АУЫЛДАРДЫ «ЖҰТҚАН» АЛЫП ШАҺАР

АУЫЛДАРДЫ «ЖҰТҚАН» АЛЫП ШАҺАР

АУЫЛДАРДЫ «ЖҰТҚАН» АЛЫП ШАҺАР
ашық дереккөзі
202

Бүгіндері Шымкентті елдегі үшінші қалаға айналдыру мақсатында жергілікті билік тарапынан жан-алысып, жан беріскен қарбалас жұмыстар жүргізілуде. Себебі Елбасының өзі осы мәселені қадағалауға алып, өңірге сапарлап келген сайын осындағы лауазымды басшыларға шаһар халқының санын миллионнан асыру мен тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасау керектігі жайлы тапсырмалар беріп келеді. Осыған сай қаланың ығы-жығы ескі орталығын басқа жаққа көшіру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан-ды. Ақыры қаланың Бас жоспары Үкімет тарапынан мақұлданғаны сол екен, әкімшілік орталықты қаланың шеткері тұсына ауыстыру жұмыстары басталып та кетті.

Әйткенмен қала орталығы «Қайтпас-1», «Нұртас», «Мирас» мөлтекаудандарының бос жатқан жерлеріне қарай ауысады дейтін хабар тарағалы бері жергілікті халықтың дегбірі қашып, ел арасында сан түрлі ақпарат тарап жатыр. Біреулері 350 үй мемлекет қажеттілігі үшін алынады екен десе, енді бірі мыңдаған үйлер қиратылады екен деп мәселені ушықтырып жатқан көрінеді. Біз осы мәселенің басын ашып, халыққа шынайы ақпарат жеткізу мақсатымен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Әшірбаевпен кездесіп, мән-жайды сұраған болатынбыз.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, ешқандайда мыңдаған, жүздеген үйлер бұзылмайды екен. Жаңа тұрғын-үй кешені мен әкімшілік іскерлік орталығы деп аталатын жаңа ауданның бой көтеруі үшін қажетті аумақта орналасқан 55 үй ғана мемлекет мақсаты үшін алынбақ. Және де оған мемлекет өтемақы төлеп, сатып алатынын ескерте кеткен жөн. Мемлекет тарапынан құрылған бағалаушы компания әр үйдің, әр жер телімінің қазіргі нарықтық бағасын есептеп, қорытындысы бойынша иелеріне қаржылай өтемақы төленбекші. Егер үй немесе жер телімінің иесі мемлекет белгілеген бағамен келіспейтін болса, тәуелсіз бағалаушылардың қызметіне жүгініп, сол арқылы сотқа шағым түсіре алады. «Әр үйдің егесі жерінің көлеміне, үйінің сапасына, біткен-бітпегеніне қарай әртүрлі көлемде ақша алулары мүмкін. Бұл жағдайға тұрғындар түсіністікпен қарағандары жөн», – дейді Б.Әшірбаев.

Сондай-ақ неліктен нақ осы аудандардың жері таңдалып алынғаны туралы да түсінік бере кетті. Сөйтсек, бұл аймақта құрылысы жүріп жатқан нысандар өте аз екен. Және де дөңестеу біткен жер бедері жаңа орталықтың кәріз жүйесін жүргізу үшін ерекше тиімді болған. Бақытжан Әшірбаев жаңа тұрғын үй кешені мен әкімшілік іскерлік орталығы қаланың жаңа бас жоспарына қатысы жоқ дегенді де айтып қалды.

Бүгіндері 1.5 мың гектар аумаққа жобаланған жаңа орталықта салынуы тиіс бірнеше нысанның құрылысы әне-міне дегенше басталып та кетіпті. Мәселен кітапхана, драма театр, әкімшілік ғимараттарының алғашқы кірпіштері қаланып үлгерген. Қала әкімінің орынбасары облыстық, қалалық әкімдіктерге қарасты ғимаратты жалға алып жұмыс істеп жатқан мекемелер осында көшірілетін айтты. Сондай-ақ, қаланың айналасына жағалай 210 гектар жерге ағаш отырғызылып, жасыл белдеу жасалмақ.

Шымкент қаласы Бас жоспары негізінде мемлекет қажеттілік үшін және мемлекеттік маңызы бар нысан құрылысын салу бойынша қала әкімдігі Шымкенттің қақ ортасымен өтетін Қошқарата өзенінің маңайындағы ескі үйлерді де бұзбақшы. Мемлекет қажеттілігі үшін алынатын үйлердің саны 170 болса, 4-уі жекеменшік нысан. Осылайша қала басшылығы Шымкенттің шырайына шырай қоспақ ниетте. Халықтың тілейтіні әкім-қаралар берген уәделерінде тұрып, өтемақыларын кешіктірмей, әділ түрде үлестіруі. Үй мен жер бағасы күн санап қымбаттап бара жатқан заманда бас­пана мәселесі кім-кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық.

