлай білетін және ақпараттар ағынында бағдар ала білуге қабілетті адамдарды даярлау.

Бұл мақсаттар мен міндеттерді іске асыру Қазақстанның болашағын анықтайды.

Әлемдегі дамыған елдерде білімге негізделген қоғам қалыптасқан, ондағы прогрессті қамтамасыз ету жоғары технологияның алға озып шығуынан орын алуда.

Жаңа экономиканың ерекшелігі – өзінің іс-әрекетін ақша пайдасымен ғана есептейтін ұтымды адамдардың бірте-бірте творчестволық, жете зерттеу нәтижесінде жаңа идея тудырушы және оны өндіріске ендіре алатын адамға айналуы. Сондай-ақ қазіргі әлемде білім іс-әрекет, амалдың мәдениеті, қозғалыс мәдениеті. Бұл мағынада дамыған елдерде экономикалық, гуманитарлық және бизнес пәндерінің мәдени мазмұн-мағынасына аса көңіл бөлінеді. Түсінген кісіге оның байлығы – елдегі мұнай, газ, т.б. пайдалы кендердің үлкен қорымен есептелмейді, әркімнің жеке басының ақылы, білімі мен іскерлігі және жоғары мәдениеттілігі алға шығады. Мұндай мәдениетті адам, өзінің еліне қосқан үлесін арттыру үшін тұрақты түрде кемелге жетуге тырысады.

Білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыты – ұстаздың кәсіби мәртебесін көтеру. Елбасы: «Біз кәсіби мұғалімнің мәртебесі мен абыройын қалпына келтіруіміз керек», – деп, ел алдына мақсат-міндет қойды. Бұл мақсат жоғары оқу орындарының ұстаздарына тікелей қатысты. Әрбір ұстаз «ең жоғары құндылық – адам және адамгершілік» екенін есте сақтап, студент пен магистранттардың танымдылық, ойлағыштық қызметін ұйымдас­ты­рушы бола білуі керек.

Лайықты деңгейде кәсіби білім алуды жақсы жолға қоя білген М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ұстаздар қауымы да ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті терең сезінетін жандардан құралған. Соның айғағындай болар, өткен жылы 39 адам «Қазақстан темір жолы ХК» АҚ төсбелгілерімен марапатталды. Оның ішінде 7 адам «ҚР құрметті білім қызметкері» төсбелгісіне ие болса, 13 оқытушы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Рес­пуб­ликасы ғылымына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, 2 адам «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіге ие болды. Оқу орнының диссертациялық кеңесінде 72 кандидаттық диссертация қорғалды, оның 30-ы академия өкілдері болып отыр. 7 адам докторлық диссертацияларын сәтті қорғап шығып, бүгінгі таңда оқу орнында 43 ғылым докторы мен 176 ғылым кандидаты Қазақстанның болашағына жемісті қызмет етуде. Оқу орны жанынан қамқорлық Кеңесі құрылған. Кеңес басқосуында қаралатын мәселелер қоғамдағы өзекті проблемаларға негізделген. Жұмыс берушілермен арадағы қарым-қатынасты талқылау мәселесіне арналған жиындарда академия түлектерінің жұмысқа орналасу жағдайы қаралып, оңды шешімін тауып келеді. Жоғары білім мүддесі, жастардың бойына жоғары деңгейде сапасы өшпестей адами құндылықтарды сіңдіріп, ең алдымен студенттерге терең білім беру, кәсіби этиканы сақтай алатын, өмірде проблемалардың алдын алу мен оларды жою жолдарын табуға дағдыландыру болып табылады.

Дәл осы тұста аздап шегініс жасап: «Адамға шын мәнінде білімдар болуы үшін үш қасиет: жан жақты білім, ойлауға дағдылану және сезім дархандығы қажет. Кімнің түйсігі жұтаң болса, ол – бейшара, кімде дархан сезім болмаса, ол – дарақы», – деген Н. Чернышевскийдің сөзін басшылыққа алғанымыз артықтық етпес. Өзінің ертеңгі болашағын жас ұрпақтың бойынан көретін кез келген мемлекет үшін өз жастарының білімді де білікті болуы бас­ты назарда. Білімге ден қойған жас қана «тас қияға өрлеп», өз болашағын құруға тас түйін дайын болмақ. Сондықтан да, мемлекет үлкен өмірге қадам басқан әрбір жастың ықыласы мен үмітін ескеріп, қанатын кеңге жайған жаһандану дәуірінде мемлекеттік саясаттың басты мәселесін білім, ғылымға арнап отыр. Жоғары білімі бар мамандар даярлаудың мемлекеттік тапсырысында техникалық, инновациялық мамандықтарға басымдық берілгендіктен, студент жастар теориялық білімдерін ғана жетілдіріп қоймай, түйгендерін тәжірибемен ұштастыра білуі де үлкен роль атқармақ. Әсіресе, техникалық мамандықта оқып жүрген жастар өндірістік практикадан қол үзбегендері абзал. Кәсіби мамандардан көріп, көкейге түйгендері ертеңгі күні өмірлік азықтарына айналары сөзсіз.

Сонымен бірге, оқулықтар мен оқу құралдарының сапалылығына, халықаралық деңгейдегі білім стандарттарына сәйкестігіне ден қоятын уақыт жетті. «Білім көзі – кітапта» екенін ескерсек, білім іргетасы мықты қаланған бүгінгі студенттен ертеңгі күні сапалы маман иесі шығады.

Студенттер мамандығына байланыс­ты­ ғана материалды меңгеріп қоймай, ло­гикалық ойлау жүйесін дамыту да үлкен маңызға ие. Өз елінің әдебиетімен қоса шетел классиктерінің туындыларын оқып, сараптап, ой түйе білсе, болашағында алға қойған мақсатына жетуге кепіл болмақ. Телеарналарда өткізіліп жатқан интеллектуалдық ойындарда белгілі бір аудитория ғана қамтылып, қалған жас өскін тек көрермен ретінде перде сыртында қалуда. Олардың да үміттері зор болғанымен, қолжетімділік аз. Ауылдық елді мекендерде де «көздерінде оты, сөздерінде жалыны» бар жастар қаншама?! Солардың да үміттерінің ақталып, армандарының орындалуына жағдай туғызу керек. «Білекті бірді, білімді мыңды жығатын» заманда жастарымыз білім, ғылымға деген құштарлықтарын арттырса, шығар шыңымыз биік, алар асуымыз асқақ болмақ…

Нұридін БАЛҚИЯҰЛЫ,

М.Тынышбаев атындағы қазақ

көлік және коммуникация

академиясының профессоры

Серіктес жаңалықтары