АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ НЕМЕСЕ АҒА ЖАЙЛЫ СЫР

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ НЕМЕСЕ АҒА ЖАЙЛЫ СЫР

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ  НЕМЕСЕ АҒА ЖАЙЛЫ СЫР
ашық дереккөзі
200

Өткен ғасырдың сексенінші жылдардағы ұлттық мінез-құлық пен бүгінгі қазақтың иман-шартын еш салыстыра алмайсың. Айырмашылық көпе-көрінеу көрініп, көзге ұрып тұрады. Бұл – өркениеттің ізі.

Кеңестің «кемелденген» тұсы деп айдар тағылғанымен, ол кезде де халқымыз «жағасы – жайлауда, шалғайы – етекте», кең қолтық кейпінде жүрген екен.

Ең әуелгі болмыс-бітімнің өзгеруіне ықпал еткен нәрсе – меншік санасының оянып, оның бүгінгі әлеуетті де «әдемі» әлеуметтік реңге айналуында. Әрбір көкіректе «мендік дүние» орнығып, Тауман Амандосов ағамыз өлгенінше жауласып кеткен «боржуазиялық» пиғыл пісіп-жетілді.

Осы бір ниет ауқымын ұлғайтып, ұжымдық, тіпті, қоғамдық ақыл-ойға ұласып бара жатыр. Көңілге қонбайтыны – халықтың бір тектес ойлайтыны. Ол – бас пайдасы, жеке күнкөрісі.

Өзінің қоңыз тірлігінен кейін барып, шамасы келсе, төңірегіне назар салады. Жан-жағындағыларға назар аударғанда да, әуелі мұрнын шүйіріп, менсінбей қарауы мүмкін. Кембағал бейшара тұрғысында көріп, мүсіркеуі де ғажап емес.

Мұндай мешеу көзқарас адамшылықтың ара-жігін ажыратып жіберуі де ықтимал. Бірақ заман өзгерсе де иманы мен ибасын жоғалтпаған жандар қаншама. Олардың айнымас азаматтығы ақ мәрмәрдай алыстан жол нұсқайды. Соларға қарап пенделіктен аулақтағың келеді, өмірдің иянатынан қажымайсың. Тіпті тұтастай қоғам әлгіндей ақшуақ пейілділердің кішкентай жылт еткен жақсылығына бола лекерленіп тұрғандай көрінеді.

Сондай жаны жайсаң, парасаты биік кісінің бірі – Ерекең, кәдімгі «Егемендегі» Еркін Қыдыр.

Ерекеңнің бір кереметі – ешкімді жатсынбайды. Өзі іш тартып, бауыр болуға икемдеп тұрады. Жан-жағындағы жалпақ жұрттың бүгінгі сый-құрметін өзінің кішіпейілдігінен деп білемін.

Ал ұлтқа деген кіршіксіз адалдығы көкірегінен алау атып, елінің болашағына үнемі мазаң кепте жүргені. Оған талай сырласқан кездерде куә болдық.

«Шынайы интернационализм – қазақылық ұғым мен түйсік қанға әбден сіңгенде барып жүзеге асады. Сонда ғана ол мәңгі жасайды. Содан кейін барып күллі этностың мәдениеті мен дәстүріне, барлық наным-сенімге есік ашық.

Бұған жету үшін, ділі мен тілі жағынан уызынан жарығандарды мемлекеттік іске кеңінен тартқан дұрыс. Бар болса, кешегі Мұстафадай, Ахметтей ұландарымызды дәл бүгін қолдаудан тайынбаған жөн. Тек солар ғана қоғамды қажетті биоқабатпен қамтамасыз етеді.

Өкініштісі, көк жүзіне көк байрақты желбіреткен осы уақыт ішінде өзіміздің ұлттық кадрларымыздың армиясын қалыптастыра алмадық. Кадр, бұл – қасиеттінің қасиеттісі. Кадр барлығын шешеді. Өйткені барша жайтты мүддеміздің призмі арқылы өткізетін солар. Әрбір әрекет, міндетті түрде, қазаққа қандай зиян немесе қандай пайда әкеледі деген өлшем бойынша қаралуы тиіс. Тіпті ондай болмаған күннің өзінде, кез-келген қадамның арғы негізінде ұлы мұраттың көксеген нұсқасы сақталуы шарт.

Әттең, майталман мамандардың тапшылығынан құндылықтар кейде аяқасты қалады. Түптеп келгенде ұлттық мамандар бар, олар қасақана ескерілмейді, техникалық міндеттермен шектелетін атқарушы звенодан жоғары өспейді. 2009 жылғы биометриялық төлқұжаттан «ұлт» деген қажетті өлшемнің алынып тастауы – жанашырдың жоғынан. Білмей қалғандай немесе аңғырттық жасағандай кейіп танытқан өзге мүдденің жұрынға айналған кескінін аңдадық. Халық перзенттері атып орнынан тұрмағанда көзге көрінбейтін кемшілік кете барар еді.

Кеңес өкіметінің тұсында-ақ Грузияда біреуді мансапты қызметке тағайындарда оның орысша «мүкіс» сөйлейтіндігіне мән беріледі екен. Бұл талап, жазылмаған заң нормасы ретінде қалған. Сондықтан бүгінгінің кадры – ол біздің ертеңіміз. Кез-келген институт, әрбір кафедра, барлық зертхана, бұқаралық ақпараттық құралдар ұлттық кадрларды дайындайтын ұстаханаға айналуы тиіс.

Қазақтың ұлттық кадрларының қамын жеу біздің ғана ісіміз. Әрі барлық жоғары жалақы беретін, ықпалды да табысты лауазымдар – ұлттық табысымыз екенін есте ұстаған жөн. Осы көл-көсір несібе көлденең көк аттының қалтасына кетіп жатпасына кім кепіл? Және олар ұлттық мемлекеттің қаржысына тамаша өмір сүре отырып, көксегенімізді көктемей жатып баудай түсіруде. Мәселен, өзіміздің ұлттық компаниялардың ұлттық басылымдарды тендерлік қаражаттан қағуға қандай қақысы бар?

Егер ел мен ұлттың болашағы жайын ойламасақ, оған өзге ешкімнің басы ауырмайды. Күндердің-күні сәті түсіп қалар деп, құрғақ пайыммен өмір сүру – қате. Керенаулықтан, жайбасарлығымыздан уақыттың доңғалағын ниеті бұзықтар мүддемізге кері айналдырып жіберуі ықтимал».

Уыттылау уәжден келешекте иман­дылықпен біте қайнасқан идеология керектігін сезінесің. Ерекеңнің байламы – бәтуәлі байлам. Нендей істе де табандылығымен танылған ол «жеңіс – өмір үшін, ал өмір – жеңіске жету үшін керек» деген қағиданы берік ұстанған. Расында да өмір жоқ болса, жеңіске ұмтылуда қаншалықты мән болмақ? Ал, Қазақ халқының өмірі алда, тек толайым жеңістерге жете бергені жөн.

Тонның ішкі бауындай араласқан ағамыздың әкесі Сағындық ақсақалдың аузынан ұлағатты сөз естіп, жаулығы қарқарадай анасы Тазагүл шешейдің қолынан ықыласқа толы шәй іштік. Ашық мінезді, жарқын жүзді адамдар. Кездескен сайын құрақ ұшып, тек өбектеген қалпын көресің.

Ата-ананың осы бір асыл қасиетін бойына сіңірген Ерекең, өмірде таусылмас қазынаға кенелді. Ол қазына – айнымас достары, жора-жолдастары. Әрқайсысын төресіндей сыйлап, төбесіне көтереді. Оның дархан көңілі мен ақжарылқап ниетін білетін дос-жарандары қашан да Ерекеңнің үйінде. Үнемі жанында қолдап-қоршап жүреді.

Несібесін журналистік саладан теріп жеген ол іздеген жоғын тапты. Тынымсыз еңбегі мен шығармашылығының арқасында кәнігі қаламгерге айналды. Бүкіл саналы ғұмырын арнай отырып жазған ел мен жердің қамы жөніндегі соқталы дүниелері ескерусіз қалмады, Елбасының сыйлығына ие болды.

Өмірдегі табандылығы мен төзім­ділігі опалы Отырардың, қайсар да жау­жү­рек Қайырханның рухынан алаңсыз сусындағандығынан шығар. Кіндігінің қаны тамған топырақ – перзентін қанаттандыратыны, қиялына қиял қосып, бойына қажыр бітіретіні қақ.

Осы асқақ сезім киелі туған жердің қасиетін тани түсуге құшырландырып, ынтық ететіні кәміл. Ерекең де сондай толғаныстың нәтижесінде көркем-суретті әрі тарихи дерегі мен мазмұны бай «Отырар» кітабын оқырманға ұсынды. Бұл дүниесі зиялы ортаны бей-жай қалдыра алмады. Себебі тұтастай төл тарихымыз, халықтық нақыш, ұлт мұраты бәрі тізіліп көз алдыңда тұр. Бұлай болмасқа Ерекеңнің әддісі де жоқ, өйткені ол халық перзенттері Қайырхан… Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Шаханов тәрізді тұлғалар туған мекенде дүние есігін ашқан. Олардың айқын мақсаты, батыл қадамы есті ұрпақтың өкілін бей-жай тастамақ емес. Сондықтан ұлт мүддесін көздеген азаматты асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы десек әбден орынды.

Еркін Қыдыр ден қойғанында бойына құдай берген интеллектуалдық әлеуеттің негізінде үлкен жазушы да болар еді. Бірақ, уақыт пен заманның талабы ықтияр бермеді. Есесіне іскерлігі алға озды. Орнында отырып он, түзге шықса жүз адамның тілін таба алды. Ат аунап үлгергенше кез-келген күрделі істің кілтипанын шешеді.

Солай бола тұра көзге түсіп, алға суырылып шығуға Ерекеңнің құлқы жоқ. Тіпті соншама істің жігін жатқыза білгенде, өзін танытуға, насихаттауға келгенде ыңғайы және жоқ. Аты ауызға ілігіп, дақпырты шығып жатса, ол – әлдекімдер тәрізденіп арнайы ұйымдастырылған шараның нәтижесі емес. Сүйінген елінің, жұртының ризашылығынан айтылған алғыс сөз деп ұғамыз.

Арамызда бір-екі жас қана айырмашылық болғанымен Ерекең үнемі үлкендігін танытып жүреді. «Үлкендігін танытқанда» тек қана ілтипат, ізет білдіріп отырады. Ондай адамға еріксіз ықыласың ауатыны рас. Жалпы, менің пайымым бойынша, Адамзат баласы азса – үлкендігін жоғалтқан кезден аза бастай ма деп ойлаймын.

Оның үнемі өрелі ісін көріп, алдындағы ағаларына да, соңындағы біздерге де қалт жібермей үйренетін ғибрат екенін іштей түйсінемін.

Осыдан бірер жыл бұрын Ерекең «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағын алды. Содан бері келіндері «Қайраткер қайнаға» дейтін болды. Бұл да ешкімге ұқсамайтын өзіндік келбетінің бір көрінісі.

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары