АСТЫҚ ҮШІН тағы да айқас

АСТЫҚ ҮШІН тағы да айқас

АСТЫҚ ҮШІН тағы да айқас
ашық дереккөзі
380

Жуырда Ауылшаруашылығы министрлігінде өткен брифингте биылғы егін орағы жайында біраз әңгіме айтылды. Ашығын айтсақ, министрлік өкілдерінің келтірген деректері көңіл қуантарлық емес. Еліміздегі 16,5 миллион гектар жердің 15,6 миллион гектары ораққа ілініп, ал 600 мың гектардан астам астықты алқап жазғы алапат ыстықта құрғақшылық қыспағында қалып, күйіп кеткен.

Еліміздегі жарамсыз егістік алқабы 190 мың гектардан асады екен. Олардың сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 100 миллион теңгені құрайды. Құрғақшылықтан зардап шеккен егістік алқабы сақтандырылған барлық аумақтың 10 пайызын құрайды екен. Сақтандыру компаниялары сәйкес сақтандыру төлемдерін төлейтін болады. Солардың жартысын мемлекет қаржыландырады.

Министрліктің жауапты хатшысы Евгений Аманның мәліметіне сүйенсек, күні бүгінге дейін жалпы егістік алқаптың 40 пайыздан астам астығы жиналған. «Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер 6,3 миллион гектар жердің астығын жинап үлгерді. Қазір 4,7 миллион тонна астық бастырылды. Әр гектардан орташа түсім 7,4 центнер»,– дей келіп, егін жинау науқанына шаруашылықтарға барлық жағдай жасалынғанын, әсіресе жанар-жағар май жеткілікті мөлшерде берілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ олардың қуаңшылыққа байланысты қыстық мал азығы мен жем-шөп әзірлеу жұмыстарына да дизелдік отынның қосымша мөлшерін арзандатып беру өтініштері де Үкімет тарапынан қарастырылып жатқанынан хабардар етті. Жауапты хатшы биылғы науқанға бөлінген жанармайдың жалпы мөлшері 410 мың тонна құрағанын, оның 200 мың тоннасы кәсіпорындарға бөлінгенін, дизель отынының 1 литрі – 81 теңгеден сатылғанын, бұл нарық бағасымен салыстырғанда 10 пайызға төмен екенін де айта кетті.

Ендігі мәселе астықтың сатып алу құнында болып тұр. Министрлік өкілі журналистердің осы жөнінде қойған сұрағына бұл мәселенің де шешілгенін жеткізді. Биыл астық түсімінің аздығына байланысты министрлік астық сатып алу құнын әр тоннаға 40 мың теңге деп бекіткен. Бұл былтырғы 25 мың теңгеден әлдеқайда жоғары екені көрініп-ақ тұр. Министрлік Үкіметтің астықты мемлекеттік ресурстары үшін сатып алу құнын 3 класты бидай үшін тоннасына 40 мың теңге (ҚҚС есебімен), 4 класты жем-шөп бидайы үшін 36,0 мың теңге, ал 2 класты арпаның тоннасын 32,0 мың теңгеден бағалауды бекіту туралы қаулы жобасын әзірлеп, тиісті мемлекеттік органдардың қарауына берді.

Қазақстан астық экспорттаудан әлемге танылған держава. Бізде шет елдерге астық тасымалы Каспий теңізі мен құрлық арқылы жүргізіліп келеді. Негізінен тасымалдың басым бөлігі құрлық теміржолдары арқылы алыс елдерге жеткізілуде. Мұның да қазірге дейін қиыншылықтары аз болған жоқ. Әсіресе тасымал жағы. Өзіміздегі астық тасымалына арналған вагондар саны мүлдем аз және ескірген. Бүгінгі күн талаптарына жауап бере алмайды. Соның салдарынан экспорттық астықтың көлемін арттыра алмай келдік. Соңғы екі, үш жылда бұл мәселемен Үкімет түпкілікті айналысып, биыл оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. «Технотранс» Жауапкершілігі шектеулі қоғам Стаханов вагон құрастыру зауытымен келісім меморандумына қол қойып, жаңа типтегі 19-970-01 астық тасымалына арналған 900 вагонды сатып алатын болды. Бұл вагондардың жүк сыйымдылығы 110 шаршы метр. Қазір заводта тапсырысты орындау толық жүруде. Алдағы қыркүйек айында құрастырылған вагондардың алғашқылары Қазақстанға келе бастайды да, келер жылдың үшінші тоқсанында барлық тапсырысты толық орындап шығу қолға алынған.

Вагондарды сатып алу инвестициялық бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. 2015 жылға дейін 3 мың вагонды сатып алу мен тасымалда қолдану көзделінуде. «Технотранс» ЖШҚ Қазақстан астық одағының мүшесі. Бұл компанияның басшылығына астық тасымалына арналып жабдықталған 3200 вагоны бар парк қарайды. «Технотранс» ЖШҚ былтырдан бері еліміздің астық экспорттаушыларын мыңға жуық вагондармен қамтамасыз етті. Ведомствоаралық комиссия 19-970-01 жаңа типтегі вагондардың сапасын өте жоғары бағалаған. Бұл вагондардың астық сыйымдылығы бұрынғыларға қарағанда барынша үлкейтілгенін ерекше атап өтті. Техникалық жағынан жетілдірілген вагондар алыс елдерге астықтың бір дәнін де түсірмей жеткізе алады екен. «Стаханов вагон құрастыру зауытының» бақылау кеңесінің төрағасы Эдуард Мисевр: «Біз шығарған өнімдер бәсекеге қабілетті ғана емес, әлеуетті тапсырыс берушілердің талғамынан шығуы керек. Сондықтан да біз тапсырыс берушілермен вагон сапасы жөнінде әрдайым кеңесе отырып, техникалық жағынан ұдайы жаңартып отырамыз»,– дейді.

Сонымен келесі жылдың егінін экспорттау кезінде вагон тапшылығы болмайтынына «Технотранс» ЖШҚ кепілдік беріп отыр.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары