АЛАҢҚАЙ ЖӘНЕ АШЫҚ ХАТ ЖАЗҒАН ОҚУШЫЛАР

АЛАҢҚАЙ ЖӘНЕ АШЫҚ ХАТ ЖАЗҒАН ОҚУШЫЛАР

АЛАҢҚАЙ  ЖӘНЕ АШЫҚ ХАТ ЖАЗҒАН ОҚУШЫЛАР
ашық дереккөзі
277

Міне, қызық. Әуелі естігенде өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Павлодар қаласының мектеп оқушылары Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путинге хат жазыпты. Олар ауланы заңсыз меншігіне алған адамдардан арашалау жөнінде көмек сұраған.

Иә, кеше Павлодарда аймақаралық форумның өткені рас. Оған Ресей президенті Путин мен Қазақстан басшысы Назарбаевтың да арнайы келгені мәлім. Алайда, павлодарлық оқушылар спортпен айналысқысы келсе, ауланы бәзбір пайдакүнемдерден қорғап қалғысы келсе, оған Путиннің қатысы қаншалықты? Бұл өз еліміздің аумағында, тіпті сол қалада шешілетін мәселе емес пе?

Кейбір ақпарат құралдары аймақаралық форумға екі елдің басшылары келетінін білген оқушылар осындай қадамға барып отыр дегенді айтуда. Әлбетте, балалар ойнайтын алаңқайды қоршап, білгенін істеу деген нағыз бассыздық. Бірақ жергілікті оқушыларға ашық хатты кім жаздырып отыр? Олар әлдекімдердің айтағына еріп кеткен жоқ па? Осы жағы біраз күмән тудыратыны сөзсіз.

Ашых хатта: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы және Владимир Владимирұлы! Сіздерден өтінеріміз, бізге келіп, ауламызды көрсеңіздер екен. Біз мұнда ойнайтын жер таппай қалдық. Біз ішімдік ішіп, темекі тартып, есірткі қолданбаймыз. Біз тек алаңқайда ойнап, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанғымыз келеді. Ол үшін біздің аулада спорт алаңқайы салынса екен дейміз», – делінген.

Оқушылардың бұл мәселені көтеріп отырғаны дұрыс. Жасөспірімдердің салауатты өмір салтына бет бұрғанын кім болса да қолдауға әзір. Бірақ та аталмыш мәселені жергілікті қалалық әкімдік-ақ шешуге қауқарлы емес пе? Одан нәтиже шықпағанда ғана Қазақ елінің басшысы іске араласуы мүмкін. Әлде, бұл Павлодар атауын Кереку етіп өзгертуге қарсы жергілікті топтардың қитұрқы әрекеті ме? Білуімізше, мұндағы кейбір тұрғындар әлі күнге өздерін Ресейдің топырағын басып жүргендей сезінеді екен. Олар тіпті, байырғы көше атауын ауыстыруға да үзілді-кесілді қарсы. Дәл осы іріткі салушы топ Павлодарға Ресей президентінің келетінін әдейі пайдаланып, өз мүддесін тықпалап жатқан жоқ па? Қалай десек те, оқушылардың Путинге арнайы ашық хат жазуының астарында бір шикілік бар. Бұл сұраққа жауапты әркім өзінше іздеп әлек.

Айтпақшы, қазақстандық оқушылардың екі ел басшыларына жазған ашық хатын «Мир» телеарнасының тілшісі ерекше бір кекесінмен жеткізгендей болды. Ал мұны тыңдап отырған біз «осы жаңалықты естіген ресейлік, Орта Азия, ТМД мемлекеттерінің көрермендері не дейді екен?» деген ойда қалдық. Біз шынымен жат жұртқа күлкі болған жоқпыз ба?

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары