АУЫЛДАН ҚАЛАҒА АМАЛСЫЗ АҒЫЛҒАНДАР

АУЫЛДАН ҚАЛАҒА АМАЛСЫЗ АҒЫЛҒАНДАР

АУЫЛДАН  ҚАЛАҒА АМАЛСЫЗ АҒЫЛҒАНДАР
ашық дереккөзі

Биылғы жаз айлары мен үшін өте әсерлі болды. Өйткені қазақ елінің алты облысында тұратын ағайын-туыстарды аралап келдім. «Бармасаң, келмесең, жат боларсың», деген атам қазақ.

Кеңес Одағы ыдырағаннан соң, әлеуметтік деңгейі күрт нашарлап, тоз-тозы шыққан ауыл халқының әл-ауқатын көтеру мақсатында Елбасының 2003-2005 жылдарды «Ауылды қолдау жылдары» деп арнайы жариялағаны баршамызға мәлім. Ауыл экономикасын көтеру үшін 3 жылға мемлекет бюджетінен арнайы түрде 150 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Алайда, қазақ жеріндегі ауылдардың көбі әлі күнге қиын-қыстау күн кешуде. Ауылды қолдау одан кейін де үзіліп қалған жоқ.Бірақ нәтиже жоқтың қасы. Жамбыл облысы, Көктал ауылының тұрғыны Садықов Нартай ағамыздың айтқаны жүрегіме қатты батты. «Әркімнің кіндік қаны тамған өңірі жердің жәннаты болғандықтан, жүрегіне нұр ұялатып, көкейіне сағыныш нәрін егетін туған жер кімге де болса ыстық. Сондықтан ауылды тастап, жыраққа кеткің келмейді. Бірақ жастарға жұмыс жоқ, ақша жоқ. Ауылда табысы барлар тек әкім-қаралар мен мектеп ұстаздары мен дәрігерлер ғана.

Басқа халықтың ешбірінде де жұмыс жоқ. Біз сияқты үкіметтен көк тиын алып көрмеген, зейнеткерлікке жасы жетпеген, 50-60 жас аралығындағы адамдардың елден алған қарызы шаш-етектен.

Қыста отын сатып алуымыз керек, көмірдің тоннасын 12 мың теңгеге сатып алсақ, оны қаладан ауылға жеткізіп бергені үшін 3 мың теңге төлейміз. Ал бір қыстан шығу үшін бір тонна көмір жетуші ме еді? Жарық, телефон байланысы, жер мен үйдің салығы, ішкен ас пен киген киім тағы бар. Көктемде 5 тонна картоп ексем, одан сатқан өнімім жыртығыма жамау болмайды. Тек мал өсіріп қана жан сақтап отырмыз, балам. Мал сатқан ақшадан нан-пұлымызды айырып, бағасы удай қымбат болса да, жанар-жағар майымызды табамыз. Өз қолымызда болмағандықтан техниканы жалға аламыз. Техниканың жетіспеушілігінен оған деген сұраныс та көп. Кезекте тұрып қолымызды әрең жеткіземіз. Трактор иесі бір гектар жер айдап бергені үшін 5 мың теңге алады. Қалаға апарып, өндірген картобымызды сатсақ, оның әр қабына 400 теңге төлейміз. Төлемесең, полицейлер жүгіріп келіп, қабыңды тартып алады. Одан да беріп құтылайын деп ойлайсың.

Шынымды айтсам, Таразда жоғары оқу орнында оқып жүрген қызыма ақша тауып бере алмай қиналамын. Қатарынан кем қылғың келмейді. Бұл тек қана мен емес, барлық ауыл халқының басындағы жайт. Осылай түкпір-түкпірдегі, шалғайдағы ауылдардың ешбірінің көсегесі көгергенін мен естігенім де, көргенім де жоқ,» – деп қапаланады көкеміз.

Қазақ халқы мұндай ауыр күйге қалай түсті? Меніңше, өткен XX ғасырдың екінші жартысында қазақ елі біртіндеп қалалық ұлтқа айналуға толық мүмкіндігі бар еді. Алайда Кеңес Одағының төлқұжат тәртібі (прописка) ұлттың көпшілік бөлігін шағын ауылдарға тарыдай шашыратып тастады да, қалаға көшуге тыйым салды. Кезінде Мәскеудің қаладағы қазақтың үлесін 12 пайыздан асырмау туралы нұсқауы да болғаны ешкімге құпия емес.

Сонымен қазір10 млн. қазақтың тең жартысы 8 мыңға тарта үлкенді-кішілі ауылдарда нарықтан, техникалық дамудан, түрлі қызмет түрлерінен, динамикасы жылдам мәдени-ғылыми өмірден сырт қалып отыр. Ал 600-ге жақын ауылдарда жасы ұлғайған қарт кісілер мен 50-60 адам ғана қалған. 5000-ға тарта ауылда ауыз су үлкен проблемаға айналған, 2000-нан аса елді мекенде телефон жетімсіз немесе дұрыс тартылмаған. Ауылдардың іші-сыртындағы тас жолдардың қандай жағдайда екенін көбіміз көріп жүрміз. Ал ондағы ағайынның, әсіресе ауылдағы ана мен сәбилердің денсаулығы – бөлек мақаланың жүгі.

Қалаға келген ауыл адамдарына бас­пана алу немесе пәтер жалдау үшін берілетін арнайы әлеуметтік төлем туралы Үкіметте не Парламент қабырғасында сөз қозғалған емес, қозғалмайды да. Үкіметтің «аграрлы жұрт боламыз ба? Халқы қалаға шоғырланған мобильді мемлекет боламыз ба?» деген сұрақтарға жауап іздейтін түрі көрінбейді. Осындай жайбасарлықтың кесірінен 20 жыл ішінде қаладан баспана тауып, нақты орналасқан халықтың саны 400 мыңнан әрең асып жығылыпты. Есесіне, қаладан 1млн. адам шетелге көшіп кетіпті. 1990 жылы қала халқы жалпы жұрттың 56,5 пайызын құраса, 2012 жылы (тіркеуде тұрғандары) бұл көрсеткіш 57 пайызды құрапты.

Ауылдардан Астана мен Алматыға жұмыс іздеп ағылған жұрттың санында есеп жоқ.

Бір қарасаң, кәсіпкерлік, инженерлік өнерді игеру тұрғысында қала тұрмысы қазақ халқының екінші тынысын ашып, бұғып жатқан қабілеттерін оятуы мүмкін еді. Алайда, олай болмай шықты. Ал қыр өмірінің мүмкіндігі қазіргі заманда өте шектеулі. Мектептерде мұғалім жетіспейді. Мәдениет үйлерінде ешқандай үйірмелер жастармен жұмыс істемейді. Клубтар жабық, болмаса бәрі жекешеленіп кеткен.

Тәжірбиелі инвесторлар ауыл ша­руашылығының жарымжан инфра­құрылымын көріп тұрып, ақшасын желге шашпайтыны тағы анық. Саяси партиялар, жастар ұйымдары, спорт мекемелері ауылға барып, тұрақты түрде жұмыс істемейді. Қалай десеңіз де, ауылдағы қазақтың тұрмысы бүгінгі өмір талаптарына лайық болып тұрған жоқ. Керісінше, тағы сол тарихи мешеулікке бастап тұрғандай көрінеді маған.

Ауылдардағы 5млн. қазақтың көбі неліктен жұмыссыз жүргенін білу қиын емес. Бірақ үкімет бұл жұмыссыз халықты жылына мөлшермен 1сиыр, 5-6 көтерем лағын сатып, нан-шайын айырғаны үшін «үйіңе ақшалай табыс кіргізіп отырсың» деп жұмысы бар адамдар қатарына жатқызып қойған.

Сондықтан статистика агенттігінің «үй шаруашылығында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар 70 пайыз» деген мәліметіне сүйеніп, ауыл халқының 70 пайызы жұмыссыз деуге толық негіз бар. Сол себепті де, ауылдағы жалақы 2010 жылы 15500 теңге, 2011 жылы 17000 теңге, 2012 жылы 20800 теңгені құрапты. Осы болар-болмас нәпақамен ауылдағы қалың жұрт қалай дамиды, қалай денсаулығын күтеді, ұрпағына қайтып сапалы білім береді? Мұндай жарымжан тіршілікпен қанша уақыт күн кешеді? Осылайша құр күн көріспен ғана отырған ауыл халқының 48 пайызының табысы күнделікті тамақтан аспайды.

Қалған 52 пайызының ақшасы екі-үш жылда бір рет өзінің және бала-шағасының киімін жаңалауға ғана жетеді. Электроникалық тауарлар мен тұрмыс техникасын алуға ауыл халқының 3 пайызының ғана күйі барға ұқсайды. Ат төбеліндей 1 пайыз жұрт қана: әкім-қаралар мен кәсіпкерлер тұрмыс таршылығын сезінбейді. 20 жылдан бері ауыл халқының психологиясында әлеуметтік нигилизм тереңдей түскен. Ауыл тұрғындарының бизнеспен шұғылданып, қомақты пайда тауып, байып кететініне, түрлі қорлардан немесе банктен несие алып, ол қарызды түгел қайтара алатынына еш сенімі жоқ. Өйткені әкімшілік пен банктерде құжат рәсімдеу, қожалықтың көптеген шаруаларына рұқсат алу тек пара беру арқылы ғана шешіледі деген пікір жұрт санасына берік орнаған. Бұл ауыл халқының жаңсақ түсінігі емес, бұл барша шаруа ақшасыз шешілмейтініне күнделікті көзі жеткендердің бойында мызғымастай қалыптасқан өмір шындығы.

Ауылдағы қордаланған мәселелер мен күрмеуі шешілмеген тұрмыс пен қаладағы баспана табу, жер алу қиындықтарын, орыс тілі мен бюрократияның ожар үстемдігін ескерсек, ұлттың «алды мұз, арты жар» болып тұрғанын көресің. Жаңа қатынастарға негізделген инновациялық-индустриалды қоғам құрудан едәуір кешіккен халықтың 30-40 жыл ішінде ұлт ретінде дамуы кенжелеуі ықтимал. Өйткені елімізде барша халықты мәдени-тілдік тұрғыда біріктіру, түрлі этностарды араластырып қоныстандыру, сөйтіп Қазақстан халқын тұтастандыру саясаты жүргізілмей отыр.

Соның салдарынан басқаны бұлай қойғанда, Астананың айналасындағы Қоянды, Талапкер, Қосшы елді мекендерінде кім қалай қаласа солай үй сала бергендердің көбі өзіміздің қаракөздер. Тіпті, көше мен қорған жоқ, базар, полиция пункті, аурухана, дәріхана, дүкен жоқтың қасы, ішетін су татымсыз, инфрақұрылым қалыптаспаған. Заңсыз үй салып алғандар қаншама. Мұндай жағдай еліміздегі барлық қалалардың іргесінде де қалыптасып отыр. Мұның бәрін билік білмей отырған жоқ. Жалпы елімізде аса құзырлы орган құрылып, ол өкілетті орган ретінде ұлттың қалаға бет алған көшін белгілі бір дайындықпен күтіп алып, жұмыспен қамтамасыз етуі, мейлінше ыңғайлы орналастыруы керек.

Сол баяғы келмеске кеткен Кеңес Ода­ғының қазақты аграрлық, ауылдық ұлтқа айналдырып, сол беті бытыраған басын қоспай қараңғы қырда, өркениет пен на­рықтан сырт, шулы да думанды өмірден жырақта ұстау саясатын қазіргі билік жалғастырып отырған сияқты көрінеді маған.