ҚАЗАҚСТАН АҢЫЗДАРЫ» САПАРҒА АТТАНДЫ

ҚАЗАҚСТАН АҢЫЗДАРЫ» САПАРҒА АТТАНДЫ

ҚАЗАҚСТАН АҢЫЗДАРЫ» САПАРҒА АТТАНДЫ
ашық дереккөзі
292

Алматыдан бастау алған «Қазақстан аңыздары» атты автоэкспедициясы еліміздің жеті облысының аумағына табан тіреп, кең байтақ жеріміздің сұлу әрі бай табиғатына куә болады. Журналистер мен саяхатшылардан құралған көлік керуені тарихи, мәдени мұраларды бейнетаспаға түсіріп, арнайы фотоальбомды жарыққа шығармақшы.

Шараны ұйымдастыруды қолға алған Қазақ географиялық қоғамы, МЕRСUR AUTO компаниясы және Kino Park кинотеатрлар желісі екен. Мұндағы мақсат – Қазақстанның табиғи және тарихи құндылықтарын дәріптеу арқылы ел азаматтарының отансүйгіштігін нығайту әрі еліміздің туристік әлеуетін басқа мемлекеттерге паш ету. Көлік керуені 16 күнде 12 мың шақырым жол жүріп өтпек. Экспедицияға қатысушылар Жетісудың Алатау және Шыңғыстау тау жоталары арқылы және Алакөл мен Марқакөл көлдерін басып өтеді. Сондай-ақ солтүстік және солтүстік-батысында Наурызым қорығының кереметтері мен әлемдегі ең көне тау – Мұғалжармен танысады. Ал бағдардың батыс және оңтүстік аймақтарында автокеруен қатысушыларын Каспий жағалауының төменгі жерлерінің бірегей ландшафты, «Сарайшық» табиғи кешені, Маңғыстау түбегінің әулие жерлері, Бетпақдала шөлейті және Ақсу-Жабағылы қоры­ғының бірегей фаунасы мен флорасы күтіп тұр.

«Қазақстан аңыздары» экспедициясын ұйымдастыру комитетінің мүшесі Орденбек Мәзбаевтың айтуынша, әлі күнге жасалынбаған туристік реестр, туристік кадастр деген бар. «Өйткені, біз өз үйіміздегі қай заттың қайда жат­қан­дығын білуіміз керек. Сол сияқты ұлан байтақ жерлерді біз мына темір тұлпарлармен өтіп шығып, барлық тарихы, мәдени, әлеуметтік барлық нысандарды тіркеуге алуымыз керек. Одан ары қарай біз батысқа қарай Астанадан Оралға дейін, Жайықпен төмен Атырауға, соның ішінде Берел, Сарайшық, одан басқа Бекет ата басына барып, үстірт арқылы Арал теңізіне шығып, кіші, үлкен теңіздің ортасымен өте отырып, бері қарай Түркістан, Жібек жолы бойымен қайтамыз», – дейді ол.

Жобаға ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы Туризм комитеті, Қазақстан саяхатшылар қауымдастығы, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық университетінің география факультеті қолдау көрсетуде. Автоэкспедиция барысында «Қазақстан аңыздары» атты суреттер жинағын шығарып, деректі фильм түсіру жоспарланып отыр.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары