ҚАЗАҚЫЛЫҚҚА БЕТ БҰРҒАН ӨСКЕМЕН

ҚАЗАҚЫЛЫҚҚА БЕТ БҰРҒАН ӨСКЕМЕН

ҚАЗАҚЫЛЫҚҚА БЕТ БҰРҒАН ӨСКЕМЕН
ашық дереккөзі
219

Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн мемлекеттiк басқару тетiгiн әкiмшiлiк жүйе алмастырғаннан берi билiктiң бұл бұтағында кiмдер отырып, кiмдер ұшпады. Аудандар мен шағын қалаларын басқарғандарын тiзбектеп, шаршамай-ақ қоялық. Асығы алшысынан түсiп, бiлдей облыстың тiзгiнiн ұстағандардың өзiн түгендегенде есептен жаңыла беретiн болдық. Жастар жағын қайдам, етек-жеңiн жиған егделер есiнде кезiнде елi үшiн еңбек еткен елеулiлерi мен басына қонған бағын мемлекеттiң ен жатқан байлығынан басып қалуға пайдаланған ашқарақтарын естерінде ұзақ сақтайды. Яғни жақсы жақтарымен танылғандары мен жаман аты шыққандарын жады ескiргенше ұмытпайтыны анық. Қауымның жағдайын жасаған жайсаңдарын жарыса ауызға алады. Ал шекесi жарқырап, атқа мiнген шендiлердiң тақымына түскен тақты ұрты мен мұртын бiрден майлауға жанталасқан дүниеқоңыздарын ағаш атқа мiнгiзiп жiбередi. Тiптi бiреулердiң қағазға орап апарған күйген кiрпiштi “Құдай бердi” мол сияпатқа балап, үстелiнiң суырмасына сүңгiте салған әкiм жөнiнде де сыбай сөз кезiнде желдей есiп едi. Кiм бiлiптi, рас та шығар. Шөптiң басы бекер қимылдамайды.

Жалпы дәуренi жүрiп тұрған шенеунiктердiң бәрi бiрдей емес. Әрқайсысы ел аузына әрқалай iлiгедi. Мәселен, Оңтүстiк Қазақстан облысын басқаруда тәуелсiздiктiң 20 жылы iшiнде тоғыз әкiм таққа мініпті. Солар туралы халықтың әңгiмесiне құлақ түргенде Бердiбек Сапарбаевқа қатысты жылы лебiздiң салмағы әрiптестерiнен басым түсiп жатады. Жақсы iстерiн ұмытпай санамалап, тiзбелеп тәптiштейдi. Атына шаң жуытпайды.

