ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРІ ЖАЙЫНДА ҚОС КІТАП
ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРІ ЖАЙЫНДА ҚОС КІТАП
Ұлттық кітапханада көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ілияс Омаровтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясымен «Ілияс Омаров» және «Ана тілі» баспасынан «Мерейтойлық әдебиет» сериясы аясында «Өмір мен өнер» атты қос кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасы орынбасары Қуат Бораш арнайы келіп қатысты.
Екі кітап та Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген. Белгілі журналист-жазушылар Ж.Ысмағұлов пен С.Ақтаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қ.Құрманғали жинақтаған еңбекте қазақ мәдениеті мен әдебиетінің білгірі, сыншы, публицист І.Омаровтың еңбектерінің таңдаулылары, очерктері мен мақалалары, өлең-жырлары, сондай-ақ оның саналы өмірі мен сан қырлы қызметі туралы замандастарының толғаныстары мен естеліктері енгізілген. Мәдени шара барысында қалам иелері сөз сөйлеп, ірі тұлға – Ілияс Омаров хақында сыр тартты. Мәселен, баспагер-қаламгер Нұрмахан Оразбек Ілияс Омаровтың кеңестік заманда ұлттық мүддені жоғары қоятын батылдығын, ұлтжандылылығын, кез келген күрмеуі қиын мәселені шешуге деген тәуекелшілдігі жайында әңгіме өрбітсе, сарабдал журналист Сарбас Ақтаев елуінші жылдардың ішінде Қызылжарда обком хатшысы болып жүрген Ілияс Омаровтың айтыс өнерін тұңғыш рет қайта жаңғыртқанын баса айтты.
Ұлт руханияты үшін ерекше күн екендігін атап өткен Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Бораш соңғы жылдары мемлекет тарапынан кітап шығару ісіне үлкен көңіл бөлініп жатқандығына тоқталды. Тәуелсіздік жылдарында бұл мақсатқа 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалып, 7 мыңнан аса аталыммен 15 миллионның үстінде кітап оқырманына жол тартыпты. Бұл министрліктің кітап шығару мен тарату ісіне айтарлықтай көңіл бөле бастағанын аңғартады. Жазушының қаламынан туған көркем шығарманың оқылым мәселесі де күн тәртібінде. Әсіресе бүгінгі қоғам қазақ мәдениетінің қамқоры Ілияс Омаровтай биік тұлғалар жайындағы кітаптарға сусап отырғаны рас. Ел басқарған, елдің мәдениетін көтерген азаматтарға қатысты құнды кітапты қашан да оқырманы іздеп, сүйіп оқитынына күмән жоқ.
Жиынның екінші бөлімінде «Қазығұрт» баспасының «Тәуелсіздік толғауы» сериясы аясында «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жиырма төрт танымал журналист-публицистердің кітаптары жарық көрді. Бұл мемлекеттік шара талантты журналистерге ерекше шабыт сыйлап, халқымыздың игілігі үшін жарқын туындылар жазуға қанағаттанатыны сөзсіз. Өз кезегінде газет-журнал бетіндегі мақалалары кітап ретінде жарық көрген тілші қауымы Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.