МҰНЫҢ НЕСІ ЖӘРМЕҢКЕ?

МҰНЫҢ НЕСІ ЖӘРМЕҢКЕ?

МҰНЫҢ НЕСІ ЖӘРМЕҢКЕ?
ашық дереккөзі
215

Алматы қаласында ауылшаруа­шылығы жәрмеңкелері жиі өтіп тұрады. Отандық шаруа қожалықтарының сапалы өнімін кімнің арзан бағаға сатып алғысы келмесін?! Әсіресе, қыстың қамын ойлайтын шақта бұған қуанбайтын жұрт жоқ шығар, сірә?

Қыркүйектің алғашқы жексенбісінде «Астана» алаңында өткен жәрмеңкеге бардым. Азғантай ғана халық жүр екен. Айналасы бір сағаттан кейін қала алаңы қыз-қыз қайнаған базарға айналып сала берді. Зейнеткерлердің қуанышында шек жоқ. Қалтасы мен қолындағы дорбасы көтерген азықтың бәрін алғысы-ақ келеді. Себебі, жәрмеңкедегі баға қара базар нарқынан әлдеқайда арзан көрінді.

Алматы облысынан келген әр аудан бөлек-бөлек жайғасқан. Шаруа қожалықтарының өкілдіктері телеарна мен баспасөзден келген тілшілерге баға саясатын тұрақтандыруға қосқан үлестерін айтып, маңғаздана сұхбат беруде. Кей сөздерін естіген біздің де ішіміз жылып, қуанып қалдық.

Көп ұзамай алаңға Алматы қаласы­ның әкімі Ахметжан Есімов мырза келді. Бірер кәсіпкердің қолын алып, амандасқаны болмаса, отандық өнімнің бағасына да, сапасына да көңіл аудармады. Тек таңертең келіп, азығын алып үлгерген зейнеткерлер әкімге қаладағы қоғамдық көлік, жарық мәселесі туралы сауал қойып үлгерді. Бұған да жүре жауап берген қала әкімі он-он бес минуттың ішінде жәрмеңке алаңынан кетіп те қалды.

Алматы облысынан келген кейбір шаруа қожалықтарының да күткені осы екен, әп-сәтте бағаны көтеріп жіберді. Әлгінде ғана 750 теңгеге сатылған сары май 1000 теңгеге бір-ақ шығыпты. Мұндай қитұрқыны білмейтін бір ақсақал: «Шырағым-ау, жаңа ғана 750 теңге деп тұр едің ғой. Бұл қалай?» деп таңырқай сұрағанда, шенді-шекпенділердің қарасы тайғанына көзі жеткен сатушы: «Ата, жаңағы әкімшіліктің бағасы. Ал біздің баға мынау», – деп өзінің бағасы жазылған қағазды сумаңдата берді. Бұған не айтарын білмеген қария басын шайқаған күйі үнсіз қалды. Ал «азық-түлікті әкім келгенге дейін сатып алғанымыз қандай жақсы болды» деген жұрт сау­да жасаушылардың бассыздығына қынжылыс білдіргеннен басқа ештеңе дей алмадық.

Сонда бұл жәрмеңке кім үшін ұйымдастырылды? Бұл әлде, әкім-қаралардың көзін ала беріп, қарапайым халықты алдаудың жаңа әдісі ме? Иә, өзім де сол қара халықтың өкілімін. Жәрмеңкеге ерте барып, азық-түлікті арзанырақ алғаныма қуандым. Бірақ біздің де көретін көзіміз бар. Таңертең базар нарқынан төмен тауар бір сағаттың ішінде қаладағы дүкен бағасымен теңесті. Онда мұның несі жәрмеңке?! Онсыз да қымбатшылық қара халықты сорып келеді. Азық-түлікті жәрмеңкеден алуға асыққан адам қайбір асып-тасып жүр дейсіз. Соны біле тұра, қас пен көздің арасында бағаны ұшырып жіберген отандық өнім өндірушілердің екіжүзділігіне қарным ашты. Басқа-басқа, қалт-құлт етіп, күн кешкен зейнет жасындағы қарияларды алдамаса болар еді ғой. Әй, қайдам… Мына заманда қарттың сақалын сыйламақ түгіл, қалтасын сыпырып кететін ашкөздер көбейіп кеткеніне көзім жетті. Мұның түбі жақсылыққа апармайтыны сөзсіз.

Гүлмира МАҚСҰТОВА,

зейнеткер

Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары