ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТЕРМЕ

ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТЕРМЕ

ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТЕРМЕ
ашық дереккөзі
720

«Дін – тәрбие діңгегі» деген қағиданы берік ұстанған халқымыз ғасырлар бойы діні мен салт-дәстүрін, рухани қазыналарын сабақтастыра дамытып келді. «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әзірет Сұлтан» мешіті тек қана құлшылық орны емес, бас мешіт ірі рухани және мәдени-ағарту орталығы болуы тиіс», – деуі арқылы дініміз осы бағытта дамуы қажет екенін меңзеді. Осы орайда «Әзірет Сұлтан» мешіті ғасырлар бойы халқымыздың иманын күшейтіп, рухын биіктете түсуге өлшеусіз үлесін қосып келген тәрбие құралы, қазақы пәлсапа мен данышпандықтың көзі, текті сөздің төресі – термеге бәйге жариялады.

Бір кездерде сайын даланың саңлақ ұрпақтары ұлттық тәрбиеге ұстын еткен, асыл дінімізді насихаттаудың, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, адал ман харамды ажыратудың құралы болған терме жазу шығармашылығы кейінгі кезде тоқырап қалғандай. Әр сөзі мірдің оғындай көздеген нысанаға дөп тиіп, көңіл көзін ашып, шөліркеген рухқа зәмзәм суындай шипа болатын заманға лайық жаңа терме бүгін де керек. Терме мәтіні дінінен, ділінен, тілінен жерігеннің жігерін жанитын, ел бірлігін, жер тұтастығын, әр шаңырақтың ұлы иманды, қызы ибалы болуын насихат етуге тиіс. Сондай-ақ, терме ұлттық болмыс­ты бұзатын жат ғадеттерден жерінтіп, атадан қалған асыл тәрбие мұраларын санамызда қайта жаңғыртуды мақсат етуі ләзім.

Ұсынылатын тақырыптар:

1. «Отанды сүю – иманнан»

2. «Мен – Қазақпын, мұсылманмын әлімсақтан»

3. «Аманат болып жеткен Жер»

4. «Мұхаммед – адамзаттың ардақтысы»

5. «Қазақтың қазақтығы тілінде тұр»

6. «Дәстүрі өлген ұлттар жоғалады»

7. «Ғылымға мойныңды бұр, иманды ұрпақ»

8. «Әлемді селт еткізген ерлер өткен»

9. «Өсиет айттым ұрпаққа»

10. «Азаттығы үшін елімнің, жан менен бас садаға»

11. «Насихат айттым келінге»

12. «Ата-анаңды қадірле тірісінде»

13. «Не жақсы? Не жаман?»

14. «Жақсы адамның мінезі көркем болар»

Бәйге шарттары:

Бәйге терменің жаңадан жазылған мәтініне жарияланады. Жүлделер мәтіннің мағыналық тереңдігіне сай беріледі. Мәтіннің ойы терең, сөзі өткір, терме табиғатына сай болуы ләзім. Таза діни сарында болуы шарт емес. Жаңа мақам және оны жеткізе орындау шеберлігі де ескеріледі. Терме мәтінін жазған адам оның мақамын шығартып, дау­сы келісті адамға орындатуына да болады. Орындаусыз жіберілген терме мәтінінің құр өзі қабылданбайды.

Бәйге талаптары:

Үміткер ұсынылған термені міндетті түрде өзі немесе басқа адамға орындатып, аудио немесе бейнетаспаға түсіріп, осы жылдың 20 қарашасына дейін terme@muslim.kz электронды адресіне жіберуге тиіс. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мешітіне өз қолымен әкеліп табыс етуіне де болады.

Мәтінде шариғатқа және еліміздің Ата заңына қайшы келетін немесе азаматтардың ар-намысына тиетін сөздер болған жағдайда терме қабылданбайды.

Бәйгеге қатысушы міндетті түрде өзінің аты-жөнін, мекен жайын, телефон нөмірі мен электрондық адрестерін де көрсетуге тиіс. Жүлде Астана қаласында өтетін бәйгенің қорытынды кешінде салтанатты түрде табыс етіледі.

Жыл сайынғы бәйгенің үздік термелері жинақ болып басылып шығарылатын болады.

Жеңімпаздарға тігілген жүлде:

Бас жүлде – автомашина;

Бірінші орын – 1 500 000 теңге;

Екінші орын – 750 000 теңгеден (2 адамға);

Үшінші орын – 500 000 теңгеден (3 адамға);

Ынталандыру сыйлықтары (5 адамға) – умра қажылық;

Сондай-ақ:

Ең үздік мақам (3 жүлде) – 150 000 теңгеден;

Ең үздік орындаушы (3 жүлде) – 150 000 теңгеден.

Іске сәт!

Байланыс телефондары: 8 (7172) 422 333, 8 (7172) 422 455

е-пошта: terme@muslim.kz

Серіктес жаңалықтары