АКАДЕМИКТІҢ ЕР-ТОҚЫМЫ ТАБЫЛДЫ
АКАДЕМИКТІҢ ЕР-ТОҚЫМЫ ТАБЫЛДЫ
Әйгілі ғалым Қаныш Сәтпаевтың ер-тоқымы табылды. Ер-тоқымды тауып, облыстық мұражайға өткізуге мұрындық болған Павлодар облысының тұрғыны көрінеді. Павлодар облысы, Теңдік ауылының тұрғыны Тастемір Шашенов тауып алған ер-тоқымын ойланбастан Баянауыл ауданында орналасқан Сәтбаев атындағы мұражайға тапсыруды жөн санапты.
Сәтбаев атындағы мемориалды мұражайдың директоры Үміт Сағымбекова: «Бұл – өте ертеректе жасалған ат әбзелі. Ер-тоқым осыдан екі ғасыр бұрын кәдуілгі қайыңнан жасалған деген болжам жасап отырмыз. Оюлары күміспен бедерленіп, үсті киізбен қапталған», – дейді.
Директордың айтуынша: «Ер-тоқымды мұражайға табыстаған Тастемір ағаның қарындасы Қаныш Сәтбаевтың туысына тұрмысқа шыққан екен. Ер-тоқым ұзақ уақыттан бері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Ақырында Тастемір ағамыздың қолына тиеді. Біздің ойымызша, бұл ер-тоқымды академик Қ.Сәтбаев қана емес, оның әкесі Имантай да пайдаланған деуімізге негіз бар. Осы уақытқа дейін академиктің балалық шағынан қалған бір де бір дүние болмаған еді. Егер ер-тоқым академикке тиесілі болған жағдайда, бұл біз үшін үлкен сый болмақ», – дегенді айтады. Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Қаныш Сәтпаев атындағы мемориалдық мұражай 1967 жылы ашылған екен. Содан бері академиктің 3190 құнды дүниесі көрмеге қойылыпты. Олардың қатарында академиктің фотосуреттері, құжаттары мен ғылыми жұмыстары және жеке пайдаланған заттары да бар.
Едіге БЕКТАС