Шындығында, “халық айтса, қалп айтпайды”. Оңтүстiк жұртшылығы облысқа әкiм болып тағайындалғанда Бердiбек Сапарбаевтың өзiне дейiн көгiлдiр отыны сарқылып, электр жарығы сөнiп қалған аймақты айналасы 2-3 айда тығырықтан алып шыққанын әлi күнге жырға айналдырады. Бары-жоғы 2 жыл ғана тiзгiнiн ұстаған өлкенiң көзiн тауып, тасын өрге домалатты. Бiрақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында облысты тап болған қиындықтан құтқарған қоғамшыл, көпшiл, iскер әкiм оңтүстiктiктердiң маңдайына ұзаққа жазбапты. Оңтүстiкте қиюы қашқан тiрлiк ендi оңала бастағанда оны Астанаға алды да кеттi. Артынан “iшiп қойды, жеп қойды, мемлекет қаржысын оңды-солды талан-таражға ұшыратты, жердi бей-берекет сатты, өзiне ана тойхананы немесе пәленбай коммерциялық нысан салып алды” деген сияқты абыройына шiркеу түсiретiн қауесет ермедi. Облысты басқарып кеткен әкiмдердiң iшiнде елдiң барометрi – халық пiкiрiне құлақ салсақ, соңынан артық-ауыс бейсауат сөз iлестiрмеген де осы Бердiбек Сапарбаев болар. Оңтүстiктегi беймаза орнынан қалай кеткенi беймәлiм болып қалған ол елордада президенттiң айналасында бiрқатар елеулi де, көзге түспеген де лауазымдарды бiрнеше елеусіз жыл атқарып жүрдi де, жағдайының мәнi болмай тұрған Шығыс Қазақстан облысының әкiмi болып қайта атқа қонды. Расында да, дәл осы кезде бұл өңiрде бұрын-соңды болмаған қатал қыс қаһарымен қысып тұрған едi. Қас қылғандай, қақаған аязда iстен шыққан жылу, су жүйелерiнiң мәселесi Семей жұртын улыған-шулыған еткен жайсыз хабар да бүкiл елге тарап жатты. Аралары күншiлiк жер аудандарында да бас көтертпеген алай-дүлей борандарын, одан қалды көктемде ауылдарын шайып кеткен көл-көсiр тасқынды да телеарналардан көрiп, газеттерден оқыдық. Шығысымыздағы халыққа қиямет-қайымдай салмақ салған осы ауыртпалықтардың ақтүтек бел ортасында саптама етiгiмен толарсақтан қар мен су кешiп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Бердiбек Сапарбаевты төрiмiздегi “көк жәшiктен” талай көз шалды. Әрине, қиыншылықта жұрт арасында, оқиға ортасында болу әкiмнiң тiкелей мiндетi екенi анық. Дегенмен қатерге тап болған көпшiлiктiң жанында дер кезiнде болу және жұртты қалайда шарасыздықтан шығар жолдарын бел шеше ұйымдастырып, күйзелген шаруасын жөндей бiлу екiнiң бiрiне бiте бермеген өрлiк те, халықшылдық қасиет.

Жақында жеке шаруаммен Шығыс Қазақстан облысының Көкпектi, Ақсуат, Тарбағатай, Зайсан, Қотанқарағай аудандарында, Өскеменнiң өзiнде болуға жолым түстi. Сол кезде тiлдесуге сәтiн салған тұрғындары әдейi тiктеп сұрамасам да, Бердiбек Сапарбаевты маңдайларына бұйырған нағыз iскер басшы ретiнде бағалайтыны айқын сезiлiп тұрды. Тәуелсiздiгiмiздiң бастапқы жылдарында-ақ дандайсыған орыс­тар “Қазақстаннан бөлiнiп, Ресейге қосыламыз” деп шала бүлiнiп, шатақ шығарған Өскеменде қазiр қазақылықтың иiсi аңқи бастағанына да көзiм жеттi. Сапарбаевтың Оңтүстiк Қазақстанда жетекшiлiк етiп тұрғанында тағы бiр иманды, ұлтжанды тiрлiгi – облыста iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзуге республикада бiрiншi болып көшiруге бастама көтерiп, ресми түрде қаулы қабылдаттырғаны да ойға оралды.

Елiмiздiң егемендiгiн еңсертетiн, көсегесiн көгертетiн осындай шоқтығы биiк әкiмдер көп болса екен деген тiлекпен қайттым, шығыс жақтан.

Қазақылана бастаған Өскеменнен елге оралғаныма да көп өте қойған жоқ едi, республиканың бүкiл ақпарат құралдары Шығыс Қазақстан облысының орталығында бұрын-соңды аймақтарда теңдесi болмаған, бiр мезгiлде үш мың мүмiн өзi сүйген Алласына құлшылық ететiн зәулiм мешiт ашылғанын жарыса жазып жатты. Мұндай ғажап имандылық үйiнiң тұрғызылуына орысы көп өңiрдiң басшысы ұйытқы болғанын да естiдiк. Бұл да көпшiл Бердiбек Сапарбаевтың халыққа сауап iс жасауға жақын жүретiндiгiн бiлдiрсе керек. Қалай десек те, ол өзiне тапсырылған қандай iсте де бастамашылдығын, жаңашылдығын көрсетiп келедi.

Жеңiс БАҺАДҮР

Шымкент қаласы

Серіктес жаңалықтары