АЛМАТЫ ХАЛҚЫ ЖӘРМЕҢКЕГЕ АҒЫЛДЫ

АЛМАТЫ ХАЛҚЫ ЖӘРМЕҢКЕГЕ АҒЫЛДЫ

АЛМАТЫ ХАЛҚЫ ЖӘРМЕҢКЕГЕ АҒЫЛДЫ
ашық дереккөзі
244

Алматы облысы тауар өндірушілері жыл сайын Алматы қаласының маңында азық-түлік белдеуін дамыту үшін және бағаны тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуді үрдіске айналдырған. Кешегі жексенбіде Алматы қаласы тұрғындары «Астана» алаңындағы жәрмеңкеге ағылып, арзан бағадағы азық-түлікке қарық болды.

Жыл басынан бері Алматы қаласының іргесіндегі елді мекендерде 160 жәрмеңке өткізіліп, онда 303,7 млн. теңгенің тауары саудаланған. Ал Алматы облысының 16 ауданы мен 3 қаласы және «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен ұйымдастырылған жәрмеңкеге 124,2 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінді. Оның 77,9 млн. теңгесіне 73730 келі ет өнімдері, 5,7 млн. теңгеге 9100 келі шұжық өнімдері, 7,6 млн. теңгеге 124905 келі көкөніс, 3,6 млн. теңгеге жеміс-жидек, т.б. адам ағзасына қажетті азықтың бәрі бар.

Алматы облысындағы ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің күзгі жәр­меңкесіне «Жетісу» ӘКК еншілес кәсіпорны «ЖетісуАгроСауда» ЖШС де қатысып, 150-ден астам азық-түлік тауарларын саудаға шығарыпты. Бір айта кетерлігі, мұндағы саудагерлер де осы мекеменің қызметкерлері. «Біз ұйымдасқан түрде өз күшімізбен сауда жасап жатырмыз. Бұл бағаны өсіріп жібермеуге бағытталған бірден бір жол», – дейді олар.

Жетісу» ӘКК-нің «ЖетісуАгроСауда» ЖШС-нің бас директоры Асхат Жакуповты әңгімеге тартқанымызда, ол серіктестіктің бүгінгі таңда атқарып отырған шаруасына тоқталды. «Жыл басынан бері Көксу, Қаратал, Ақсу, Ескелді, Кербұлақ аудан­дары мен Талдықорған, Текелі қалаларында 170 жәрмеңке өткізіп, халыққа арзан әрі сапалы азық-түлік өнімдерін ұсындық. Бұдан бөлек Талдықорған бойынша әр ауданға шығып аптасына бес рет шағын жәрмеңкелер де өткізіп тұрамыз. Серіктестік «Тұрақтандыру қоры» және «Азық-түлік қауіпсіздігі» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында облыс аумағында 57 әлеуметтік дүкендеріміз ашылды. Бұл жерде баға 30 пайызға дейін төмен. Жыл соңына дейін мұндай дүкендерді 80-ге жеткізу жоспарда бар», – дейді «ЖетісуАгроСауда» ЖШС-нің бас директоры Асхат Болатұлы.

Шынында да, жәрмеңкеде баға кәдімгідей арзан. Қызанақ пен қияр – 50, картоп – 45 теңгеден сатылды. Алматы халқы мұндай бағадағы өнімді қаланың шетінде орналасқан «Алтын орда» базарына ғана барып, таба алатын. Айтпақшы, жәрмеңкеге Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов келіп, аралап көргеннен кейін облыс­тан келген кейбір шаруа қожалықтары бағаны әп-сәтте ұшырып үлгерді. Бұны көзбояушылық дейміз бе, әлде… Әйтеуір, сатушының бір ақсақалға «Бұл әкімшіліктің бағасы, ал негізгі баға мынау» деп жатқанын естідік. Не десек те, жәрмеңкеге ерте келген жұрт арзан бағаның азық-түлігіне қарық болып қайтты. Ал «ЖетісуАгроСауда» ЖШС өкілдіктері алдағы жексенбі, яғни қыркүйектің 15-16-ы күндері Астана қаласындағы Сарыарқа ауданында жәрмеңке көркін қыздыра түспекші.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары