ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНА» БАЗЫНА

ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНА» БАЗЫНА

ҚАЗАҚСТАН  БАРЫСЫНА» БАЗЫНА
ашық дереккөзі
366

Жауырыны жер иіскемеген балуандар халқымызда қай ғасырда да аз болмаған: атақты Қажымұқан, Балуан Шолақ, т.б. Ықылым замандарға бармай-ақ күні кеше, яғни өткен ғасырда той-думан мен ойын-сауық орталығына айналған Қоянды, Қарқара жәрменкелерінде сауда-саттық жасаумен бірге көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату, қыз қуу және т.б. ұлттық спорт түрлерінен неше түрлі жарыстар өткізіліп тұрған ғой.

Кеңес Одағының қол астында болған кезеңде мұндай салт-дәстүріміздің, ұлттық ойындарымыздың көбіне тыйым салынғаны, сөйтіп халқымыз тамырынан айрылып, қурай бастаған ағаш секілді күй кешкені белгілі. Оның бір мысалы – 66 жылдан кейін ұлтжанды азаматтарымыз Өзбекәлі Жәнібеков пен Мұхтар Шахановтың атсалысуымен әз Наурызымызбен қайта қауышқанымызды айтсақ та жеткілікті.

Бұл күндері өшкеніміз жанып, отарлық­тың қамытын киген кездері саудаға салынып кеткен салтымыз қайта оралып жатқанына тәубе дейміз, шүкіршілік етеміз. Соның бірі – ата-бабамыздан қалған балуандар сайысы, яғни күрес. Кезінде жігіттеріміз «Түйе балуан» атағы үшін күрескен. Төрт түлік малдың ішіндегі ең мықтысы да, төзімдісі де түйе ғой. Сондықтан да ата-бабаларымыз ең мықты балуанды «Түйе балуан» деп атаған. Қазір мұны қазақ күресі деп жүрміз.

Жақында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін Қазақ күресінен өткен бәсекеде бақ сынаған 34 балуан ел ішінде небір апайтөс алыптардың бар екенін жалпақ жұртқа паш етті. Бұл жарыстың тұсаукесері былтыр, яғни 2011 жылы кесілген болатын. Айта кететін бір жәйт – бұл жолы жарыстың барысы бастан аяқ ана тілімізде өткендігі. Жарысқа елімізде тұратын басқа ұлттардың балуандары да қатысты. Бұрын келімсектердің бір өкілі қатысса болды, кез-келген жиын-той орыс тілінде өтуші еді ғой. Ендеше бұған шүкіршілік етіп, тәубе дейік.

Осы жарыста жеңіске жеткен жамбылдық жігіт Бейбіт Ыстыбаев болашақта үш рет жеңімпаз болғысы келетінін айтты. Мақсатыңа жет демекпіз оған. Осыған орай Бейбіт балама айтар бірер ұсыныс-тілегім бар.

Бірінші ұсынысым: Қалқам Бейбіт, Ыстыбай – әкеңнің есімі болса, бұдан былай Бейбіт Ыстыбайұлы болып жазылғайсың, ал ол атаңның есімі болса – Бейбіт Ыстыбай бол демекпін. Өйткені сен қазақсың, қазақтың түйе балуанысың! Саған осылай жазылған жарасады. Қазақ екендігің аты-жөніңнен көрініп тұрсын.

Екінші ұсынысым: Лақап атың «Тараз арланы» екен. Одан гөрі «Тараз тарланы» деген жөн сияқты. Мағынасы жағынан да, естілуі жағынан да осы дұрыс болар еді.

Тілегім: Өзіңе тартып туған ұл-қыздарың көп болғай! Ол еліміздің ертеңі үшін керек.

Ал өзіңді Әулиеатаның, Бәйдібек бабаның, батыр Бауыржан ағаның рухы әманда қолдап жүргей!

Құрметпен Алматыда тұратын ағаң

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,

Жазушылар Одағының мүшесі,

Қазақстанның құрметті журналисі

Алматы

Серіктес жаңалықтары