Үшінші қала атанғысы келіп, жанталасып жатқан Шымкент ақырғы жылдары маңындағы ауылдарды ерікті де, еріксіз құрамына қосып алуды әдетке айналдырған. Жуырда ғана қабылданған Бас жоспар бойынша тағы да ондаған ауылды «жұтып» қойыпты. Мәселен Ордабасы ауданынан 2 ауыл қала территориясына кіргізілсе, Сайрам ауданына қарасты 29 ауыл Шымкент құрамына өткен. Өзінің қотырын қаси алмай жүрген шаһар суы да, нуы да, тіпті жолы да жоқ, «Ильич шамынсыз» отырған қала ішіндегі шағын елді мекендердің күрмеуі тоқсан мәселелерін қашан шешіп беретінін өздерінен басқа ешкім де білмейді.

Шымкент басшылығының сөзіне сенсек, таяу жылдары облыс орталығы адам танымас­тай өзгереді екен. Мұндай сөздерді, мұндай уәделерді бұған дейін қаланы басқарған әкімдердің барлығы түгел дерлік айтқаны есімізде. Алайда Шымкенттің қаладан гөрі ауылға айналып бара жатқанын сырт көз көп айтатынды шығарды бүгіндері. Бас жоспар бекітіліп, маңайдағы қосылған ауылдар енді өздерін қаланың бір бөлшегіндей сезінетін кез әлі тым алыс секілді. Себебі қаланың өз мәселелері толық шешілмей жатқалы қашан.

Анығын айту керек, Шымкентке ішкері еніп жатқан шашыраңқы елді мекендердің, шағынаудандардың санынан жаңыласың. Санамалап көрейікші, «Нұртас», «БАМ», «Бозарық», «Самал – 1, 2, 3», «Қайтпас – 1, 2», Қазығұрт, Сәуле, Шапағат, Пахтакор, Наурыз, Чапаевка, Фосфор, Қорғасын зауыттарының аймағы, аэропорт маңы, Қатынкөпір, Қайнарбұлақ саяжай аймағы, Бадам, Қошқарата өзендері бойында шашырап жатқан, ішкі және сыртқы ауылдар. Баяғыда-ақ қала ортасында қалып кетсе де, шаһар талабына сай келмейтін көшелер, орамдар, теміржол вокзалы, ескі автовокзал, цемент, шифер, фосфор зауыттары айналасы, қаланың орталығындағы 112-орам, Түркістан көшесі бойындағы үйлер осылай тізіліп кете береді.

Анығын айту керек, шымкенттіктердің дені қаланың ескі бөлігінде шоғырланған. Ал қалаға кіретін ауылдарда жол, көлік, жылу, жарық, газ мәселелері толық шешілмеген. Жуық арада шешіле қоюы да екіталай. Қала басшылығы «шешеміз» деуден бір танбайды. Бұлай уәде беріп келе жатқандарына ондаған жыл болды. Жыл он екі ай тұрғындар тарапынан дау туындайды да жатады. Өйткені кезінде төңіректегі жерлерді қалаға қосып, мыңдаған жер телімдері оңды-солды үлестірілген. Сөйтіп қала сол тұста ұзынынан да, көлденеңінен де есепсіз өсіп шыға келген-ді.

Осылайша Шымкент жақын маңдағы елді мекендерді «жұтуды» еш тоқтатар емес. Шымкенттіктерден гөрі «суб-шым­кенттіктердің» саны көбейе бастаған. Түсінуімізше, өңір басшылығы «Үшінші қала» мәртебесін иелену үшін жан-жағындағы ауыл аймақтарды құрамына қосып алып, осылайша миллионға жетпей жатқан бір-екі жүз мың халықтың орнын толтыруды мақсат тұтқан. Егер қаланың өз ішіндегі игерілмей, қаңырап жатқан бөліктері ретке келтіріліп, тұрғын үйлер салынып, тиімді инфрақұрылым қалыптасып, жұмыс орындары көптеп ашылып жатса, шеттегі елді мекендерді қоспай-ақ, қала халқының саны еселеп артар еді ғой деп пайымдаймыз. Елбасы үшінші қала мәртебесіне ұмтылу қажеттігін айтқан кезде әйтеуір қалай болса да халық санын көбейтіп, ондағы халықты адам төзгісіз жағдайда жылдап тастап қоюды тапсырмағаны, қайта Шымкентті өркениетті қалаға айналдырып, ең бірінші кезекте халыққа жайлы жағдай жасауды, елдің наласына қалмауды бұйырғаны анық. Амал не, батыстық үлгідегі «Шымкент-ситиге» айналғысы келетін Шымкент әлі күнге ескі рабат қалпынан шыға алмай келеді…

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары