СОНАУ СОЗАҚТАН ЖАУАП КЕЛДІ

СОНАУ СОЗАҚТАН ЖАУАП КЕЛДІ

СОНАУ СОЗАҚТАН ЖАУАП КЕЛДІ
ашық дереккөзі
266

Газетімізде Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Дәурен Әбдірамановтың «Көктен келген» қой-ешкілер» атты мақаласы («Түркістан», 20 қыркүйек, 2012 ж. №38) жарияланған еді. Аталмыш мақалаға орай, редакциямызға Созақ ауданынан үшбу хат келді. Созақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Мақсат Қарғабайдың жауабын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік. Ал айтылған жайтқа орай барша шындықты жариялаудан қашпаған Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймұрзаев мырзаның азаматтығы барша билік өкілдеріне үлгі болса құба-құп.

…Жиырма жылға жуық тарихы бар, сан ғасырлардың тамырынан сыр ақтарып, аптасына сағындырып қолымызға тиетін «Түркістан» халық­аралық саяси апталық газеті Созақ ауданы тұрғындарының сүйікті газеті.

Халқымыздың біртуар перзенті Қалтай аға Мұхамеджанов ағамыз шаңырағын көтеріп, уығын шаншыған абыз газет, кез-келген саладағы көтерген мәселесі мәнді, алақандай мақаласы тұщымды апталық. «Түркістан» газеті түбі бір түркі жұртының ортақ дүниесі, екі дүние есігі атауын иеленген қадірлі басылым.

Таяуда газетттің 20 қыркүйек 2012 жылғы санында Дәурен Әбдіраманов деген азаматтың «Көктен келген» қой -ешкілер» атты мақаласы жарияланыпты.

Ол мақалада аудан әкімі А.Аймұр­заевтың «Замана» газетінің тілшісі Ұ.Тәменоваға берген сұхбатын негізге алып, аудан әкімі өзінің меншігінде үйінің, ірі қара малдарының бар екенін растай келе қой-ешкі сияқты ұсақ малының атымен жоқтығын, мұндай ақпараттың интернет бетіне қалай шығып кеткенін білмейтіндігін айтып, ақталғанын жариялаған. Сонымен қатар тілші «әкім шынайы табысын жасырған ба, әлде ауыл әкімдігіндегілердің әкімді жерге қаратқысы келгені ме?» деген.

Расында республика көлемінде өтіп жатқан «Жемқорлықсыз болашаққа!» акциясында байланысты Созақ ауданы әкімі Аймұрзаев Аманғали Түктібайұлы алғашқылардың қатарында 30 мамыр күнгі аудандық «Созақ үні» газетінің №85-86 (көшірмесі жолданды) нөмірлерінде: «Табысым – 2011 жылғы жалпы айлығым 2 797 547 теңге 00 тиын, Зейнетақы қорымдағы жинақталған қаражатымның жиынтығы 1 миллион 505 мың 180 теңге. Меншігімде: тұрғын үйім бар. Жылқы – 27 бас, түйе – 21 бас, сиыр – 15 бас. Нақты қолымда 600 000 теңге қаржым бар» деп жария еткен болатын. Салық органдарына табысы туралы декларациясы тапсырылған. Интернет жүйесінде жарияланған қой-ешкілер мен 6 миллион теңге туралы мәліметтерді салыстыра отырып ешқандай дерек көздеріне сәйкес келмей отырғандығын көріп отырмыз. Есесіне «Замана» газетінде де (06.08.2012 жыл. №31) аудан әкімінің өз сөзімен дұрыс айтылған.

Аудан әкімінің «Созақ өлкесі жырға да, күйге де, төрт түлік малға да бай, жайлы қоныс. Арысы Арқа төсі, берісі қарт Қаратау қойнауы құтты аймақ. Сондықтан малымыз көбейіп, өрісіміз кеңейіп жатса несі айып. Қайта ырысымыз артып, молшылығымыз тасығанына қуанамыз. Тек ерек пен дәйек бір арнада тоғысса ғана бірлігіміз мықты, тірлігіміз берекелі болар еді», – деген сөзі көкейде жүрген көп сұрақтың жауабы болар деген үміттеміз.

«Созақ үні» газетінен:

Республика көлемінде өтіп жатқан «Жемқорлықсыз болашаққа» акциясына байланысты өзіміз туралы төмендегі мәліметтерді ЖАРИЯ ЕТЕМІЗ

Аты-жөнім:

Аймұрзаев Аманғали Түктібайұлы

Қызметім: Созақ ауданының әкімі.

Табысым: 2011 жылғы жалпы айлығым 2797 547 теңге 00 тиын.

Зейнетақы қорымдағы жинақталған қаражатымның жиынтығы 1 505 180 тнг.

Меншігімде: Тұрғын үйім бар, жылқы – 27 бас, сиыр – 15 бас.

Нақты қолымда 600 000 тг. қаржым бар.

30 мамыр 2012 жыл

Серіктес жаңалықтары